Кез келген мамандықтың қызығы мен шыжығы болады. Соның ішінде жедел жәрдем бригадасы жұмысының біз байқай бермейтін қиындығы бар. Олар жедел медициналық көмекке мұқтаж жандар телефон шалғанда жедел жетуі тиіс. Қылмыс көп тіркелетін нүктеден шақыру жасалса да баруға міндетті. Жолдағы кептелістен кешігіп жеткенде табалдырықтан қабақ түйіп қарсы алатын үй иелері арасында қол көтеретіндер де табылады. Жеделсатысы жоқ көпқабатты үйден науқасты зембілмен алып түсу де оңайға соқпайды.
Ол аз десек, жедел жәрдемге негізсіз қоңырау соғып, шақыратындар да жетерлік. Солармен әуре болып жүргенде, қаланың басқа ауданында дәрігер көмегіне шын мұқтаж жанға жедел жәрдем көлігі жетпей тұруы мүмкін. Бұл туралы сәл кейінірек, ал қазір жедел жәрдем бригадасының қауіпсіздігі туралы айтсақ. Арыға бармай, күні кеше Қарағанды облысының Шахтинск қаласында болған оқиғаға тоқталайық.
Шахтинск қаласының жедел жәрдем стансасының меңгерушісі Ирина Багинаның айтуынша, 27 қыркүйекте жедел жәрдем қызметкерлері қаладағы көпқабатты үйлердің бірінен түскен шақыруға барады. Пәтердегі ер адам фельдшерлерге есік ашпай қояды. Дәрігерлер полиция шақыруға мәжбүр болады. Полицияны жедел жәрдем көлігінде күтіп отырған фельдшерлерге пәтердегі кісі шабуыл жасайды. Әуелі жедел жәрдем көлігіне келіп, аузына келгенді айтып, балағаттап, айғайға басады, сосын көлікті кірпішпен соққылауға көшеді. Өзі удай мас екен. Жедел жәрдем көлігіндегі төсекті қалқан етіп қорғануға мәжбүр болған фельдшерлер бұл оқиғаны бейнетаспаға түсіріп алған. Абырой болғанда, учаскелік полицей уақытында келіп, бұзақыны ұстайды. Содан кейін ғана пәтерге бас сұққан фельдшерлер ондағы әйелдің құлағы жараланғанын, миы шайқалғанын анықтады. Ол әйел де мас болып шықты. Жедел жәрдем экипажы ер кісінің үстінен полицияға шағым жазады.
Осыған ұқсас оқиға жыл басында Ақтөбеде болды. Бір әйел кеудесінің ауырғанын айтып, жедел жәрдем шақырған. Оған көмек көрсетіп жатқан фельдшерге аяқ астынан мас адам шабуыл жасайды. Сөйтсе, ол науқастың туысы екен. Фельдшер ауруханаға жеткізіледі.
Былтыр көктемде Семей қаласында жедел жәрдем қызметіне көңілі толмаған қала тұрғыны фельдшерге қол көтерген болатын. Ол науқастанып қалған 2 жастағы баласына жедел жәрдем шақырған. Бригада келген уақытта баланың әкесі фельдшерді соққыға жыққан. Ол дәрігерлерді ұзақ күттіргені үшін қол көтергенін айтып түсініктеме берген. Ал Семейдегі жедел жәрдем стансасы бригада 14 минутта жеткенін айтады. Соққының астында қалған фельдшер 20 жылдан бері жедел жәрдем бригадасында жұмыс істейтін маман. Ол да өзіне қол көтерген азаматтың үстінен полицияға арызданды. Үш оқиғада да фельдшерлер полцияға арыз жазумен шектеледі. Ал көп жағдайда, іс сотқа жетпейді екен, өзара келісімге келумен, кешірім сұраумен аяқталады. Шабуылдан сақтандырылмаған жедел жәрдем қызметкерлері өздерін қалай қорғайды? Бұл сұрақты астаналық жедел жәрдем қызметіне қойдық.
«Жедел жәрдем қызметкерлері өздерін қолдағы планшетпен ғана қорғай алады. Яғни, олар планшет арқылы өзіне қауіп төнгені туралы аға дәрігерге хабарлайды. Аға дәрігер полиция қызметкерлерін оқиға орнына жібереді. Жедел жәрдем көліктері GPS жүйесімен, рациямен қамтылған. Ал нақты жеке басын қорғауға ештеңе берілмейді. Жыл басынан бері науқастардың туыстары тарапынан фельдшерлерімізге 3-4 рет күш жұмсау оқиғасы тіркелді. Көп жағдайда науқастың алкогольді ішімдік ішіп алған туыстары күш көрсетеді. Полицияға арыз жазып, шағым түсірген жоқпыз, инцидент өзара келісім арқылы жабылды», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Жедел жәрдем стансасының Ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бота Сәдетхан.
НЕГІЗСІЗ ШАҚЫРУ ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?
Әдетте тұрғындар жедел жәрдем қызметін жедел келе қоймады деп сынға алады. Шынында, жедел медициналық қызмет шақыртудың санатына сәйкес жіберіледі екен. Егер науқастың дерті өмірге тікелей қауіп төндіргенде және жедел медициналық көмекке мұқтаж болғанда жасалған шақырту 1-санатқа жатады. Мұндай шақыртуға жедел жәрдем бригадасы 10 минутқа дейін жетуі тиіс. Ал науқастың медициналық көмексіз өміріне қауіп төнуі ықтимал жағдай 2-санатқа жатады. Мұндай кезде бригада 15 минутта келуге міндетті. Науқастың медициналық көмексіз денсаулығына зиян келуі мүмкін болса, ол 3-санатты шақырту, бұл кезде бригада 30 минутқа дейін келеді. Ал 4-санатқа науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтін дерт жатады. Бұл кезде жедел жәрдем 1 сағатта келе алады. Алғашқы 3 санаттағы шақыртуда науқасқа жедел жәрдем стансасы, ал төртіншісіне емханалардағы шұғыл медициналық бөлімдер дәрігерлік көмек көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің Амбулаторлық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының дерегіне сүйенсек, осы жылдың алғашқы жарты жылында жедел медициналық көмек қызметі 4 миллионнан астам адамға көрсетілген. Оның ішінде 1-санаттағы шақыртулар саны – 231 027, 2-санаттағы шақырту – 1 109 151, 3-санаттағы шақырту – 1 244 588, ал 4-санатта 1 505 567 шақырту түскен. «103» қызметі 75 586 шақыртуды негізсіз хабарласты деп, барудан бас тартқан.
Бота Сәдетханның айтуынша, шақыртулар телефон арқылы жасалатындықтан, шақыртудың негізді яки негізсіз екенін айыру оңай болмайды. «Сондықтан жөнсіз шақырту дей алмаймыз. Барлық шақыртуға баруға міндеттіміз. Себебі науқастар көп жағдайда, өзінің жағдайын айтып бере алмайды», – дейді ол.
Ал негізсіз шақыртулар экономикалық жағынан шығын әкеледі. Себебі әрбір шақыртуға ел қазынасынан белгілі бір көлемде қаржы қарастырылған. Мысалы, жылына жоспарланған шақыртулардың бір бөлігін негізсіз шақыртулар алып кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін жедел жәрдем қызметін жөнсіз шақыратындарға айыппұл салу туралы мәселе көтеріліп жүр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл ұсынысты қолдайды.
«Бұл шара көптеген елде қолданылады. Біз азаматтардың өз денсаулығы үшін, соның ішінде басқа адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге кедергі келтірмеуі үшін ортақ жауапкершілік ұғымын қалыптастыруды көздейміз. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салуға болады да, шұғыл көмек көрсету ережелерін бұзу неге ескерусіз қалады?» – дейді министр.
АҚЫЛЫ ЕТСЕ, АҚЫЛДЫ БОЛЫП КЕТЕ МЕ?
Әлемдік тәжірибеде жедел медициналық көмек көрсетудің екі тәсілі бар. Бірінші тәсіл бойынша, жедел жәрдем көлігімен бірге дәрігер еріп барып, алғашқы ем-домды сол жерде көрсетеді. Екіншісінде, жедел жәрдем шақырту жасаған мекенжайға 10-15 минуттың ішінде жетіп, науқасты ауруханаға жеткізеді. Біздің ел бүгінге дейін бірінші тәсілмен жұмыс істеп келді. Яғни, жедел жәрдем барған жерінде мүмкіндігінше науқасты қарап береді, жедел көмек көрсетеді. Халық бұған үйренген. Содан болар, қан қысымы көтерілген жалғызбасты қариялар жедел жәрдем қызметін шақырушылардың көшін бастап тұр. Соңғы жылдары елімізде жедел жәрдем қызметін екінші тәсілге көшіру басталды. Соған сәйкес, жедел жәрдем бригадасы науқасты білікті мамандар емдеуі үшін бір сағаттың ішінде ауруханаға жеткізуге тырысады. Бұл медициналық жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді саналады.
Жедел жәрдемді ақылы ету туралы ұсынысқа қайта оралсақ, шетелдерде жедел жәрдем қызметі бірінші санаттағы шақыртулардан бас-қасының бәріне ақылы негізде қызмет көрсетеді. Мәселен, Израильде террорлық оқиға немесе жол-көлік апатынан зардап шеккендерге ғана жедел медициналық көмек тегін көрсетіледі. Қалғанына ақы төлейсіз. Германияда жедел жәрдем қызметін жөнсіз шақырғандарға айыппұл салынады. Немістер жедел жәрдемді негізсіз шақырғаннан бөлек, ауруханаға жатқызудан бас тартқан науқасқа да айыппұл салады екен. Ал АҚШ-та жедел жәрдем қызметінің ақысы медициналық сақтандыру есебімен төленеді.
Ақылы жедел жәрдем қызметін біздің елдегі жекеменшік клиникалар да көрсетіп жатыр. Мысалы, Interteach медицина орталығының жедел жәрдем қызметі ақылы. Түрлі деңгейдегі науқасты тасымалдауда заманауи құралдармен жабдықталған жедел жәрдем қызметінің мамандары да білікті кадрлардан жасақталған деген жарнама интернетте толып тұр. Бұл қызметті қалталы клиенттер тұтынбаса, қарапайым халық үйреншікті «103» номеріне жүгінуді жөн көреді. Ал егер қызмет ақылы болса, айыппұлдың түр-түрінен шаршаған халық шамырқанбасына кепіл жоқ. Ақылы етпейін десе, түшкіріп-пысқырғанына да жедел жәрдем шақыратындар көп. Олай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің кері келіп тұр. Десе де, бұл мәселені алтын арқауын таба отырып шешу керек-ақ.