Көлге ағып кеткен 4 адамды құтқарып қалған балықшы
Көлге ағып кеткен 4 адамды құтқарып қалған балықшы
Фото: Дереккөзден алынды
427
оқылды

Үйіне келгенде ауылдастары онымен жылап көрісті. Ал өзі бірден есін жия алмаған еді. Осы оқиғадан кейін өмірге келген қызының атын Қуаныш қойды. Ол қазір де балық аулап жүр. Өйткені отбасын асырау керек. Балықшы Turkistan газетіне сұқбат берді. Түсінікті болу үшін басынан бастайық.

«Олардың ағып кеткеніне бір сағаттан асып кетті. Қайда барасың? Қайт!»

Балқаш көлінің маңайында Көпбірлік деген ауыл бар. Көл жағасында орналасқан ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – балық аулау. Ауа райы қолайсыз, көлдің бетіне мұз қатпаған күні ауылдың төрт тұрғыны балық аулауға шығып кетті. Бұл 2007 жылдың желтоқсан айы еді.  width= Манарбек Секенай есімді азаматпен ауылдан отыз шақырым жерде көл жағасында орналасқан Байсейіт учаскесіне барып, балық ауламақшы болады. Ол жақта бұрынғы совхоз кезінде салынған балықшылар үйі бар. Мұнда ешкім тұрмайды, тек балық аулауға барғандар сонда тұрақтайтын. Жаңағы төрт азаматпен осы жерде жолыққан. Ауылдың тумасы болса да, екеуі қалада тұрады. Көріспегелі біраз уақыт болған соң, олармен әңгіме-дүкен құрып біраз отырады. Негізі, балықшылар балық аулауға шықпас бұрын, ең алдымен мұздың қалыңдығын тексеретіні белгілі. Өлшеген кезде 4 см екенін білген Манарбек «Әлі жұқа екен ғой, бүгін немесе ертең балық ауламау керек» дейді де, ауылға қайтар жол ұзақ болған соң, сол жерге қонады. Манарбектің сөзіне құлақ асқысы келмеді ме екен, қасындағылары түнде әңгіме барысында «ертең балыққа шыға берейік» дейді. Оларға балық аулауға әлі ерте екенін ескертеді. Таң атқанда серігі Секенаймен бірге ауылға қайтады. Ал балықшылар сол жерде қалады. Шығып бара жатып, оларға «Балыққа шықпаңдар!» деп тағы да ескерткен болатын. Алайда балық аулап, нәпақасын тауып жүргендер оның тілін алмады.

«Ауылға жақын қалғанда кенеттен ауа райы бұзылды. Балықшылардың үрейін қашыратын бір жел бар, мұны балықшылар өз арасында «Қырдың желі» деп атап кеткен. Бала кезімізде әкелеріміз «Егер қырдың желі соқса, мұны балықшыларға қауіп төндіретін жел деп түсіну керек» дегенді жиі айтатын. Бірдеңені сезгендей болып, көлікті орта жолдан тоқтатып «Қайтсек екен, а? Қырдан жел соққанын олар біле қойса жақсы ғой, мұзға шығып кетсе не болады?» деп ойланып едім, жүрегімнің тарсылы бір белгі бергендей болды. Артқа бұрылып, Байсейіттің жағалауына қайтып келіп, теңізге қарасам, ірі-ірі мұз кесектері бөлініп, көлдің бетінде ағып бара жатыр екен. Сосын бір төбеге жүгіріп шығып бар дауысыммен «Жігіттер, қайдасыңдар?» деп айқайласам, ешкім үн қатпайды. Сосын кеше біз тоқтаған үйге кіріп шықсам, мұнда да адам баласы жоқ. Сыртқа шықсам, төрт адамның және шананың ізі жатыр. Сол іздермен жағалау жаққа ақырындап жүріп отырып, мұз бөлінген қиыққа тап болдым», – деп еске алады балықшы.

Иә, олар көлдің үстіне жаяу шыққан. Сол кезде көл бетінде қатқан мұз морт сынып, желдің күшімен ағып кетеді. Мұны түсінген Манарбек «Қайтсем де, оларды құтқаруым керек!» деп, балықшылардың сол жерге тастап кеткен қайықтарын іздейді. Секенай екеуі қырда жатқан бір қайықты тауып, бір жарым метр арқан алып, қайықты сүйреген күйі суға түсіреді. Сол мезетте Байсейіттің арғы тұсында балық аулап жүрген басқа жігіттер «Олардың ағып кеткеніне бір сағаттан асып кетті, Қайда барасың? Қайт!» деп сөйлеп жатқан еді.

«Сүйегімізді тауып алсын деп, ағашқа өзімізді байлайын деп  жатыр едік»

Ал Манарбектің бар ойы қалайда әлгі төртеуін тауып, қайықпен осында әкелу болатын. Осылайша, қырда қалған Секенайға: «Ауылға сәлем айт...» дейді де, қайыққа мінеді. Ескекті есе бергенде бір сабы екіге бөлініп, жартысы суға ағып кетеді. Осыдан кейін қайықты бір ескекпен жүргізе отырып көлдің ортасына қарай бет алды. Біле білсеңіз, Балқаштың терең жағы қыстыгүні көпке дейін қатпайды, қалқыған мұздың бәрі ортасына қарай ағып барады. Екі-үш сағат ескеннен кейін, балықшыға алыстан қарайып бірдеңе көрінгендей болды. Бұл мұз үстінде ағып бара жатқан әлгі төртеуі болатын. Оларға қайықпен жету қиын еді.  Осыны білген Манарбек: «Ары қарай бара алмаймын, өздерің бірдеңе қылып жетіңдер!» деп айқайлайды. Олар мұны есітіп, мұздарды айналып өту үшін, бірі суға түсіп, бірі мұзды ұстап тұрып, ақыры қайыққа келіп отырады. Төртеуінің қуанышында шек болмады. Өйткені бұл кезде олардың үміті үзіле бастаған еді. Ішіндегі ең үлкені Берікбай деген кісі болатын. «Не болса да, сүйегімізді тауып алсын деп, ағашқа өзімізді байлағалы жатыр едік. Бірақ сенің келетініңді сезгенмін, бауырым» деп қуанады. Қайықта басы қосылғандар өзара қуанышқа бөленді, бірақ алда не күтіп тұрғаны беймәлім еді.  width=     Азапты сәттер енді басталғандай. Дауыл тұра бастады. Мұның әсерінен толқын да тулап, олардың мазасын алды. Қайыққа су кіріп, әбден әуреге салды. Төртеудің өздерімен бірге ала шыққан күрегі бар екен, соның сабынан екінші ескек жасап алып, кезекпен есе бастады. Сөйтіп, ауыл жаққа барар жолды таба алмай жүргенде кеш те батты. Қараңғыда бағытынан жаңылған балықшылар көлдің басқа бір бетіне қарай ағып кетті. Көл бетіндегі толқын қайықты төңкерердей тулады. Толқынмен көтерілген су қайықты шайып жатты. Күн суық. Балықшылардың киімдеріндегі су мұзға айнала бастады. Суық сүйектен өтіп бара жатса да, Манарбек: «Міне келдік, жігіттер, жақын қалдық, қимылдайық» деп желпіндіріп отырды. Алайда олар ешқандай қырға келмеген еді. Керісінше, көлдің терең тұсына келіп қалған. Мұны Манарбек білгенмен, қасындағыларға айтпады.  width=

«Қорқыныштан адамға неше түрлі ой келеді ғой. Сондай ой санамды жаулап алмасын деп, қасымдағыларға «Енді сен ес, анау шаршады. Жоқ, сен демала тұр» деп кезек-кезекпен нұсқау беріп отырдым. Сөйтіп келе жатқанда түннің бір уағында ағып бара жатқан үлкен мұзға тіреліп, қайығымыз жүрмей қалды. Қайық алюминийден жасалғандықтан, түбі тесіліп кете ме деп тағы қорықтым. Қайықты мұздан суға түсіреміз деп алысып жатқанда, қасымыздағы бір азамат суға құлап кетті. Әлгі жігіттің көретін жарығы бар екен, көтерілген толқынның күшімен біздің қайықтың қасына қайта ұшып түсіп, қайыққа қайта мінді. Сөйтіп, мұздан құтылдық-ау деп жатқанда, тулаған толқынға тап болдық. Толқын шайған сайын, қайықтың іші суға толып қалады. Содан жігіттерге «аяқтарыңдағы резеңке етіктеріңді шешіп, суды сол арқылы сыртқа төгіңдер» дедім. Қараңғыда бір-бірімізді көрмейміз, оның үстіне өзім артқы жағында отырған соң, олардың не істеп жатқанын білмеймін. Сөйтіп, етікпен қайыққа кірген суды төктік. Алайда суды қашанға дейін төгесің, анадай толқыннан бәрібір су жиналады. Сөйтіп, келе жатқанда көлдің бетінде ағып бара жатқан тағы бір үлкен мұзға тап болдық», – дейді ол.

Бұл тағы да әуреге салды. «Бір аяғымызды қайыққа, бір аяғымызды мұздың үстіне салып, бұл мұздан жеңіл өтейік» дегенмен, ешкім қайықтан шыққысы келмеді. Осыдан кейін Манарбек өзімен бірге ала келген бір жарым метр арқанды қайықтың тұмсығына байлап, мұздың үстіне шығып, төртеуі отырған қайықты бір өзі сүйрей бастады. Басқа амал жоқ. Өйткені тағы тұрып қалса, қайықтың түбі тесілетін еді. Тайғанақ мұзда жеңіл қозғалатын қайықты мұздың шетіне дейін сүйреп келіп, суға түскенде ғана айналасына қарады. Жан-жағы қара түнек, аспанды бұлт торлаған. Қорқынышты көрініс еді. Бірақ көңілін түсірмеу керек болды. Өйткені бұл қасындағыларға әсер етеді. «Жігіттер, келіп қалдық, жақын қалдық, шыдаңдар енді» дейді ештеңе білдірмей. Олар да мұны тыңдағаннан шаршаса керек, оның үстіне, мұндай жағдайда кімнің де болса жүйкесі сыр береді ғой. Бір кезде олар «Сен бізді дұрыс бағытта алып бара жатқан жоқсың, ауыл мына жақта қалды. Сенің бағытың емес. Біз қайда, ауыл қайда?» деп ашуланып, реніш білдіре бастады. Сосын жоғарыда айтқан Берікбай аға «Тыныш отырыңдар, бір адамды ғана тыңдайық, барлығымыз жан-жақтан шуласақ, не болады?» деп оларды сабасына түсірді. Оларды да түсінуге болады. Адамға жан беру оңай ма?! Ақырында ашумен емес, ақылмен жол табуға тырысқан олар қайықты кезекпен тоқтамай есті. Манарбек жол бойы қалтасындағы бәкіні жіпке байлап, көлдің тереңдігін өлшеп отырады. Негізі, балықшылар метрлеп емес, құлашпен өлшейді. Бір құлаш екі метрге тең, осылайша әлі де терең жерде жүргенін ұғынып, жел беттеген жаққа есе берді. Ертесіне сағат кешкі бестер шамасында алыстан қарайған бірдеңе көрінді. «Әне, қыр! Қырды қараңдар!» деп қуанышы қойнына сыймай айқай салған олар бір түн, бір күн өткен соң әрең дегенде  қырға жетті.

«Сен секілді азамат болғанда, менің балам тірі жүрер еді»

Қырға шыққан бойда біресе жерді, біресе бір-бірін құшақтаған балықшылар аман қалғанын біліп, көз жасқа ерік берді. Енді қайда барады? Теңізді бойлай отырып, бір балықшының үйіне тап болды. Сол жердегі балықшылар ажал аузынан әрең аман қалған бұларды УАЗ автокөлігімен үйлеріне әкеліп тастады. Келгесін бүкіл ауыл адамдары үйіне жиналып, жылап көрісті. Ертесіне ауылдағылар ұйықтап жатқан жерінен оятып алып, мейірімін төгіп жатыр, жанынан шығар емес. Ал Манарбектің есінде қалғаны Әділбек ағаның сөзі. Баласы әскерден келген бойда көлге балық аулаймын деп барып, суға кетіп қалған. Балықшыны құшақтап: «Сен секілді азамат болғанда менің балам қазір тірі жүрер еді» деп дауыстап жылағаны әлі көз алдында

Бүгінгі күннің батыры Манарбек Әрібаевтың Арманбек, Аяулым, Алтынбек, Қуаныш, Айзере есімді ұл-қыздары бар. Үлкені Арманбек пен Аяулым университетте, ал кішкентайлары мектепте оқиды. Балаларының болашағын ойлаған әке қазір де балық аулап жүр.