Ең алдымен «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің лентасы қиылды. Өңіріміздегі ұлт пен ұлыстардың қазақ еліне деген кіршіксіз ризашылығы мен алғысының белгісіне айналған монументтің ашылуына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, аталған нысан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай бой көтергенін атап өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында көпұлтты елімізде халықтар достығы, бірлік, татулық пен тұрақтылық салтанат құруда. Әрине, 29 жыл тарихи қас-қағым сәт. Дегенмен еліміз осы уақыт аралығында толайым табысқа, үлкен жетістікке жетті. Мемлекетіміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі – көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтай білу. Біз қуғын-сүргін кезінде миллиондаған қоныс аударушыларды қабылдап, аштық пен соғысқа қарамастан олармен барымызбен бөлістік. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өздерінің туған үйлері, өз Отанымыз деп санайды. Біздің басты байлығымыз – елдегі тыныштық пен тұрақтылық. Шүкір, еліміз егемендік алғалы бейбіт өмір сүрудің өнегесін көрсетіп келеді. Татулық пен бейбітшілікті, қоғамдық тұрақтылықты нығайту мақсатында қыруар жұмыс атқарылуда. Бүгін ашылып отырған «Қазақ еліне мың алғыс» монументі де осы сөзімнің айғағы. Осыдан 2 жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі барлық облыс орталықтарында «Қазақ еліне мың алғыс» монументін салу туралы тапсырма берген болатын. Монумент – барлық ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығының белгісі. Егемен елдің бірлігін көздің қарашығындай сақтау – сіз бен біздің қасиетті парызымыз. Әрбір қазақстандық осы міндетті мүлтіксіз орындап, бірлігімізді бойтұмардай қорғап, сақтай білейік,– деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев монумент құрылысын жүргізген серіктестікке де алғысын білдірді.Ал «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко барша ұлт пен ұлыстардың атынан қазақ халқына алғысын жеткізді.
– Бүгінгі ұрпақ сонау бір қиын-қыстау шақта қазақ халқының талай ұлт пен ұлысқа құшағын айқара ашып, қамқор болғанын білгенімен, осы бір тарихи оқиғаның мән-мазмұнын сезіне бермейді. Қиын шақтарда қолындағы бір үзім нанын өзгелермен бөлісіп, мейірімділік көрсеткені үшін барша қазақ жұртының алдында басымды иемін. Қазақ халқы бізге достықты бағалаудың үлгісін көрсете білді. Одан кейін де 15 одақтас мемлекеттен құралған Кеңес үкіметі тарап, қазақ елі тәуелсіздігіне қол жеткізген сәттен бастап ұлтаралық келісім мен татулықтың туын жықпай, қолында берік ұстаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да айтар алғысымыз шексіз. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиыншылықтарға қарамастан Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Киелі Әулиеата өңірінде де этносаралық келісім мен жарастықтың мысалын көптеп кезіктіре аласыз. Өзге ұлт өкілдері сан түрлі салада жергілікті тұрғындармен иық тірестіре жемісті еңбек етуде. Біз осы бір бауырластық жайында бүгін де, ертең де айтуымыз керек,– деді Ф.Клименко.Жалпы, монумент құрылысын «Темір-Байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Биіктігі 30 метр нысанның жобалық құны – 158 миллион теңге. Бұл күні тараздықтарға тағы бір теңдессіз тарту жасалды. Құрылысы 3 жыл бойы жүргізілген «Арбат-1» демалыс орны көпшілікке есігін айқара ашты. «Темір-Байлық» серіктестігінің бригадирі Еркін Ержанұлының айтуынша, құрылыс барысында 200-ге жуық қала тұрғыны жұмыспен қамтылған. Демалыс орнында құрғақ және ұзындығы 20 метрге созылған сазды субұрқақ орнатылған. Бұдан бөлек, мұнда қала тұрғындары мен қонақтарының тынығып, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Тараз төрінде Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өткен тұста «Тараз» қонақүйінің алдынан саябақ ашылған болатын. Бұл – Маңғыстау облысының тойға тартуы. Міне, осы демалыс орнынан кеше ұлттық аспабымыз «Домбыра» ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, Елбасының шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленгенін атап өтіп, бұл мерекенің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі орасан екенін жеткізді. – Биыл Ұлттық домбыра күнін барынша ұлықтадық. Алайда әлемдік пандемияға байланысты оны ресми атап өте алмадық. Дегенмен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушылары мен студенттерінің қолдауымен жатақхана алдындағы саябақта домбыраға ескерткіш ашылып отыр. Мұндағы мақсатымыз – университетте оқып жатқан жастар домбыра пернесіне төгілген күй мен жыр арқылы өздеріне күш-жігер алып, сапалы білім алуына себеп болу. Баршамызға қазақта мықты күйшілердің өткені тарихтан белгілі. Сол секілді біздің өңірден жыр алыбы Жамбыл да шыққан. Бүгінде сондай тума таланттарымыздың өнерін жалғастырып келе жатқан елімізге танымал күйші Әбдімомын Желдібаевтың бір күйінің өзі әлемге таралып, дүниежүзі қазақ деген ұлт пен Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін таныды. Айта кетерлігі, саябақта орын тепкен алып домбыраның биіктігі – 7,5 метр. Ол ұлттық өнерге бейжай қарай алмайтын демеушілердің көмегімен бой көтерген. Міне, осылайша Тараз қаласы тағы түрлене түсіп, рухани һәм мәдени нысанмен толықты. Бұл сөз жоқ, кейінгі ұрпаққа бүгінгіміз бен өткенімізден сыр шертіп, мол мұра болатыны даусыз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы