Қарағанды облысының экономикасы тұрақты дамуда. Өңірде 2 трлн теңгеге 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биыл өңірдегі инвестициялар 425,5 млрд теңгені құрады. Бұл соманың 85%-ы – жеке инвестициялар. Олардың қатарында алтын өндіру фабрикасы, Техникалық газ өндіру зауыты, жез зауыты және Hitachi Construction Corporation ірі габаритті техникаға қызмет көрсету орталығы бар. 2021 жылдың қаңтарына дейін тағы алты кәсіпорын пайдалануға беріледі. – Бұдан басқа, РТБ базасында Yutong трансұлттық қытай компаниясымен бірлесіп автобустар мен арнайы техника өндірісі бойынша жобаны іске асыру басталды. Автомобиль шиналарын өндіру бойынша жоба қол қою сатысында. 2025 жылға қарай ААИ индустриялық базасында шамамен 7,5 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек. Аймақ басшысы сондай-ақ пандемия кезіндегі бизнесті қолдау шаралары туралы айтты. Облыста 4 800 жалға алушы, оның ішінде ірі сауда орталықтарында 3 600 жалға алушы жалдау ақысынан толық босатудан бастап, 40%-ға дейін жеңілдіктер алды. 300-ден астам кәсіпкерге екінші деңгейдегі банктердегі несиелер, негізгі қарыз және пайыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру рұқсат етілді. Облыста барлығы 4,5 мың кәсіпкерге қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсету жоспарланып отыр, бұл 8 мыңға жуық жұмыс орнын құруға және сақтауға мүмкіндік береді. – Карантиннің шектеулі шарттары бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Осы жылы электронды сауда және білім беру, медицина, консалтинг, тұрмыстық қызметтердегі онлайн сервисте компаниялар пайда болды. Онлайн тапсырыстар мен жеткізу 2 есе өсті, қолма-қол ақшасыз төлемдерге деген сенім артты, олар 5 еседен астам өсті. Бұл ретте олардың тауар айналымындағы үлесі 14,6%-дан 78,6%-ға дейін ұлғайды. Бұл өз кезегінде экономиканың көлеңкелі секторын айтарлықтай қысқартты, – деп атап өтті облыс әкімі. Сондай-ақ өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің өсуіне және өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға, жастар үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы бар жобалардың табысты іске асырылуына жеке-жеке тоқталды. Қарағанды облысында 8 айда тау-кен өндіру саласындағы нақты көлем индексі 102,1%-ды, қаржылық нәтиже – 240,7 млрд теңге, өңдеу – 104,1%-ды, яғни 1454,6 млрд теңгені құрады. Өсім түсті металлургияда – 6,9%-ға, фармацевтикада – 3,8 есе, тамақ өнімдерін өндіруде – 15,9%-ға, химия өнеркәсібінде 14,7%-ға байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,4%-ға ұлғайды. Мемлекет басшысымен кездесуде халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша әлеуметтік қолдау шараларымен облыстың 43 мыңнан астам тұрғыны қамтылады. Барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 27,5 мыңнан астам жұмыс орны қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауы кезінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек халықты әлеуметтік қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту туралы мәлімдеді. «Бастау Бизнес» курсында 2 400-ден астам адам оқыды. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер өз бизнесін дамытуға 684 шағын несие және 626 грант алды. Жастардың жұмыссыздығын төмендетуге көп көңіл бөлініп отыр. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 9 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды, жастар тәжірибесімен 1 177 адам қамтылды. Облыс әкімі жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған гранттарды қаржыландыруды 10 есеге арттырды. Облыста қолжетімді тұрғын үй құрылысы да қарқынды. 2020 жылға шамамен 500 мың шаршы метрді қолданысқа беру жоспарланған, бұл өткен жылғы көлемнің төрттен бір бөлігіне артық. «Бақытты Отбасы» бағдарламасы бойынша биыл 575 көпбалалы отбасы үшін тұрғын үй мәселесі шешіледі. Жергілікті билік жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға баспана береді. Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына Қарағанды облысында салынып жатқан әлеуметтік нысандар туралы есеп берді. Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесі шешілді. Мектепке дейінгі білім беру қолжетімді. Тағы 9 жекеменшік балабақша мен 2 мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда. Биыл Нұра және Қарқаралы ауданында дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Қарағандыда онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы кеңейтіледі. Ауылдық елді мекендерде 32 фельдшерлік-акушерлік пункттер салу бойынша 3 жылдық жоспар әзірленді. Биыл 7 жаңа спорт нысаны ашылады. Қарқаралы, Теміртау және Ұлытау ауданының Қарсақпай ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылады. Қарағандыда үлкен және үстел теннисі орталықтары мен спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуда. Бұл бұқаралық спорттың негізін нығайтып, кең ауқым алуына септігін тигізеді. Қыркүйек айының соңына қарай егін жинау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Кейбір астық егетін аудандар жұмыстарын аяқтады. Жаз айларының құрғақ болғанына қарамастан, жалпы астық жинау және орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда жоғары. – Бүгінде астық алқаптарының 86,6% жиналды. Орташа өнімділік бір гектардан 10,1 центнерден болса, 781,2 мың тонна астық, оның ішінде 567,2 мың тонна бидай бастырылды. 8 535 гектар алқаптан 175,8 мың тонна картоп жиналды, – деп хабарлады әкім. Облыста көкөніс отырғызу көлемі артқан. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Өсімдік өсірушілер субсидия «ҚазАгро» АҚ қаржы институттары арқылы беріледі. Облыстың тұрақтандыру қорына белгіленген бағамен картоп пен көкөністі жаңа өніммен жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Қорларға 3 443 тонна картоп, 559 тонна сәбіз және 228 тонна қырыққабат жіберу жоспарлануда. Маусымаралық кезеңде бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу үшін жергілікті өнімдер әлеуметтік павильондар мен супермаркетке жеткізілетін болады. Сондай-ақ нан бағасын тұрақтандыру мақсатында 36,3 мың тонна көлемінде астықтың резервтік қорын қалыптастыру жоспарлануда. Облыс әкімі кездесуде COVID-19 індетінің ықтимал екінші толқынына дайындығына кеңінен тоқталды. Ол бес негізгі бағыт бойынша өтеді. Инфрақұрылымды жақсарту, стационарлар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту, дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорын құру, денсаулық сақтау мекемелерін кадрлармен қамтамасыз ету және медперсоналды оқыту түрінде жүреді. – Қазан айының ортасы – бұл пандемияның екінші толқыны басталуының болжамды уақытына дейін КВИ емдеуге арналған төсек саны 5 200 бірлікке дейін жеткізіледі. Қыркүйек айында қосымша 500 оттегі концентраторы, 1 500 пульсоксиметр, 416 байланыссыз термометр сатып алынды және жеткізілді. Қазан айында 151 ӨЖЖ аппараты жеткізіледі деп күтілуде. 24 нысанда медициналық газ берудің орталықтандырылған жүйесін және төрт оттегі стансасын орнатамыз, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін өңірде қосымша бес компьютерлік томограф және үш ПТР зертхана жұмыс істей бастайды. Өңірлердегі жас дәрігерлерге баспана беріледі. Қазақстандық ипотекалық компаниямен жасалған шартқа сәйкес медицина қызметкерлеріне 300 пәтер бөлінеді. – Осы жыл ішінде облыста «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы, «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» және 10 басым міндет пен Елбасының 5 бастамасы шеңберінде алға қойылған бірқатар мақсат орындалды, – деді Жеңіс Қасымбек. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірге инвестиция тарту және басқа да аймақты дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді. Қыркүйек айында Жеңіс Қасымбектің Қарағанды облысы әкімі қызметіне кіріскеніне 1 жыл толды.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы