Алдымен қазақы менталитет бойынша ер азамат ретінде де, қызметінің салмағы жағынан да «жолы үлкен» Сапарбек Тұяқбаев жайына тоқталайық. Несін жасырайық, айналасы бір жылдай Алматы билігінің бір ұшын қолында ұстаған Сапарбек Құрақбайұлының жақсы қырларын санамалап жатқандар да аз емес. Әйтсе де, ол неден сүрінді? Мемлекеттік қызметтен мүлдем бас тартып, жеке кәсіпкерлікке қарай тұтастай бет бұруының сыры неде? Әлемді жайлаған, алпауыт мемлекеттердің өзін абдыратып тастаған пандемияның «салқыны» Сапарбек Тұяқбаевқа да кері әсерін тигізіп кеткендей ме, қалай? Биылғы шілде айы еліміз үшін ауыр болды. Талай жақсылар мен жайсаңдарымыздан айырылдық. Медмекемелер науқастарға лықа толды. Ел, тіпті дәрі таппай сарсылды. Жағдайдың қаншалықты қолдан шығып кеткенін көпшілік көзбен көріп отырса да, әкім орынбасары алматылықтар дәріханаларда дәрі-дәрмектің жоқтығына шағымданғанда оларды хайп жасады деп айыптаған еді. Бұл онсыз да ашуға булыққан халықтың одан бетер ызасын келтірді. Сол кезде әнші Меруерт Түсіпбаева да желіде арнайы жазба қалдырып, шенеунікті біраз «сілкілеп» алған болатын. Ал жергілікті белсенді Светлана Дружинина әкім орынбасары үстінен «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен полицияға шағым түсірген. Белсенді сол кезде Facebook парақшасына тікелей эфирге шығып, үйінің маңындағы дәріханаларға барып, COVID-ті емдеуге арналған хаттамада көрсетілген дәрі-дәрмектерді табуға тырысқан. Екі дәріхананың бірінде тізімдегі дәрілердің тек біреуі ғана табылып, екіншісінде мүлде жоқ болып шыққан. Ол тікелей эфир кезінде қала әкімі орынбасарының «жағдайдан мүлде бейхабар» екенін айтып, шенеунікті қызметінен кетіруге шақырған еді. Бұған дейін полицияның шағымды қарауға «негіз таппағаны», ал прокуратураның оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қайтарғаны хабарланған еді. Әйтсе де, экс-шенеуніктің қала халқымен қоштасу тұрғысындағы желідегі жазбасынан кейін пікір қалдырғандардың басым бөлігі оның жұмысына жоғары баға берген. Бұдан Сапарбек Тұяқбаевтың халық ризашылығына бөленгенін, бастаған біраз жобасы елдің көңілінен шыққанын аңғару қиын емес. Ол Алматыда индустриялық аймақ пен «Алатау» ақпараттық технологиялар паркінің тұралаған жұмысын жандандыруға біраз атсалысты.
Енді қызметті қолғапша ауыстырудан осы жылдың ең танымал тұлғаларының біріне айналған Айзат Молдағасымова жайына келейік. Пандемия басталғанға дейін аты-жөнін біреу білсе, біреу білмейтін ол Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері қыз_метін атқарды. 2017 жылғы тамыз айынан бері Айзат Балтағұлқызының атқарған қызметіне байланысты бірқатар даулы жағдай болған еді. Шет елден коронавирус жұқтырған жолаушымен бір рейсте келген оның жиналыстарға қатысып, ашық жүргенін Қалалық қоғамдық кеңес сынға алып, ақыры 14 күн карантинге оқшауланған болатын. Кейін бас санитарлық дәрігер Орталық клиникалық қалалық аурухана дәрігерлерінің арасында жаппай коронавирус инфекциясы тіркелген кезде олардың өзін «санитарлық нормаларды сақтамады» деп айыптап, бұл аурухана дәрігерлерінің наразылығына алып келді. Дәрігерлер оны жала жапты деп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазды. Сондай-ақ А. Молдағасымова медицина мамандарын қолдауға бөлінген қаржы есебінен өзіне қомақты сыйақы тағайындады деген ақпарат тарап, алайда ол бұл ақпаратты жоққа шығарды. Осы даулы жағдайлардан кейін көп ұзамай қызметінен кетті. Әйтсе де, арада бірер ай өткенде Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы басшысы қызметіне тағайындалды. Алайда А.Молдағасымова арада төрт ай уақыт өткенде ол қызметінен де босатылды. Денсаулық сақтау министрлігі ол осы уақыттың басым бөлігінде жұмыста болмағанын хабарлады. «Сынақ мерзімінен өтпеуіне байланысты оны жұмыстан босату туралы бұйрыққа 14 қыркүйекте қол қойылды», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі. «Айзат Молдағасымова 2020 жылдың 3 маусымында қойылған міндеттерді тиімді орындау мақсатында Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры қызметіне қабылданды. Алайда ол уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алып, 1 шілде мен 14 қыркүйек аралығында жұмыста болмады. 14 қыркүйектен бастап сынақ мерзімінен өте алмауына байланысты онымен еңбек шарты тоқтатылды», – деп түсіндірді Ұлттық денсаулық сақтау орталығының директоры Дамир Көпжасаров. Алайда Айзат Молдағасымова бұл шешіммен келіспейтін сыңайлы. Ол азаматтық ұстанымдарынан бас тартпайтынын, мәртебесіне қарамай ғылыми қызметкерлердің құқығын қорғайтынын айтуда. Ол көтерген басты мәселе – Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының жұмыс істеу шарттары. «2,5 жылдан аса уақыт бойы жалақы алмаған ғалымдардан бөлек, зертханалардың жабдықталуын айтпағанда, онда тіпті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын», – деді ол.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ