Серікбай Қылышбай: Бұл – жас Абайдың фотосуреті
Серікбай Қылышбай: Бұл – жас Абайдың фотосуреті
549
оқылды

М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Ежелгі және орта ғасыр әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Серікбай Қылышбайұлы Facebook-тағы парақшасында «Караван» газетінде жарияланған Абайдың суретіне қатысты ой білдірді.

Абай қолжазбаларын зерттеумен шұғылданып жүрген ғалымның айтуынша, суреттегі – анық Абай. «Біраз жылдан бері Абай қолжазбаларын зерттеумен шұғылданып келемін. Өткен жолы Facebook-тағы желісінде «Караван» сүйінші сұраған жас Абайдың фотосуреті жарияланғанда ақынның ертеректе жарық көрген төмендегі фотобейнесі есіме түсті. Осыдан екі айдай бұрын кітапханадан көріп, көшірмесін алған едім. Расында, журналдағы жас Абай фотосы өткен ғасырдың 60-70 жылдарында академик Ә.Марғұлан арнайы мақаласымен бірге жариялаған сурет болатын. Ол мақаласы ғалымның көптомдық шығармаларының 16-томында да басылды. Қазір көпшілік зиялылар «Бұл Абайдың фотосы емес» деп жатқан соң өз ойыммен бөліскім келді.

Серікбай Қылышбайұлы Абайға қатысты фотоларды ғана емес, қолжазба шығармаларын да дәлелсіз жоққа шығаруға болмайтынын айтады. «Заманында Әлекең мен Мұхаңның арасы онша тәуір болмай, соның кесірі Марғұланның Абайтануда ашқан біралуан жаңалықтарына кедергі жасады. Яғни Мұхаң бастаған зерттеушілер мойындаған жоқ болатын. Енді заман өзгерді. Демек, абайтану бағытындағы кейбір күмәнді, даулы мәселелерге жаңаша, бүгінгі ғылым тұрғысынан келу қажет деп білемін» деді ол.

Сондай-ақ ғалым екі суретті өзара салыстырып, екеуінің бір адам екенін алға тартты.

«Байқаған адамға төмендегі екі фотодағы бейненің бір адамның жас шағындағы және егде тарта бастаған 50 жастардағы суреті екені айқын көрінеді. Мұндағы екі Абайдың ашық маңдайы, онша үлкен емес жымырыңқы құлақ тұстары, қастары, қарашықтары мен көзқарастары, келісті тік түскен мұрындары мен еріндері, кең кеуделері бұл екі фотодағы қазақтың бас ақыны Абай деген пікірімізге дәлелді ұпай салып тұр.

1863-1869 жылдар арасында жылдары Абайдың інісі Халиолла Өскенбаев Омбыдағы Кадет корпусында оқып жүрді. Екеуінің рухани ұстазы бөкейлік Қамаррадин хазірет кадеттерге шағатай тілі және шариғат бойынша дәріс оқып, Абаймен хат алысып тұратын. Ол туралы Абайдың өзі де жазған-ды. Сондықтан Абайдың осы жылдары Омбыға баруы әбден мүмкін жайт. Ал болыстыққа кандидат болып жүрген жас мырзаның жылтырақ түйме мен медаль тағуы – таң қалатын нәрсе емес деп санаймын» деді Серікбай Қылышбайұлы.

 Ілгеріде «Караван» сүйіншілей жариялағанжас Абайдың фотосы жайлы Бейбіт Сапаралы, Абай Әлмембет және Жандос Әубәкірдің пікірін жариялаған болатынбыз.