ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ АЙТАРЫ БАР
Ауыт МҰҚИБЕК: – Шетелде туған қазақпын. Қытай Халық Республикасында дүниеге келгенмін. Атажұртқа келгеніме 22 жыл болды. Қазақстанның саяси өміріне белсене араласып жүрген азаматпын деп есептеймін өзімді. Көтеріп жүрген бағытым – әлеуметтік сала. Шеттен келген қандастар, Елбасының көші-қон саясатын қозғап жүрмін. 2011 жылдан бастап осы салаға қатысты мәселелерге араластым. Себебі көші-қон саясаты ең шулы сала. Шеттен келген қандастарымыздың құжат, азаматтық алуы, орналасуында көптеген қиындық болды. Сондықтан 2015 жылдан бастап жеке тұлға ретінде Мәжілістегі жұмыс тобына қатысып келемін. Заң талқылауда өз ұсыныстарымды беремін. Соның нәтижесінде үш рет қатыстым. «Халықтың көші-қоны туралы» заңға түбегейлі өзгеріс енді деуге болады. Менің праймеризге қатысудағы мақсатым екеу-ақ. Біреуі сол Мәжілістегі жұмыс тобында үйренген тәжірибеммен тек көші-қонға қатысты заңдармен шектелмей, басқа да заңдарға өзгерістер енгізу. Өйткені көші-қон заңында бар кінәраттар өзге заңдарда да кездеседі. Екінші, көші-қон саясаты – үлкен саясат. Оны еліміздің демографиясы мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты саясат деп есептеймін. Сапура ТӨЛЕКОВА: – «Nur Otan» партиясының праймеризіне өзімді-өзім ұсынушымын. Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектеп-лицейдің директорымын. Соңғы кездердегі білім саласына қойылып жатқан талаптарға сәйкес мүмкіндігінше түрлі реформаға өз үлесімді қосып келемін. Праймеризге ұсынып отырған бағдарламам жаңадан жасалған, праймериз кезеңінде ғана пайда болған мақсат емес, бұл – менің өмірлік ұстанымым, педагогикалық немесе адами миссиям. Төрт бағытты қамтып отырмын. Бірінші – ұлттық мектеп моделі. Ұлттық мектеп деген оның іші-сыртын оюлап, күй ойнатып қою емес. Мұны материалдық емес, мазмұндық тұрғыдан қарастыруымыз керек. Ұлттық мектеп үшін ең бірінші кезекте құзыретті педагог керек. Одан кейінгі мәселе қазақстандық білімнің брендке айналуы үшін білім мен тәрбие біртұтас болуы керек. Ал біз әлі күнге екеуін бөліп қарастырып жүрміз. Екінші бағытым «EQ+IQ= шексіз жетістік» деп аталады. Біз қоғамда интеллекті жоғары бола тұра, эмоционалдық, психологиялық немесе ішкі мотивациялық жағынан қандай да бір кемшіліктері болғандықтан, жетістікке жете алмайтын, кедергіге тап болатын адамдарды кездестіреміз. Сондықтан жан мен тәнді, интеллектіні бірге дамыту жөнінде біраз ұсынысым бар. Үшінші бағыт «Бақытты балалық» деп аталады. Балалар бақытты болу үшін отбасы институтының рөлі артуы керек. Одан соң аналар баласымен ұзақ уақыт бірге болуы тиіс. Аналардың кешкі 8-9-ға дейін жұмыс істеуінің өзі ауыр жұмыстағысы болсын, кеңсе қызметіндегі аналар болсын, өзекті мәселе. Төртінші бағыт – сапалы өмір. Бұл алдыңғы үш бағыт орындалған кезде өздігінен жүзеге асады. Расул МЕДЕТОВ: – Жалпы, университет бітіргелі бері 11 жыл мемлекеттік қызметте түрлі салада қызмет істеп келемін. Соның ішінде 6 өңірде еңбек еттім. Соның нәтижесінде алдыма бірнеше мақсат қойып отырмын. Біріншісі – демографиялық жағдай. Өз басым аналарға бала туудан кейін берілетін жәрдемақыны сәби үш жасқа келгенше беру мәселесін көтермекпін. Екіншіден, тұрғын үй мәселесі. Қазіргі үгіт-насихат кезінде бұқарамен кездесу барысында бұл мәселенің өзекті екені байқалады. Әрине, біз нарықтық қатынасқа көшкендіктен, мемлекет тарапынан тегін үй беру тоқтатылды. Ол мемлекет үшін тиімсіз. Алайда әлеуметтік әлсіз жандарға, жас отбасыларға жатақханалар неге салмасқа?! Ондай тәжірибе астанамызда бар. Одан кейінгі мәселе – ашықтық және қолжетімділік. Жалпы, депутат деген – халықтың өкілі ғой. Өкінішке қарай, кейбір депутаттар сайлау қарсаңында келіп, дауыс берілген соң жүзін көрсетпей кететіні жайлы халық жиі сын айтатынын байқадым. Сондықтан өз басым қазір мейлінше ашық болуды құп көрдім. Одан кейінгі тағы бір мәселе – қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, орта таптың аздығы. Жұмысшы азаматтардың жалақысын көтеру мәселесін алға тартып отырмын. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықты азайту үшін бірқатар заң мен норманы өзгерту үшін үлесімді қосқым келеді. Рахат ЖАҚСЫБАЙ: – Бірінші кезекте осындай пікірталас ұйымдастырған, басқаша форматта ой-пікірімізді жеткізуге мүмкіндік берген «Айқын» газеті редакциясына алғыс білдіремін. Қазір ұлттық спорт бағытында жұмыс істеймін. Бұл – біздің дәстүріміз бен мәдениетіміздің, салауатты өмір салтының бір бөлігі. Айрықша атап өтетін бірнеше мәселе бар. Алдымен әлемдік пандемия көп дүниені өзгертті. Сондықтан бірінші кезекте денсаулық сақтау мәселесі өзекті болып тұр. Өзіміз бетперде кигенімізбен, қоғамдағы көп саланың пердесі түрілді. Сол себепті денсаулық дегенде бұқаралық спорт жағына назар аударғым келеді. Өйткені ауырмайтын жол іздеу бірінші кезекте тұруы тиіс. Президент айтқандай, кәсіби спорт емес, әуесқой дене тәрбиесімен айналысатын адамдар санын көбейту керек. Ол үшін бұқаралық спорт қажет бізге. Оған алып кешендер, залдар қажет емес, керісінше шағын алаңқайлар, жүгіретін, велосипедпен жүретін жол тәрізді мүмкіндіктер бірінші орынға шығуы тиіс. Екінші – білім саласы. Бұл салаға қатысты партияластар көп ұсыныс айтып жүр. 2021 жылдан бастап педагогтердің жалақысы көтерілетін болды. Өз басым бұған қосымша қолдау керек деп білемін. Бұл спорт залдарына қосымша жеңілдіктер болуы мүмкін немесе мектептерде оқушыларды тегін тамақтандыратынымыздай пилоттық жоба ретінде қалада мұғалімдерге бір мезгіл тегін тамақ беруді ұйымдастырып көруге болады. Өйткені мұғалімдердің көп уақыты мектепте өтеді. Мұны ескеру керек.«АЙҚЫННЫҢ» САУАЛДАРЫ АСТАНА ЖАЙЛЫ
Пікір алмасу кезінде редакция «Nur Otan» партиясының астаналық филиалы әзірлеген сайлауалды бағдарламадағы ТОП-10 мәселе негізінде сауал әзірледі. Атап айтқанда, ең алдымен қаладағы көлік кептелісін қалай жоюға болатыны жайлы сұрадық. Ауыт МҰҚИБЕК: – Елордада шешілмеген мәселелердің әлі де бар екенін білеміз. Қателеспесем, 2007 жылы астананың мәртебесі жайында заң қабылданған. Заңда қала мәртебесі, әкімнің міндеттері мен құзыреті тәрізді бірқатар мәселе қарастырылған. Өз басым заң орындалып жатыр деп есептеймін. Бірақ қала құрылысы кезінде қателіктер кеткен болуы керек. Көшелердің тар болып қалғаны рас. Алайда салынған дүниені қайта бұза алмаймыз. Дегенмен туындаған мәселелерді шешу үшін бірқатар шараның қабылданғаны керек. Айталық, жеңіл автокөліктерді барынша азайтқан дұрыс. Велосипедпен, скутермен жүруге ыңғайлы жағдай жасаған дұрыс. Әрине, бұл жерде климат жағдайы ескерілері сөзсіз. Екіншіден, елордада ғана емес, барлық ірі қалада экология мәселесі бар. Сондықтан жанармаймен жүретін көліктерді азайтуға барымызды салғанымыз дұрыс. Рахат ЖАҚСЫБАЙ: – Әлемдегі көптеген қалада кептеліс мәселесін шешу үшін қалаға кіретін көліктерді шектеу тәрізді радикалды қадамдар жасалған. Бірақ мұндай шешімдер қабылдауға халық дайын ба деген мәселені ескеру керек. Өйткені климатты, басқа да шарттарды айтпағанның өзінде астанада қоғамдық көліктен гөрі өз көлігіңмен жүрген ыңғайлы. Сондықтан бұл жерде қоғамдық көлікті тартымды қылу ғана басты шешім болуы тиіс. Өйткені радикал шешімдер, атап айтқанда Евро-4, Евро-5 тәрізді стандарттарды қабылдап, бұл талапқа сай келмейтін көліктерді қалаға кіргізбейік десек, мұндағы автомобильдердің тең жартысына рұқсат берілмеуі керек. Себебі біздің азаматтар мінетін көліктердің басым көпшілігі 7 жылдық мерзімнен асып кеткен. Ал мұндай радикалды қадамдарға барсақ, қосымша әлеуметтік мәселелер туындауы мүмкін. Шетелдерде кішкентай көшелердің өзінде кептеліс аз болатыны жүргізуші мәдениетіне байланысты. Сондықтан жүргізуші мәдениетін көтеруге көңіл бөлген дұрыс. Бұл істе ақпараттық насихат айрықша рөл атқарады. Сапура ТӨЛЕКОВА: – Қоғамда қандай кемшілік болса, соған білім саласының ықпалы бар, қоғамда не жетіспей жатса, мектепке сондай пән енгізу керек деген ұсыныстардың жиі айтылатыны сонша, біз оларды жаттап алдық. Күле қараймыз. Бір мысал келтірейін, соңғы үш жылда қаладағы Мәңгілік ел даңғылы мен Түркістан көшесінің арасындағы кептеліске сол аймақтағы үш мектеп «кінәлі» деген «үкім» шыққан. Бірнеше жиында айтылды да. Бірақ қазір пандемияға байланысты оқушылар сабаққа көп келіп жатқан жоқ. Сөйте тұра, әлгі кептеліс жойылмады. Дегенмен бірнеше жыл бұрын әр азамат өз баласын өзінің тұрғылықты жеріндегі мектепте оқытуы тиіс деген талап алынып тасталды да, ата-аналар балаларын шет аймақтардан қала орталығындағы гимназияларға, лицейлерге тасыды. Себебі тұрғындар балаларға қосымша білім бергісі келеді, дамытуды көздейді. Ол үшін шет аймақтардағы спорт кешендері, қосымша білім беретін орталықтары қаладағыдай болуы керек. Сонда ғана шет аймақтан қала ортасына қарай ағылуға мәжбүрлік болмас еді. Кептеліс мәселесінің айтылып жүргеніне көп болды. Бұған дейін де болған, қазір де бар. Мұның бәрі әріптестер айтқандай, қаланың жоспарындағы қателіктердің зардабы. Өз басым шағын аудандарды жоспарлаған кезде бас жоспарға өзгеріс енгізуге болады деп ойлаймын. Қажет кезінде Конституцияға да өзгеріс енгіземіз ғой, сол сияқты қаланың бас жоспарына да өзгеріс жасалуы керек. Ал жоспардағы қателік мемлекет қаржысын екі рет шашу деп білемін. Мәселен, тамыз айынан бастап Мәңгілік ел даңғылында жолдың ортасындағы бөлігін алып жатыр. Әу баста соны жоспарлағанда ортаңғы бөлігін қалдырмай-ақ қоюға болар еді. Енді екі жұмыс, екі рет қаржы шашу болып тұр. Сондықтан тиісті мекемелердің жауапкершілігі бірінші орында тұр. Екіншіден, халықтың мәдениеті маңызды. Мәдениетті қоғам құра алсақ, көп мәселе шешіледі. Айталық, қоғамдық көліктерде жеке көліктен де комфорт жағдай жасалып, олар уақытымен жүріп тұрса, елдің бәріне сол ыңғайлы болар еді. Расул МЕДЕТОВ: – Қалаларда теміржол орналасқан аудандарда кептеліс көп болады. Өйткені пойыз жүргенде шлагбаум жабылады да, көліктер күтіп тұрып қалады. Мәселен, біздің Байқоңыр ауданында сондай орын өте көп. Сондықтан ондай жерлерге арнайы көпірлер салу керек. Сонда кептелістің бір мәселесі шешіледі. Екіншіден, кептелістерді жою үшін қоғамдық көліктер санын көбейту керек. Шетелдерде солай. Оларда қоғамдық көлік дәл уақытында келеді әрі жиі жүреді. Біздегідей лық толы болмайды. Сондықтан бұл тәжірибе бізге де керек. Астанамызда қоғамдық көліктерді көбейтуді сұраған азаматтар көп. Автопарк қызметкерлері де сондай өтініш айтты. Тұрғындардың да өтініштері солай. Айталық, қаланың шет аймақтарының тұрғындары автобустарды жарты сағат, бір сағатқа дейін күтіп тұратынын айтады. Редакцияның келесі сұрағы шет аймақ мәселесін қамтыды. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласы ғана емес, еліміздегі кез келген ірі қаланың төңірегінде дамуы кенжелеген аудандар бар. Олар болашақта «жатаққа» айналуы да ықтимал. Үміткерлердің бұл мәселеге қатысты көзқарастарын қысқартып ұсынамыз. Расул МЕДЕТОВ: – Өкінішке қарай, шет аймақтарда қылмыс деңгейі қала орталығына қарағанда жоғары болып келеді. Өйткені шет аймақтарда скверлер, саябақтар тым аз. Спорттық кешендер жоқ деуге де болады. Сондықтан қалалық бюджеттен қаржы бөлінгенде аудандарға пропорционалды түрде бөлінуіне назар аударылуы керек. Рахат ЖАҚСЫБАЙ: – Қателеспесем, елордада 24 мың оқушыға орын жетпейді. Астанамыздың өзінде үш ауысымды 8 мектеп бар. Бас қаланың өзінде жағдай осындай болғанда, аймақтарды ойлай беріңіз. Үш ауысымды түгілі, екі ауысымды мектептердің өзі халықаралық стандарт бойынша құпталмайды. Батыстық білім беру жүйесінде бала таңертең мектепке кетеді де, түстен кейін қосымшаларға қатысып, сабағын түгел оқып, күндізгі 3-те үйіне қайтады. Сондықтан аудан бюджеттеріне мұқият көңіл бөлу керек. Шет аймақтарда жатақтар немесе қосымша конгломерат қалыптаспауы үшін мұны ескеру қажет. Меніңше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қаланың шет аймақтарына түрлі нысан салуға әбден мүмкін. Сөйтіп, аймақтардың дамуына серпін беруге болады.БІР САРЫНДЫ САЯСИ ӨМІР, ЖЕМҚОРЛЫҚ, КІТАПХАНА...
Әдетте ресми дебатқа қатысушылар бір-біріне де сауал қойып жатады. Сол дәстүрден аттамау үшін праймеризге қатысушылардың өзара сұрақ-жауап алмасуына мүмкіндік жасалды. Ауыт МҰҚИБЕК: – Расул мырза, сізге бір сауалым бар. Жемқорлықтың зардабын тартып отырған елміз. Мұны қайтсек тыя аламыз? Расул МЕДЕТОВ: – Жалпы, жемқорлықты ауыздықтау үшін бірқатар жаңа бастама қолға алынды. Былтырдан бері қоластындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты екені анықталса, бірінші басшылар да жауапкершілік арқалайтын болған. Күні бүгінге дейін бірнеше облыс әкімінің орынбасары қызметтен кетті. Алдағы уақытта құқық қорғау органдары қызметкерлері сыбайлас жемқорлықпен айналысса, олардың жазасы өзгелерге қарағанда ауыр болуы керек деген пікірдемін. Өйткені құқық қорғаушылар азаматтардың бостандықтары мен құқын қорғауы керек, егер олар өздері сыбайластыққа барса, оларға жаза ауыр болуы тиіс. Екіншіден, халықтық декларация керек. Өйткені халық көп сын айтады. «Белгілі бір мемлекеттік қызметшінің қымбат көлігі, зәулім үйі бар екенін, шетелге баратынын біле тұра, оларды неге ұстамайсыздар? Олар қаражатты қайдан тауып жатыр?» деп сұрайды. Өкінішке қарай, шетелдегідей заңсыз баюды анықтайтын институт бізде жетіспей тұр. Шет елдерде бір адам қаржыны, мүлікті қайдан алғанын дәлелдей алмаса, жауапкершілікке тартылып, мүлкі тәркіленеді. Біз де осы институт пен жалпыхалықтық декларацияны енгізсек, сыбайластық арқылы байыған мемлекеттік қызметшілер туыстарының атына жазып қойған мүліктерді жариялайды, әйтпесе оларды қолдана алмайды. Сонымен қатар келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге, депутаттар мен судьяларға шетелдік банктерде есепшот ашуға тыйым салынады. Осындай шаралар арқылы жемқорлықты азайтамыз. Бірақ мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру керек. Өйткені арзан мемлекеттік аппарат халық үшін қымбатқа түседі. Сапура ТӨЛЕКОВА: – Осында отырған әріптестерге қояр сұрағым жоқ, тілегім бар. Праймеризге қатысушылардың арасынан жақсы леп көріп жүрмін. Амбициясы бар, өзекті мәселелерді көтеріп жүрген жастар бар. Өзім өтпесем өтпей-ақ қояйын, осы жастар өтсе деп тілеймін. Себебі мәслихатта да, Мәжілісте де құрам жаңаруы керек. Өйткені бір сарында, портфелін біреу көтеріп жүретін, он бес көмекшісі бар депутаттарды көріп жүрмін. Сондықтан праймеризге үміткер ретінде қатысып, он шақты көмекші ертіп алғандар емес, осы күнге дейін нақты іс атқарғандар алға шықса. Осы отырған азаматтарды редакция әлеуметтік желідегі сауалнама арқылы таңдады. Демек, олардың таңдалуы бекер емес, себебі әлеумет қолдап отыр. Баршаңызға тілекшімін! Рахат ЖАҚСЫБАЙ: – Бір оқиғаға қатысты пікірлеріңізді білсем. Елімізде 10-15 пайызға мемлекеттік қызметшілерді қысқарту мәселесі көтеріліп жатыр. Жуырда қаламызда даулы әңгіме қозғалды. Кітапханаларды қысқартуға байланысты. Оңтайландыру кітапханаларды қамту керек пе, әлде ұсыныс айтқан азамат ойын дұрыс жеткізе алмады ма? Сапура ТӨЛЕКОВА: –Балаларды кітапханаға баруға, адамдарды кітапты парақтап оқуға шақыра алмай отырғанда, кітапхана арқылы қаржы үнемдейміз дегенге өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Бірақ кітапханалардың жұмысын жандандырып, есепке, кабинетті жауып алып отыруға құрылған қызмет формасы өзгеруі керек шығар. Сонда халық басқаша ойлайды. Тіпті, өз басым академиялық кітапханаға барғанда сондағы бюрократиядан шаршап кетемін. Сондықтан кітапхана жұмысын жандандыруды қолдаймын. Бірақ кітапханаларды жауып қаржы үнемдеуге қарсымын. Әрі қаржы үнемдеу үшін әр адам өзі жауапты қызмет пен атқаратын жұмысын сапалы орындауы керек. Ауыт МҰҚИБЕК: – Өзім кітапханада жұмыс істедім. Біраз кітапханалардың жағдайын білемін. Ол – ғылым ордасы. Бірақ біздегі кітапханалар шоуға көп бейім. Түрлі шара өткізеді де жатады. Анау азаматтың кеші, мынау кітаптың тұсаукесері деп күнде жиналады, БАҚ өкілдері қаптайды да жүреді. Осының бәрін доғарып, адамдардың кітап оқуына мүмкіндік жасауы керек. Расул МЕДЕТОВ: – Кітапханаларды мүмкіндік болса, қысқартпаған дұрыс. Әр ауданда, шағын аудандарда кітапхананың болғаны дұрыс. P.S.Әлбетте, пікір алмасу кезінде әлеуметтік желілер арқылы оқырмандардан келген сауалдарды да праймеризге қатысушыларға қойдық. Оқырмандарды елордадағы LRT құрылысы, көлік кептелісі тәрізді мәселелер мазалайтынын байқадық. Сонымен қатар «праймеризге қатысу үшін ғана әлеуметтік мәселелерді көтеру қажет пе?» деген сауал қойғандар да болды. Біз өз тарапымыздан «праймеризден соң осы белсенділіктеріңіз жалғаса ма?» деп сұрадық. Қатысушылар бірауыздан праймериз кезінде бастаған істері мен қоғамдық жұмыстарын одан әрі жалғастыратынын жеткізді. Бірақ бір сағаттан астам уақытқа созылған пікір алмасуды газет бетіне толық сыйғызу мүмкін емес. Сол себепті қысқартуға мәжбүр болдық. Кездесудің толық видеосын «Айқын» газетінің Facebook парақшасынан көруге мүмкіндіктеріңіз бар.
Дайындаған Амангелді ҚҰРМЕТ