Барбара Оакли: Бізге жаңа білімді үйренуге кедергі болатын өлім ғана

Барбара Оакли: Бізге жаңа білімді үйренуге кедергі болатын өлім ғана

Жуырда Academia.kz компаниясының ұйымдастыруымен Қазақстанға алғаш рет үйрену қабілетін үйрететін АҚШ ғалымы, профессор Барбара Оакли келді. Кейіпкердің биографиясы қызық: алдымен армия құрамында славян тілдерінің маманы болып қызмет еткен. Кейін инженерия саласына түбегейлі ауысқан. Антарктидада болашақ жарын кездестірген. Бүгінде Оакланд университетінде инженерия профессоры ретінде сабақ береді. Яғни, қайта үйрену, өміріңде өзгеріс жасау дегенді өз басынан өткізген. Ақпарат ағыны еселеніп жатқан заманда жаңа білімді меңгерейін десең, күнделікті күйбең тіршілік уақытыңды ұрлап, бастамаң жайына қалады. Уақыт зулаған осындай заманда жаңа қабілетті қалай үйренуге болады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап табу үшін Оакли ханыммен сұхбат құрдық.

Нұрмұхамед: Сізді Барбара деп атасам бола ма?

   

Барбара: Әрине.

Нұрмұхамед: Сіз Қазақстанға келіп, біраз аудиториямен жолық­тыңыз. Біздің елдің азаматтары әдетте қандай сұрақтарды жиі қояды?

   

Барбара: Сұрақтар пейнтбол доптары сияқты түрлі саладан, жан-жақтан келіп жатты. Олар терең әрі креативті болды. Қандай сауал қойылуы мүмкін екенін болжай алмайсың. Яғни, адамдар бірдей ойламайды. Қоғам сондай. Керемет жандар.

Нұрмұхамед: Сіздің онлайн курсыңызды әлемде 2 млн-нан аса адам қараған. Келешекте осындай курстар, тренингтер универ­си­тет­терді алмастыруы мүмкін бе?

   

Барбара: Меніңше, универ­ситеттер сіз айтып отырған жағ­дайды болдырмау үшін барын са­лып, күреседі. Оқу ордасы ре­тінде бірден жойыла қоймас. Оған қоса, кей жағдайларда бет­пе-бет кездесіп, білім алудың өз артықшылықтары бар. Алайда үйрену ақырындап онлайн ре­жимге ауысып жатқанын көріп отыр­мыз. Мәселен, мен бір про­фессорды білемін. Оның сабақ­тары қызықты болғаны соншалық оған 3 000 адамға жуық студент қа­тысатын. Кейде арнайы күзет жалдауға тура келді. Себебі адам саны тым көп болды. Ол профес­сор эксперимент жасап, 2 жыл бо­йы өз сабақтарын онлайн жүк­тей бастады. Нәтижесінде, оның аудиториядағы сабақтарына еш­кім келмей қойды. Өйткені он­лайн оқу оңай.

Жалпы, ашық онлайн курстар қыз бен жігіттің кездесуі сияқты. Сіз кездесуге сыланып, сипанып, дайындалып барасыз. Суық тисе, кездесуді кейінге қалдырасыз. Ал университет аудиториясындағы сабақ отбасылық өмір секілді. Сенің көріп тұрғаның – сенің таңдауың. Оны кері қайтарып бере алмайсың (күледі). Үздік ашық онлайн курстар әдетте тиянақты дайындалады. Сон­дықтан онлайн форматта сіз сабақтарыңызды пайдалы, тиімді өткізе аласыз.

Нұрмұхамед: Сізге практи­калық сұрақ қойсам. Мен төмен жа­лақысына көңілі толмайтын біраз адамды кездестірдім. Егер оларға курсқа, тренингке барып, мамандығыңды ауыстыр, жаңа қабілетті меңгер десең, басын алып қашады. Өзінің қалыптасқан тұрмысын өзгерткісі келмейді. Мамандық ауыстыру неге сонша­лық қиын?

   

Барбара: Ол бірнеше факторға байланысты. Айталық, егер адам­ның жедел жадысы (есте сақтау қабілеті) төмен болса, оның жаңа қабілетті үйренуі қиын. Ондай адамға көбірек практика қажет. Сондай адамның бірі – менмін, жаңа дүниені игеруге көп күш жұм­саймын. Ал жұмыс жадысы кең адамдарға тың материалды игеру қиынға соқпайды. Сон­дық­тан өз мамандығын өзгерткісі келмейтін кісілерді өз басым жақсы түсінемін. Алайда кейбір адамдардың икемге келуі қиын, өз саласында қатып қалған. Қалай десеңіз де, үйрену көп жұмысты талап етеді. Мәселен, мен мек­теп­те математика және ғылымды жек көрдім. Сабақта ұстазым оқып отырған кітабымды алып қойып, орнына басқасын беруі мүм­кін еді. Бірақ пәндерді түсіну үшін мен ары қарай оқи бе­ретінмін.

Нұрмұхамед: Бірақ жаңа нәрсені үйрену сізге қиын соқса да, осыған қарамай, славян тілдері саласынан инженерияға бірден ауысып кеттіңіз ғой.

   

Барбара: Не үшін? Себебі мен армияда қызмет етіп, бір салаға, бір адамдарға кіріптар болып бара жатқанымды, егер тек осы салада қалсам, кейін өзге жұмыс табуым қиын болатынын түсіндім. Сол кезде менің басыма маған икемді болуға, өзге қызметтерді оңай табуға мүмкіндік беретін маман­дықты игеру қажеттігі жетті. Яғни, менің шешіміме сыртқы жағдайлар ықпал етті. Мәселен, менің студенттерімнің көпшілігі мектепте нашар оқушы болған. Кейін колледжде оқуға тырысқан, бірақ ол жақтан да шығып кеткен. Өмір үйленуге, бала сүюге мүм­кіндік берген. Алайда сол өмір нақты білімсіз олардың таңдауы мен мүмкіндігі шектеулі екенін де көрсеткен. Содан олар универ­ситетте оқып жатыр. Яғни, біз адамның көзқарасын өзгерте ал­маймыз. Ал қоғам мен түрлі жағдайлар адамды өзгертеді.

Нұрмұхамед: Бүгінгі уақыттың негізгі проблемалары жайлы сөз етсек. Қазір ақпарат оқуда кедергі болатын фактор көп: смартфон, әлеуметтік желі, электронды пош­та және басқалар. Яғни, адам­ның бір объектіге зейін қоюы қиындап барады. Мұндай жағдайда жаңа білімді бойға сіңіру мүмкін бе? Сіз осыған байланысты Помо­доро техникасы жайлы айтып жүрсіз. Ол тиімді ме?

   

Барбара: Помодоро – ең тиім­ді техника. Онлайн курстарда бізді 3 млн-ға жуық адам қарайды. Олардың басым бөлігі осы әдісті ұнатады. Жалпы, көптеген зерт­теулер егер адам кедергісіз, зейін қойып, назарын тек бір нәрсеге аудара оқыса, оның пайдасы мол екенін көр­сеткен. Оған қоса, тағы бір зерт­теу адам ақпарат оқу ара­сында сәл кідіріс жасап, тынығып алса, оның тиімділігі арта түсе­тінін көрсеткен. Әлеуметтік же­лі­лердің өзі адамды тәуелді етуге және кедергі жасау үшін құрыл­ғандай. Ал Помодоро техникасы сол тәуелділікті белгілі бір уа­қытқа жеңуге үйретеді. Яғни, өз-өзіңізді тәртіпке шақыратын әдіс. (Помодоро техникасы – ма­ңызды тапсырманы орындау үшін уақытты тиімді басқару әдісі. Ол үшін келесі ережені ұстаныңыз: 1. Алдыңызда тұр­ған мақсатты анықтаңыз. 2. Тай­мер-сағатты 25 минутқа қо­йы­ңыз. 3. Межелі уа­қыт аяқ­тал­ған­ша ешнәрсеге алаңдамай жұмыс істеңіз. 4. 25 ми­нуттан соң ­өзі­ңіз­ге 3-5 минут­тық дема­лыс жа­рия­лаңыз, тыны­ғы­ңыз. 5. Тап­сыр­ма­ны орындауға қайта кірісіңіз).

Нұрмұхамед: Бүгін адам күніне 34 гегабайт ақпарат қабылдайды екен. Бұл өте көп. Алайда осылар­дың арасынан ең маңызды мәлі­меттерді қалай есте сақтап қалуға болады?

   

Барбара: Ізденіс практика­сы – маңызды ақпаратты есте сақтау­дың жақсы әдісі. Кешке қарай мәліметтерді ой елегінен бір өт­кізіп, ол туралы сөйлескен абзал. Оған қоса, ең маңызды ақпаратты еске түсіріп отырсаңыз, ней­он­дық шынжырды қайта іске қоса­сыз. Сонда қажетті дүниені жа­ды­ңызда «байлап қоюға» көп кө­мегін тигізеді.

Нұрмұхамед: Көптеген зерт­теу­шілер келешекте жасанды ин­теллект, роботтар адамды жұ­мыс нарығынан ығыстырады деп болжам айтады. Сол ғалымдар адамның технологиядан артық­шылығы жаңа жағдайға тез бе­йім­делуі, креативтілігі, тың дү­ниені лезде үйренуі болады дейді. Алайда оның бәріне уақыт керек. Ал кез келген кісіге бұдан бөлек де­ма­латын, отбасына арнайтын уа­қыт та қажет. Мұндай жағ­дай­да қандай кеңес берер едіңіз?

   

Барбара: Онлайн курстар (кү­леді), білесіз бе, адам мінсіз, идеал бола алмайды. Ол деңгейге жетуге адамның уақыты да жет­пейді. Қай жағынан алсаңыз да, онлайн курстар тиімді, себебі сіз бала-шағаңыздың жанында оты­рып-ақ жаңа нәрсені үйрене ала­сыз. Яғни, оларды қолыңыз ти­генде, балаңыз ұйықтағанда көре аласыз. Алайда ешнәрсе оңай­лық­пен келмейді, егер тың дү­ниені меңгеру деген талап тұрса, қайткен күнде оған белгілі бір уақыт жұмсауыңызға тура келеді.

Нұрмұхамед: Сіз айтқан жаңа білімді отыз, қырық, елу жастан ке­йін үйренуде айырмашылық бар ма?

   

Барбара: Иә, адамның жасы келген сайын үйренуі қиындай түседі, бірақ соған қарамай, сіз көп нәрсені меңгере аласыз. Біз­дің үйренуімізге кедергі келтіре ала­тын тек өлім ғана. Мәселен, біз (жол­­­дасымыз екеуміз - ред) 60-қа кел­­­генде Үйренуді үйрену онлайн кур­сын бастадық. Біз бұ­ған дейін видео түсіріп көрме­генбіз. Біз өзі­міз үшін YouTube-ті аштық, Google-дан жасыл экран­ды сту­дия­ны қалай дайындау, видеоны қалай монтаждау керегі туралы оқы­дық. Яғни, ешқашан кеш емес.

Нұрмұхамед: Жаңа білімді мең­геруге қандай факторлар ынта­ландыруы мүмкін?

   

Барбара: Ондай факторлар көп. Мәселен, өз өміріңізді жақ­сарту. Ал балаларыңыздың бола­шағын қамтамасыз ету үшін өз қабілеттеріңізді дамыту ең үлкен мотиватор болуы мүмкін. Яғни, әр адамда әртүрлі фактор.

Нұрмұхамед: Егер біреу сіздің жолыңызды қайталағысы келіп, өзінің айналысатын саласын, ма­мандығын күрт өзгерткісі келсе, сіз оған қандай кеңес берер едіңіз?

   

Барбара: Мен бұл сұраққа түрліше жауап беруіме болады. Бірақ менің кеңесім, қарапайым деңгейден бастаңыз. Егер кәсібі­ңізді өзгерткіңіз келсе, шамаңыз жеткен жоғары деңгейден бас­тамаңыз, шамаңыз жеткен төмен­гі деңгейден бастаған абзал. Және сол деңгейден ақырындап жоғары шыға беріңіз. Сөзіме дәлел болу үшін атақты екі физик туралы баяндап берсем. Екеуі де ней­ро­биологияға ауысқысы келді. Бірі белгілі физик еді, бірнеше грант­тың иесі ретінде оның қаржылық жағдайы жақсы болды. Ол соны пайдаланып, бірден нейро­био­логия саласында ірі зертхана аш­ты. Бірнеше жыл өткен соң зерт­хана жабылды. Ақшаны босқа жұмсады. Себебі ол физик бол­ғанымен, нейробиология туралы түсінігі аз еді. Екінші азамат та атақ­ты университетте мойын­далған физик болды. Бірақ ол нейробиологияны меңгеру үшін физик-профессор лауазымына қарамай, нейробиолог-студент ретінде қайта оқуды бастады. Қазір ол екінші салада да ірі же­тістікке жетті, мойындалды. Ол кремний пластиналарда нейрон­дарды өсіру әдісін ойлап тапты. Бұл – ірі ғылыми жаңалық. Ал оның артында физик-профес­сордың жаңа саланы ең қарапа­йым деңгейден бастап зерттеуге шешім қабылдауы жатыр. Ол осы мақсатына жету үшін бәрін тас­тап, Калифорниядан Миссуриге көшті. Соңынан отбасы да сол жақ­қа қоныс аударуына тура кел­ді. Яғни, тың дүниені меңгеруге кіріскенде қарапайым деңгейден бастаған жөн.

Нұрмұхамед: Рақмет!

   
Сұхбаттасқан Нұрмұхамед БАЙҒАРА