2015 жылдың қысында Алматы қаласында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалар, оның ішінде қаржы полициясының бұрынғы қызметкерлерінің қолдау көрсетуі арқылы жалған кәсіпкерлікпен айналысқан қылмыстық топтың әшкере болғаны туралы хабар тарады. Олар 2012-2014 жылдар аралығында 20 кәсіпорын құрып, төленбеген салық түрінде 14 миллиард көлемінде шығын келтірді деп айыпталған еді. Осы іс бойынша 36 адам сотқа тартылған. Солардың арасында Алматы қалалық қаржы полициясының бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаевтың да аты аталды. Тергеу ұзаққа созылды. Сот үкімі 2017 жылы ғана шықты. Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кеңшілік Әбделдинов қазылық еткен сот процесі ТА-18 тергеу абақтысында өтті. Әмірхан Аманбаев мүлкі тәркілене отырып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейтін болды. «Құрмет» және екінші дәрежелі «Даңқ» орденінен айырылды. Аманбаевқа Қылмыстық кодекстің 6 бабы бойынша айып тағылған еді: заңсыз іс-әрекеттерге көмек көрсету, мемлекеттік функцияларды атқару үшін өтірік уәкілетті адам жасау, өзінің қызметін асыра пайдалана отырып, қылмыстық ұйым құру немесе басшылық ету, қылмыстық жолмен алынған қаржыны немесе басқа да мүліктерді заңдастыру, қызметін асыра пайдаланып, ауыр қылмыстар жасау, көлемді түрде пара алу. Бірақ ол сот кезінде кінәсін мойындамады, керісінше офицердің ар-намысын бәрінен де жоғары қоятынын, сол үшін күресетінін мәлімдеген.
«Шындық түптің түбінде ашылады. Ал бүгінгі күні не айтып, не ойластырғандар болса, солардың ұятына сын болсын. Мен түрмеден қорықпаймын. Бас бостандығымнан айырады деп те қорықпаймын. Мен үшін ар бәрінен жоғары. Қанша шығындалып, қанша жыл ғұмырымды сарп қылсам да, күресетін боламын. Мен енді осыны кім жасаса, сонымен күресемін», – деген еді.Оның адвокаты Сәлімжан Мусин де сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеген.
«Менің қорғауымдағы айыпталушы ешкімге тікелей тапсырма берген жоқ және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген дәлел жоқ. Біз қаржы полициясындағы қауіпсіздік қызметінің өкілдерінен сұрадық. Олар сол құзырлы органға жауапты. Егер де қандай да бір құқықбұзушылық болса, олар соны бірінші байқайтын еді. Үкімге шағым түсіреміз», – деген болатын.Ал биыл шілде айында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының Аманбаевтың жаза мерзімін 14 жылдан 5 жыл 6 айға азайтқаны туралы ақпарат тарады. Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы айыптардың басым бөлігінің ешқандай дәлелі жоқ деп санап, күшін жойған. «Қызмет бабын теріс пайдаланғаны» үшін айыпты деген бөлігін ғана күшінде қалдырып, сол үшін бес жыл алты айға түрме жазасын кесті. Біздің есебіміз бойынша, Аманбаевтың іс қозғалған кезде қамауға алынған 2015 жылдың наурыз айынан есептесек, 5 жыл 6 ай мерзім шыға келеді. Демек, оның жазасын өтеп шығу мерзімі осы айға дөп түседі. Алайда сот үкімін оқыған судья Кеңшілік Әбделдинов Аманбаевтың «жазаны өтеу уақыты 2016 жылдың 28 қарашасынан бастап есептелетінін» айтқан еді. Осы жайды анықтап алу үшін Ә.Аманбаевтың қорғаушысы болған Сәлімжан Мусинге хабарластық. Ол біздің сұрағымызға жауап беруден бас тартты. Ал Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің өкілі «Аманбаевтың босап шыққаны рас па?» деген сұрақтың жауабын Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен білетінімізді жеткізді. Ол комитетке де хабарластық. Комитеттің баспасөз қызметі комитет базасында Әмірхан Аманбаевтың жоқ екенін ғана растай алатынын айтты. Басқа сұрақ Жоғарғы сотқа бағытталуы тиіс екенін ескертті. Сондықтан Аманбаевтың бостандыққа шыққаны туралы жазба жариялаған үкіметтік емес ұйымның өзіне қоңырау шалдық. ҮЕҰ жетекшісінің орынбасары жазба авторының бізге міндетті түрде хабарласатынын айтты... Алайда ешкім хабарласпады. Біздің болжам бойынша, Аманбаев бостандыққа шыққан. Біздің айтпағымыз – оның бостандыққа шыққаны немесе шықпағаны да емес. Бізді бұл мәселеде айыптаушы тараптың 6 баптың 5-не дәлел келтіре алмауы болып отыр. Бұл құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура, тергеу ісі, сот жүйесінің біліксіздігін көрсетпей ме? Қорғаушы Бауыржан Азановтың айтуынша, бұл дерек айыптаушы тараптың біліксіздігін көрсетеді.
«Сот үкімін оқымағандықтан, баға бере алмаймын. Қылмыстық материалдармен де таныс емеспін. Ал егер жалпылама айтсам, Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 6 баптың бесеуіне дәлел жеткіліксіз болған десе, онда бұл кезінде тергеу жүргізгендер мен айыптаушылардың күдіктіні қаралағаны болып шығады. Бұл құқық қорғау органдарының сауатсыздығы мен жауапсыздығын, тәжірибесінің жеткіліксіздігін көрсетеді. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдарында біліктілігі төмен мамандар бар. Мұндай іске тергеуші де, прокурор да өте жауапты қарауы керек», – дейді ол.Әрине, ел арасында Аманбаевтың кландар арасындағы қақтығыстың құрбаны болғаны айтылады. Олай болса, судья сот үкімін қысым арқылы шығаруы мүмкін бе? Бірақ біз бұл сұрақтың да жауабын біле алмаймыз. Себебі Ә.Аманбаевқа сот үкімін шығарған Алматы қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кеңшілік Әбделдинов биыл шілде айының соңында пневмониядан көз жұмды.
Ә.Аманбаев бостандыққа шыққан соң, өзін 6 баппен абақтыға жапқандарды жауапкершілікке де тарта алмайды екен. Заңгер Абзал Құспанның айтуынша, ол үшін айыпталған адам толығымен ақталуы керек. «Ал бұл жағдай басқа. Жоғарғы соттың сот алқасы 6 баптың біреуін күшінде қалдырып, сол бап үшін 5 жыл 6 айға жаза кескен», – дейді.Біз «Аманбаев ісін» мақаламызға шартты түрде алып отырмыз. Бұл іс туралы материалдар бірнеше сұрақтың туындауына себеп болды. Біріншіден, біздің елде ашықтық жоқ. Бір адамның абақтыдан шыққанын анықтау кәдімгідей қиындық туғызады. Жоғарғы сот пен Қылмыстық атқару жүйесі комитеті сұрақтың жауабын ашық әрі толықтырып беруге құлықсыз. Бұл жөнге келетін мәселе. Ал 6 баптың бесеуіне нақты айғақ ұсына алмау – құқық қорғау саласы үшін үлкен сын.