Ресейлік банктер экспансиясы

Ресейлік банктер экспансиясы

 

Іс бітті, қу кетті

Отандық банктерді қанша жерден сынағаны­мыз­бен, олардың бір жақсы же­рін атап өту керек: Қа­зақстанның ұлт­тық қаржы секторының іргесін со­­лар қалады, шаңырағын көтерді. Әйт­песе, Кеңес Одағы ыдырағанда бас кең­селері Мәскеуде ор­на­ласқан «Сбере­гательный банк СССР» және басқа мемлекеттік са­ла­лық банктер елімізді тәрк етіп, ак­тиві­мен Ресейге зытты. Артында аңырап са­лым­шы­лар қалды: кеңес заманында бар­ша аза­матқа жа­лақысының үлкен бөлі­гін ерікті-мәжбүрлі түрде «Сбер­­банк­ке» салғызатын. Одан бас тартқан жан «со­веттік жинақ жүйесіне сен­бей­ді» деп айыпталып, кү­дікке ілігетін. Банксіз өркениетті мемлекет, өрлеген эко­номика болмайды. Сондықтан КСРО Мем­банкінің республикалық бөлімшесі орнына Қазақстанның Ұлттық банкі құрылды. «Жабайы жекешелендіру», сондай-ақ Қытайдың арзан өнімін және «б/у» көліктерді алып сату арқа­сында пайда болған алғашқы коммерсант-бизнесмендер банк ашты. Осылайша, тәуелсіз­діктің алғашқы бес жылдығында ғана коммер­циялық банктердің саны 200-ден асты. Кейін оның көбі жаңа заманға бейімделе алмай, әрі Ұлттық банктің жаңа талаптарына сәйкеспей, жабылып тынды: 1993 жылы банктер саны 204-ке жетсе, 2012 жылы соның тек 38-і ғана қалды. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қойылатын талаптарды бірте-бірте күшейтті, олар резервте ұстауы тиіс қаражат көлемін арттырды, олардың қаржылық орнықтылығы мен сенімділігін біршама нығайтты. Кезінде Ұлттық банк құрамында еңбек еткен, экономика ғылымдарының докторы, академик Мұхтар Тінасыловтың айтуынша, тақырдан тұрғызылған Қазақстанның банк жүйесі 1993 жылдың қарашасына қарай, яғни сом орнына теңге енгізілгенге дейін елеулі ре­фор­­малаудан өтті: қос деңгейлі банк жүйесі қалыптасты, барлық мамандандырылған банк­тер акционер­лік қоғам болып қайта құ­рылды, Ұлттық банк үлкен құзыр мен функ­цияларға ие болды. Осының бәрі мемле­кеті­міздің ұлттық валютаға көшіп, төл ақша-кредит саясатын жүргізуін айтарлықтай жеңіл­детті. Сөйтіп, Қазақстанда өркениетті банк секторы құрылды.  

Дайын асқа тік қасық

Осы кезде елімізге ресейлік банктер орала бастады. 90-жылдардың орта тұсында Альфа-банк 1,5 млн доллар немесе сол кездегі айырбас бағамына сай 80,1 млн теңге ғана капиталы бар қазақстандық филиалын ашты. Ол тек 2000  жылы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жүйесіне қатысушы болып кірді. Насихаты өктем болуы, жарнаманы кең жүргі­зуі, билікпен тіл табысуы арқасында тез байы­ды: 2007 жылы активі 25 миллиард теңгеге, азаматтар мен кәсіпкерлер салған депозит көлемі 15 млрд теңгеге жетті. Ел өңірлерінде өкілдіктерін ашты. 2010 жылы мемлекетпен тізе қоса отырып, қазақ астығының экспорттық мәмілелерін кредиттеуге көшті, активі 70 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен қа­зір­гі кезде депозит көлемі бойынша Қазақ­­стандағы ірі он банк рейтингіне кірмейді. Активі жарты триллион теңгеге жуық. Жылдық таза табысы 7 миллиард теңгені құрайды. 16 қалада филиалы жұмыс істейді. 2006 жылдың соңында «Сбербанк России» акционерлік қоғамы еліміздегі Тексака банктің 99,99% акцияларын сатып алып, Қазақстанда еншілес банкін ашты. Бір жыл ішінде жарғылық капиталын 15 есе көбейтіп, 29 млрд теңгеге дейін жеткізді, осы айла-амал арқылы дегеніне жетті: капиталы жөнінен лезде отандық ірі 10 банк сапына қосылды. Сонысын әр жерде дәріптеді, оған қазақстандықтар қайтадан сеніп, ақшасын апара бастады. Бүгінде еліміздегі ең бай банктің бірі. 17 филиалы және 101 бөлім­­шесі бар. Депозит көлемі жөнінен үштікке кіреді: қазақстандықтар мен компаниялар 1 триллион 888,5 млрд теңгесін «Сбербанкте» сақтауда. Бұл жөнінен онымен тек қазақстандық екі банк қана тайталаса алады. 2010 жылғы тамызда Ресейдің ВТБ банкі (ВнешТоргБанк) Алматы филиалын ашты. Сонда мұның Қазақстан нарығына дендей енуді қарастыратын «үлкен жобаның бірінші кезеңі» екені жарияланды. Аталған банктің негізгі акционері – Ресей Федерациясы: «Рос­иму­щество» және Қаржы министрлігінің мен­шігі саналады. Оларға дауыс беруші акция­лардың 60,9%-ы тиесілі. Ол Қазақстанның Қар­жылық қадағалау агенттігінен лизенцияны 2009 жылдың 22 мамырында алыпты. Сол жылдың 1 шілдесінен бастап алдымен тек заңды тұлға­­лар­ға ғана қызмет көрсетумен шұғылданды. Ал Алматыда филиал ашу арқылы жеке тұлға­лар­дың да жинағына «қол салды». Бүгінде 17 қаламызда 29 филиалы мен бөлімшесі бар. Ол да аса ауқатты – активі 209 миллиард теңгеден асады. Таза проценттік табысы 7 миллиард теңгедей болған.  

Аттыға ерем деп...

Кейбір қаржыгер шетелдік банктердің келуін құптайды. Себебі осының арқасында бәсе­келестік күшейеді, тұтынушыларға банктер анағұрлым озық өнімдер ұсына бастайды, кәсіп­керлікті несиелендіру артады, жаңа тех­нологиялар келеді деп сендіреді. Бұл – оқулық­тарда жазылған экономика негіздері. Бірақ өмір­де бәрі өзгеше. Мысалы, банк саласындағы инновация бойынша ресейлік банктер емес, отандық Kaspi Bank пен Halyk Bank ешкімге дес бермейтіні құпия емес. Оның үстіне, солтүстік көрші банктерінің қазақстандықтарға ұсынатын депозиттік өнім­дерін де тиімді деу қиын. Бизнесті несиелендіруге келсек, ол жыл өт­­кен сайын құлдырауда. Ұлттық банк дере­гінше, 2020 жылғы ІІ тоқсанда берілген жаңа кре­диттердің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 19,8%-ға немесе 766,1 млрд теңгеге азайып кеткен: небары 3 трлн 110,9 млрд теңге болды. Бизнеске берілген кре­диттер 1,9% кеміген. 2020 жылғы сәуір-маусым­да жеке тұлғаларға берілген кредиттер 46,9%-ға азайды. Көршінің банктерінің асқа ортақтасқаннан басқа елге пайдасы көзге түспей отыр. Кейде олардың қазақстандық бәсекелестерін қалай айналып өтіп, майшелпек жобаларға қол жеткізетіні таңғалдырады. Мысалы, Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы шешіміне сәйкес, Qazaq Banki АҚ лицензия­сынан айырылып, банкрот болды. Қазақ­станның депозиттерге кепілдік беру қорынан (ҚДКҚ) Qazaq Banki салымшыларына жинақ­тарын қайтарумен айналысатын банк-агент ретінде ресейлік «ВТБ банк» АҚ-ның Қазақ­стандағы еншілес ұйымы таңдалыпты. Тегін емес әрине, одан кіріс көрді: қолынан 20,3 мил­­­лиард теңгеден астам қаржы өтті, банк қаншама комиссия алды. Бұл жерде депозитті қайтару бойынша үлкен салмақ ҚДКҚ-ның өзіне түскен көрінеді. Барлығы 5 871 салымшы қаржысын алған. Қордың Call-орталығы салымшылардың әр­қайсысына қоңырау шалыпты. Кейбір клиент жинағында тым аз ақша, тиын-тебен қалған­дықтан бармайтынын жеткізген, ал бірқатары банкрот болған банктегі жинақ басқа банк арқы­лы қайтарылып жатқанын білмеген. Демек, ВТБ-ға қолды қимылдатпай-ақ қу бас­тан қуырдақтық ет алуға дәндей бермей, бір уақыт «Қазақ банктің» депозитін өзі төлейтінін қазақстандықтар арасында насихаттауға көңіл мен қаражат бөлген де артық болмайтын еді. Қорыта айтқанда, ресейлік банктердің қаптауынан қауіп те бар. Біріншіден, Ресейге ақша кетіп жатыр. Екіншіден, Қазақстан аза­мат­тарының және кәсіпорындарының Ресей алдындағы қарызы өсуде. Үшіншіден, жат­жұрттық компаниялар табысты отандық ком­пания­лар аузынан жырып әкетеді.  

Елдос СЕНБАЙ