Теннистегі дау: Сәбина Байғали неге өкпелі?
Теннистегі дау: Сәбина Байғали неге өкпелі?
222
оқылды
Бізге белгілісі, бар мәселе басшылықтың тенниспен ай­налысу құнын өсіргеннен кейін туындаған. Тек санаулы балаларды ғана тегін оқыту үшін арнайы іріктеу өткізіп, қал­­ғандарын айына қомақты ақша төлеуге міндеттемекші. Ал ата-аналар бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, наразылықтарын білдіріп отыр. Олар орталықтың тәлімгерлерді сонша жыл те­гін жаттықтырып, енді ақылы қыл­ғанын түсіне алмай пұшай­ман болуда. 9 жыл бұрын «Дәулет» спорт кешеніне ауысқан теннисші Сәбина Байғали сол кезде бұлай өкінемін деп ойламағанын айтады. Ол сонымен қатар соңғы 5 жылдықта бап­кері Виталий Павловтың жас теннисшіні кемсітіп, менсінбей, спорттық жарыстардан қалыс қалдырып, жолын бөгегенін де жа­сырмай жайып салды. Жас теннисші түр­лі турнирде жеңіске жеткені, алған алғысхаттары мен ме­дальдарының бүгінде түкке де жарамай тұрғанына қапалы.
– Маған және тенниспен айналысатын кейбір балаларға бапкеріміз Виталий Павловтың тарапынан кемсітушілік, ашық қудалау, қоқан-лоқы көрсету бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр. Шыным­ды айтсам,  қатты шаршадым. Бұған дейін түрлі жарыстарда жақсы же­тістіктерге қол жеткіздім. Соң­ғы іріктеу турнирінде жи­наған ұпайымды есепке ал­мады. Үл­кен тенниске бет бұрған өзге ба­лалардың кейбірі де осылай арпалысып жүр. Әңгіменің түп төркіні ақшада жатыр. Теннис орталығы әуесқой тенниспен ай­налысатындардың ақысын көтермек. Бү­гінгі күнге дейін жас теннисшілер спорт­тық үйірмеге тегін қатысса, енді 120 мың төлеуі тиіс, – дейді Сәбина.
Сол іріктеуден Сәбинадан бөлек өзге де үздік теннис­шілердің көбі өтпей қалған. «Бұл спортшы болуға талпынған баланың жігерін жасытып, сағын сындырады ғой», – дейді теннисші қыздың әкесі Байғали Момбеков.
– Спортта қаракөздеріміздің саны аз. Олар көбіне шеттетіліп жүретінін  күнделікті өмірде жиі көріп, байқап жүрміз. Бұл ба­лалар спортында да белең ал­ған. Көпшілігі теннисті еуро­палық спорт түрі, қазақтарға келіңкіремейді деп ойлайды. Қазақтар көкпарға, күреске, боксқа икемді деп ақтап аламыз. Бұл дұрыс емес. Содан да бо­лар, жақсы нәтижеге қол жет­кізе алмай келеміз. Теннис фе­дерациясының құрылғанына 28 жылдай уақыт болды. Алайда қазіргі кезде елімізден ауыз толтырып айтарлық қазақтың мықты теннисшілері шыққан жоқ. Көбінесе легионерлерге иек артамыз. Ең өкініштісі, балалар спортына дендеп көңіл бөле алмай жүрміз, – дейді ол.
Дияс Досқараев кеткен соң, оның орнына Америкадан басқа маман келіп бас­шы болғанын айтқан Байғали Момбеков содан бастап теннис ақылы болғанын әңгіме барысында айтты.
– Жаңа талапқа сай ор­та­лықтағылар турнир ұйым­дастырып, жеткіншектерді іріктеуден өткізді. Үздік көр­сеткіш көрсеткен қызымды ақылы бөлімге жіберіпті. Ірік­­­теуден өтпеген өзге де тә­лім­герлер енді ай сайын 120 мың теңге төлеуі керек екен, – деген Байғали Түймебайұлы қазіргі уа­қытта қызының қа­тар­ластарымен бірге бас­қа бап­керлерге ақысын төлеп, жат­тығып жүргенін айтты.
Іріктеуден өтпей қалған қызының ер­теңгі күніне алаң­дайтынын тілге тиек ет­кен Раушан Тойшыбаева да басшылықтың шығарған шешімімен келіспей­тіннің бірі.
– Жақында іріктеу болды. Менің қызым ғана емес, біраз балалар ақылы бөлімге ауыс­тырылыпты. Неге десеңіз, олар айына балалардан 120 мың теңге төлем алғысы келеді. Қызым тенниспен 10 жылдан бері ай­налысып жүр. Сонша жыл спорт­пен айналысып жүріп, неге қомақты ақша төлеуіміз ке­рек, – дейді ол.
Ал «Дәулет» теннис орта­лығының басшылығы ата-аналардың «іріктеу тур­нирін өткізді дегені жалған, олардың өкпелеуге еш құқы жоқ» деп отыр. Бірнеше жылдан бері балалар тенниске тегін қа­тысып келді, ендігі кезекте тек спортқа жаңа келгендер ғана бастапқы кезде ақысыз жаттығуы керек деп есептейді.
– Ата-аналар балалары­ның тегін жат­тығуға қатыс­пайтынына наразы. Бұған дейін теннисшілер федерация ар­қасында тегін жаттықты. 28 қыркүйек пен 1 қараша ара­лығында іріктеу турнирі өте­ді. Сол турнирде кімнің мық­ты, кімнің тегін жат­тыға ала­тынын көреміз. Бірақ бұл тур­нирге федерацияға қарсы ата-аналар балаларымызды қатыстырмаймыз деп отыр. Тен­ниспен кәсіби шұғылдану мүмкіндігі тек 18 балаға берілу керек қой, – дейді Қазақстан тен­нис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.
Біздің білуімізше, бас­шылық бапкер­лердің жалақысы мен ко­ммуналдық шығын­дарды ба­лалардан түскен ақ­шаның есебінен өтемекші екен. Сондай-ақ спорттық топ­қа бұрынғыдай 40 емес, 18 бала ғана алынатын болған. Қалғандары әуесқой топқа ауысып, бапкермен ақылы түрде жаттығуы керек. Ал жас теннисші Сәбина Байғалидің жеке бапкерін кінәлау мәсе­лесіне келер болсақ, қазіргі кезде аталған жайт бойынша Теннис федерациясында қызметтік тек­серіс жүргізіліп жатыр. Ішкі тексеру ко­мис­сиясының құрамына психологтер тар­тылған. Барлық деректердің ақ-қарасын ашу мақсатында жүргізілетін тексеріс жұ­мыс­тары екі аптаға созылады. Тек сол кезде ғана нақты шешім қабылданбақ.  

Абылайхан ЖҰМАШ