Күні кеше «Көксу» қант зауыты биылғы маусымның алғашқы қант қызылшасын қабылдап, өз жұмысын бастады. Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ мен зауыт директоры Алтынбек Абатов кәсіпорын кіреберісіне керілген лентаны қиып, жаңа жұмыс маусымына сәттілік тіледі. Алғашқылардың бірі болып Қаратал, Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласының шаруа қожалықтары өз өнімдерін кәсіпорынға өткізді. Қайта өңдеу орнына бірінші болып өнім жеткізген үш жүргізуші кәсіпорын басшысының қолынан сыйлықтық сертификаттар алды. Зауыт тәулігіне 280-320 жүк көлігіне дейін кезек-кезегімен аумағына кіргізіп, 2,5 - 2,8 мың тоннаға дейін тәтті түбір қабылдауға қауқарлы. Кәсіпорын аумағына енген ауыр жүк көліктері таразыдан өлшеуден өткен соң өнімдер жиналатын алаңшаға барады. Зертхана жұмысы да қауырт. Мұнда тәтті түбірдің тазалығы мен қанттылығы анықталады. Дәстүр бойынша бірінші қызылшаны тістеп, дәмін көреді. «Бұл жолғы өнім өзінің тәттілігімен ерекшеленеді», – дейді дәмін татқандар. Өндіріс орнының директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, қант қызылшасын қабылдап, одан дайын өнім шығару маусымы аяқталғаннан кейін зауыттағы құрылғыларды тазарту, ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қызылшаны өлшеу бекеттеріндегі барлық ескі таразы жаңа электронды таразыға ауыстырылыпты. Сондай-ақ қызылшаны сұрыптап-жинақтайтын 5 машина да күрделі жөндеуден өткізілген. Қант қызылшасынан бөлек, қамыс қантын өндіруді де өндіріске енгізу жоспарланған (2021 жылдың көктемінен бастап). Зауыт көгілдір отынға көшкелі биыл екінші жыл. Отынның бұл түрі мазутқа қарағанда әлдеқайда тиімдірек және 1,5 есе үнемді. Бұған дейін кәсіпорын бір маусымда 10 мың тоннадан астам мазут жаққан. Ол өз кезегінде зиянды қалдықтарды көптеп шығарып, қоршаған ортаны бүлдіретін. Ендігі жерде ондай болмайды. Жұмыс орындарына тоқталар болсақ, зауыттың құрылыс, жөндеу жұмыстары кезінде 250 адам жұмыспен қамтылған болса, қазіргі уақытта бұрын да осы зауытта жұмыс істеген 200 адам осы жерден өз нәпақасын табуда. Жастарды еңбекпен қамту да назардан тыс қалған жоқ. Зауыт басшылығы оларға да жұмыс тауып беруге ынталы. Өткен жылы зауыт 5 айда 230 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, одан 21 мың тонна ақ қант өндірген болса, биыл да осы шамада тәтті түбір қабылдап, жаңа технологиялардың арқасында одан анағұрлым молырақ өнім алуды жоспарлапты. Қант қызылшасына қоса, қамыс қантын өндеуге кірісетін зауыт келер жылы тоқтаусыз жұмыс режиміне көшпек.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы