Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Суретшілер одағының басқарма мүшесі Алпысбай Қазығұловтың актуалды әрі қайталанбас құнды шығармалары бейнелеу өнері тарихында қалатыны сөзсіз. Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуы мен өркендеуіне 80-жылдардан бастап жаңа стилімен, дара қолтаңбасымен елеулі үлес қосып келе жатқан суретші еңбегі бүгінде мақтауға ие. Танымалдылық пен атақтары болса да, суретші кішіпейіл және қазақы мінезін жоғалтпаған. Ол 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының сурет-графика факультетін бітірді. Осы оқу орнында Ж.Балкенов, Н.Журавлев, Е.Зальцман сынды ұстаздардан өнер тарихы, мүсін, кескіндеме, графика салаларынан білім алды. Уақыт өте Е. Төлепбаев пен Б.Түлкиев сынды танымал аға суретшілерімен араласты. Оларды өзінің ұстаздары ретінде үлгі тұтып, бірге жұмыс істеген шағын ұмытылмас кезең деп бағалайды. Суретші сол кезеңдерде болып жатқан өтпелі дәуірдің өзгерістеріне жауап беріп, өзіндік көзқарастарын туындылары арқылы жеткізуге бел буады. Бұған суретшілер арасында өтетін симпозиумдар мен түрлі көрмелер, шығармашылық басқосулар да әсер етпей қоймады. Өйткені жылымық кезеңдері мен қазақ суретшілері арасында Ван Гог, Матисс, Сезанн, Пикассо, Модильяни, Моне, Шагал, Кандинский сынды авангардтық ағымдардың негізін қалаған суретшілердің жазу стильдерін Алпысбай шығармашылығының бастапқы кезінде кеңінен қолданды. Бұл суретшінің болашақ өз стилін табуына маңызды түрде ықпал етіп үлгерді. Сондай-ақ кескіндемеші республикалық және халықаралық дәрежедегі көркемсурет көрмелеріне қатысумен қатар, көптеген жеке көрмелерін ұйымдастырды. Соның ішінде Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде туындыгердің бірнеше көрмесі өтті. Автордың туындылары еліміздің және басқа да шетелдік жинақтарда сақтаулы. Ол қоғамдық іс-шараларға араласып, сатылым көрмелерінен түскен қаржыны қайырымдылық қорларына аударып, үлкен жомарттық көрсетті. Алпысбай Қазығұлов шығармашылықпен айналысып қана қоймай, жеке қорына екі мыңдай коллекция жинап үлгерген. Жеке коллекцияны кескіндеме, графика, мүсін туындылары құрады. Қор спектрі көп қырлы, яғни Қазақстанның кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасу кезеңіндегі Н.Хлудов, Ә.Қастеев, С. Мәмбеев, Ж.Шарденов және 60-жылдардағы суретшілер С.Айтбаев, Ш.Сариев, Т.Тоғысбаев, Ә.Сыдыханов, 70-80 жылдардағы кескіндемешілер Ғ.Баянов, Б.Бәпішев, К.Муллашев, Е.Төлепбаев, Б.Түлкиев сияқты суретшілердің көркем туындыларын кездестіруге болады. Оның шығармашылынан сюрреализм және этникалық абстракционизм бағыттарын көруге болады. Суретші өз композицияларында ой әлемін бейнелейді. Әлемді тануда, оның астарына үңілген сайын көрерменін кеңістікке көз жүгірте отырып, ой шырмауына енгізеді. Суретші кенеп бетіне заттардың өзін емес, оған шағылысқан сәулелерді бейнелеуді жөн көреді. Кеңістік бетінде түстер мен энергетикалық сәулелердің әртүрлі заттармен шағылысуынан пайда болған әсерін бейнелейді. Ол бейнелеу өнерінде ХХ ғасырдағы орыс абстракционизмінің ерте бағыттарының біріне жататын «лучизм» бағытын ұстанады. Мұнда жазықтықта заттың өзін емес, одан шағылысқан сәулені бейнелеу характерді жақсы табуға көмектеседі. Бірақ суретші картина жазғанда тек сәулелерді хаотикалық тәртіпте жазып қана қоймай, оның формасын табудағы эстетикалық әсерін де бейнелеуге тырысады. Осы тәсілдің А.Қазығұловта анық байқалатынын өнер зерттеушісі Ж.Берістен өз еңбегінде жазып өткен. Сонымен қатар суретшінің ұлттық құндылықтарды жаңаша пайымдауы Р.Ерғалиева, К.Ли, Х.Тұрысбекова және тағы басқа танымал өнертанушылардың ғылыми еңбектерінде де атап өтілген. Қазығұловтың ұлттық дүниелерге деген ынтызарлығы, жеке көзқарасы жаңаша ізденуіне септігін тигізді. Және де тарихи-этнографиялық материалдар негізінде бағзы этникалық мәдениет пен ежелгі көшпенді мәдениетін сәйкестендіруде қазіргі уақытты сабақтастырып, жаңа үлгілер тапты. Ежелгі әлемнің бейнелеу өнерінде көрсетілген рухани мұраларын қазіргі шындықпен ұштастырып, жұмыр жерді өткен өмірдің жай ғана сағымы сияқты ұсынады. Қоғамның маңызды тақырыптарының ішінен суретшілер көп жағдайда адамзат баласының ақылға қонымсыз тіршілік етуі мен табиғат үйлесімділігінің арасындағы рухани қақтығыс ретіндегі экологиялық проблемаларға жиі ат басын бұрады. Суретші А.Қазығұлов көне замандағы елді мекенге өз қылқаламымен саяхат жасайды. Ол бейнелеу өнеріндегі символизм мен концептуализм негіздеріндегі композиция мағынасын код арқылы жаңадан жасап, әлдебір жорамал рухани идеяны визуалды-көркем түпнұсқаға айналдыруды көздеді. Алпысбай Қазғұловтың қандай туындысын алып қарасақ та, терең философиялық ойларға толы. Әрбір шығармасы бейне бір белгісіз сағыныштарға жетелейді. Оның кескіндеме кеңістігінде қолданатын бояулары айқын түстерден алшақтап, түпсіз тегістікке жол сілтейді. Мәселен, «Асауға тұсау» жұмысы ерекше көз тартады. Аталмыш картина дәлдігімен тәнті етеді. Еркін де бөлекше жазу байқалады. Суретші таза рефлекске аса мән береді. Соның нәтижесінде картиналарынан кеңістікті байқау қиын емес. Суретші картинада тірі қозғалысты алдыңызға жайып салады. Қозғалыстың анық байқалуы суретшінің кеңістікті жақсы көре білетінінде жатыр. Кеңістікті сезіне білу суретшіге бояу палитрасын да толық меңгеруге мүмкіндік бергеніне шүбә келтірмейсің. Картинадағы кеңістік пен жарықтың алдыңғы планда айшықталуы керемет үйлесім тауып, картинаның тұтас көркемдік дәрежесін асқақтатып тұр. Суретші «Үйірде» деп аталатын картинасында бояулар палитрасын молынан шебер пайдалана білген. Түстердің көптігіне қарамастан, мұнда гармониялық тұтастыққа жету арқылы суретші үйірдегі жылқылардың да, қоғамдағы адамдардың әралуандығын ашып көрсетуді философиялық мақсат етіп алғанын аңғарамыз. Әртүрлі түстегі буырқанған бояулар бірін-бірі толтыру арқылы картинада күлгін реңкке ие болған. Живописьте аталмыш түс контрасты болып саналғанымен, тылсымдықты білдіреді. Күлгін түс ауыр қабылданғанымен де, адамды тыныштық пен сабырлыққа алып келетінін ескерсек, суретші жалпы картинаға осы түсті сәтті таңдап алған. Суретшінің дәл осы шешімі картинаны көріп тұрған адамды ойлауға шақыратыны, ойлауға үйрететінін байқау қиын емес. Шынында да, өнер атаулының өркениеттегі басты міндеті осы екені дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл туынды адамды ойлауға мәжбүрлеп тұрған көп тұстарын ескерсек, көруші тек үйірдегі жылқылармен тұсауланып қалмасы айқын. Сол тұрғыдан алғанда, картинадағы үйірді қоғам символы ретінде қабылдауға әбден болады. Картинада табиғат пен оның ажырамас бөлігі болған жануарлар суреттелгенімен де, көзі қарақты көрерменнің ойына уақыт пен кеңістіктегі адам түсетіні анық. Алыстағы үйір фоны мен алдыңғы пландағы екі жылқының тайталасу сәті көрерменді философиялық ойларға жетелейді. А.Қазығұлов өз Отанының құндылығын жырлауда өзекті мәселелерді бейнелеу өнерінің тілімен ақтарып, кейде астарлап жеткізеді. Суретшінің картиналарында тәуелсіздік рухы ұлтымыздың баға жетпес мұра екенін үнемі ескертіп отыруының негізгі себебін осылай түсіндіруге болады. Сондықтан да бүгінгі таңда Қазақстан бейнелеу өнеріне қомақты үлес қосып, суретшілер арасында көш бастап тұрған Алпысбай Қазығұловтың шығармашылығы мемлекеттік деңгейде лайықты бағаланады деп сенемін.
С. МЫРЗАБЕКОВА, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің Қазақстан бейнелеу өнері, графика бөлімінің жетекшісі