Бояу қасиеті қонған суретші
Бояу қасиеті қонған суретші
619
оқылды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Суретшілер ода­ғының бас­қарма мүшесі Алпысбай Қазы­ғұ­ловтың актуалды әрі қайталанбас құнды шы­ғармалары бейнелеу өнері тарихында қалатыны сөзсіз. Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуы мен өркендеуіне 80-жылдардан бастап жаңа стилі­мен, дара қолтаң­басымен елеулі үлес қосып келе жатқан суретші еңбегі бүгінде мақ­тауға ие. Танымалдылық пен атақтары болса да, суретші кіші­пейіл және қазақы мі­незін жо­ғалтпаған. Ол 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педа­гогикалық инсти­туты­ның сурет-графика факуль­тетін бітірді. Осы оқу орнында Ж.Бал­кенов, Н.Журавлев, Е.Зальц­­ман сынды ұс­таздардан өнер тарихы, мүсін, кескіндеме, графика салала­рынан білім алды. Уақыт өте Е. Тө­­­­лепбаев пен Б.Түл­киев сынды таны­мал аға су­рет­шілерімен ара­ласты. Оларды өзінің ұстаздары ретінде үлгі тұтып, бірге жұмыс істеген шағын ұмытылмас кезең деп бағалайды. Суретші сол кезеңдерде болып жатқан өтпелі дәуірдің өзгерістеріне жауап беріп, өзіндік көзқарастарын туындылары арқылы жеткізуге бел буады. Бұған суретшілер арасында өтетін симпозиумдар мен түрлі көрмелер, шығар­машылық басқо­сулар да әсер етпей қоймады. Өйт­кені жылымық кезеңдері мен қазақ сурет­шілері арасында Ван Гог, Матисс, Сезанн, Пикассо, Мо­дильяни, Моне, Шагал, Кандин­ский сынды авангардтық ағымдар­дың негізін қалаған суретшілердің жазу стильдерін Алпысбай шығар­машылығының бастапқы кезінде кеңінен қолданды. Бұл суретшінің болашақ өз стилін табуына маңыз­ды түрде ықпал етіп үлгерді. Сон­дай-ақ кескіндемеші республи­калық және халықаралық дәреже­дегі көркемсурет көрме­леріне қатысумен қатар, көптеген жеке көрме­лерін ұйымдастырды. Соның ішінде Ә.Қастеев атындағы мемле­кеттік өнер музейінде туын­ды­гердің бірнеше көрмесі өтті. Автордың туын­дылары еліміздің және басқа да шетелдік жинақ­тарда сақтаулы. Ол қоғамдық іс-шараларға ара­ласып, сатылым көрмелерінен түскен қаржыны қайырымдылық қорларына аударып, үлкен жомарт­тық көрсетті. Алпысбай Қазығұлов шы­ғармашылықпен айналысып қана қоймай, жеке қорына екі мың­дай коллекция жинап үлгерген. Жеке кол­лекцияны кескіндеме, графи­ка, мүсін туын­дылары құра­ды. Қор спектрі көп қырлы, яғни Қазақстанның кәсіби бейнелеу өнерінің қа­лыптасу кезеңіндегі Н.Хлудов, Ә.Қас­теев, С. Мәмбеев, Ж.Шарденов және 60-жылдардағы суретшілер С.Айтбаев, Ш.Сариев, Т.Тоғысбаев, Ә.Сы­дыханов, 70-80 жылдардағы кескін­демешілер Ғ.Баянов, Б.Бә­пішев, К.Мул­­­лашев, Е.Төлепбаев, Б.Түл­­киев сияқты суретшілердің көркем туындыларын кездес­тіруге болады. Оның шығармашылынан сюр­реализм және этникалық абстрак­цио­низм бағыттарын көруге бо­лады. Суретші өз компози­ция­ларында ой әлемін бейнелейді. Әлемді тануда, оның астарына үңілген сайын көрерменін кеңіс­­тікке көз жүгірте отырып, ой шыр­мауына енгізеді. Суретші кенеп бетіне заттардың өзін емес, оған шағылысқан сәулелерді бейнелеуді жөн көреді. Кеңістік бетінде түстер мен энергетикалық сәулелердің әртүрлі заттармен шағылысуынан пайда болған әсерін бейнелейді. Ол бейнелеу өнерінде ХХ ғасырдағы орыс абстрак­ционизмінің ерте бағыттарының біріне жата­тын «лучизм» бағытын ұстанады. Мұнда жа­зық­тықта заттың өзін емес, одан шағылысқан сәулені бейнелеу характерді жақсы табуға көмек­теседі. Бірақ суретші картина жаз­ғанда тек сәулелерді хаотикалық тәртіпте жазып қана қоймай, оның формасын табудағы эстетикалық әсерін де бейнелеуге тырысады. Осы тәсілдің А.Қазы­ғұловта анық байқалатынын өнер зерттеушісі Ж.Берістен өз еңбегінде жазып өткен. Сонымен қатар суретшінің ұлттық құндылықтарды жаңаша пайымдауы Р.Ерға­лиева, К.Ли, Х.Тұ­рысбекова және тағы басқа танымал өнертану­шылардың ғы­лы­ми еңбек­терінде де атап өтілген. Қазығұловтың ұлттық дүние­лерге деген ынтызарлығы, жеке көзқарасы жаңаша ізде­нуіне сеп­тігін тигізді. Және де тарихи-этно­графиялық материалдар негізінде бағзы этни­калық мәде­ниет пен ежелгі көшпенді мәде­ниетін сәй­кестендіруде қазіргі уақытты сабақ­тастырып, жаңа үлгілер тапты. Ежелгі әлемнің бейнелеу өнерінде көрсетілген рухани мұра­ларын қазіргі шындықпен ұштастырып, жұмыр жерді өткен өмірдің жай ғана сағымы сияқты ұсынады. Қо­­ғамның маңызды тақырып­тарының ішінен суретшілер көп жағдайда адамзат баласының ақыл­ға қо­нымсыз тіршілік етуі мен таби­ғат үйлесімділігінің арасындағы рухани қақтығыс ретіндегі эколо­гиялық проб­лемаларға жиі ат басын бұрады. Суретші А.Қа­зығұлов көне заман­дағы елді мекенге өз қыл­қаламымен саяхат жасайды. Ол бейнелеу өне­рін­дегі символизм мен кон­цеп­туализм негіздеріндегі компо­зиция мағы­насын код арқылы жаңадан жасап, әлдебір жорамал рухани идеяны визуалды-көркем түпнұс­қаға айналдыруды көздеді. Алпысбай Қазғұловтың қандай туындысын алып қарасақ та, терең философиялық ойларға толы. Әрбір шығармасы бейне бір бел­гісіз сағыныштарға жетелейді. Оның кескіндеме кеңістігінде қолданатын бояулары айқын түс­терден алшақ­тап, түпсіз тегістікке жол сілтейді. Мәселен, «Асауға тұсау» жұ­мысы ерекше көз тартады. Атал­мыш картина дәлдігімен тәнті етеді. Еркін де бөлекше жазу байқалады. Суретші таза рефлекске аса мән береді. Соның нәтиже­сінде карти­наларынан кеңістікті байқау қиын емес. Суретші картинада тірі қозға­лысты ал­дыңызға жайып салады. Қозғалыстың анық байқалуы сурет­шінің кеңістікті жақсы көре біле­тінінде жатыр. Кеңістікті сезіне білу суретшіге бояу палитрасын да толық меңгеруге мүмкіндік берге­ніне шүбә келтірмейсің. Кар­тинадағы кеңістік пен жарықтың алдыңғы планда айшық­талуы кере­мет үйлесім тауып, картинаның тұтас көркемдік дәрежесін ас­қақ­татып тұр. Суретші «Үйірде» деп аталатын карти­на­сында бояулар палитрасын молынан шебер пайдалана білген. Түстердің көптігіне қара­мастан, мұнда гармониялық тұтастыққа жету арқылы суретші үйірдегі жыл­қылардың да, қоғамдағы адамдар­дың әралуандығын ашып көрсетуді философиялық мақсат етіп алғанын аңғарамыз. Әртүрлі түстегі буыр­қанған бояулар бірін-бірі толтыру арқылы картинада күлгін реңкке ие болған. Живописьте аталмыш түс контрасты болып саналғанымен, тылсымдықты білдіреді. Күлгін түс ауыр қабылданғанымен де, адамды тыныштық пен сабырлыққа алып келетінін ескерсек, суретші жалпы картинаға осы түсті сәтті таңдап алған. Суретшінің дәл осы шешімі картинаны көріп тұрған адамды ойлауға шақыратыны, ойлауға үйрететінін байқау қиын емес. Шынында да, өнер атаулының өркениеттегі басты міндеті осы екені дәлелдеуді қажет ет­пейді. Бұл туынды адамды ойлауға мәжбүрлеп тұр­ған көп тұстарын ескерсек, көруші тек үйірдегі жылқылармен тұсауланып қалмасы айқын. Сол тұрғыдан алғанда, картинадағы үйірді қоғам сим­волы ретінде қабылдауға әбден болады. Кар­тинада табиғат пен оның ажырамас бөлігі болған жануарлар сурет­телгенімен де, көзі қарақты көрер­меннің ойына уақыт пен кеңістіктегі адам түсетіні анық. Алыстағы үйір фоны мен алдыңғы пландағы екі жылқының тайталасу сәті көрер­менді философиялық ойларға жетелейді. А.Қазығұлов өз Отанының құндылығын жырлауда өзекті мәселелерді бейнелеу өнерінің тілі­мен ақтарып, кейде астарлап жеткізеді. Суретшінің картина­ларында тәуелсіздік рухы ұлты­мыздың баға жетпес мұра екенін үнемі ескертіп отыруының негізгі себебін осылай тү­сіндіруге болады. Сондықтан да бүгінгі таңда Қа­­зақстан бейнелеу өнеріне қомақ­ты үлес қо­сып, суретшілер арасында көш бастап тұрған Алпысбай Қазығұловтың шығармашылығы мемлекеттік деңгейде лайықты бағаланады деп сенемін.  

С. МЫРЗАБЕКОВА, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің Қазақстан бейнелеу өнері, графика бөлімінің жетекшісі