Шолақ мылтық

Шолақ мылтық

Мақтамен бауыздау

Қазақтың  көрнекті сатирик-жазушысы һәм драматургі Қалтай Мұхамеджанов – жүрген жерін күлкіге көміп жүретін өте әзілқой әрі жатыпатар айтқыш болған кісі. Саналы ғұмырында бірнеше құзырлы қызметтердің  құлағын  ұстап,  беделді басылымдарды басқарды. Сондай белді  де  беделді  басылымдардың   бірі  – «Ара»  журналының  Бас редакторы  кезінде жауапты хатшы Көпен Әмірбекті өзіне шақыртады. Хатшы  қыз  оның жұмыста жоқ екенін айтады. Қалекең екінші күні де Көпенді  қызмет  орнынан таппайды. Бұл жағдай үшінші күні де қайталанады.  Сонда  Қалтай   Мұхамеджанов  хатшы қызды  шақырып  алып: – Жауапты  хатшыға  айтшы,  ертең  қолы тисе, сағат 3-те мені қабылдасыншы! – деген екен  қол  астындағы  қызметкерін   мақтамен  бауыздағандай  етіп.  

Қожа мен қожа заменитель

Қалтай   Мұхамеджанов   «Ара»   журналының    Бас  редакторлығынан  кетіп,  халықаралық  «Түркістан»  газетінің  Бас  редакторлық  қызметіне  ауысады.  «Генерал   болуды   армандамаған   солдат – солдат  емес» дегендей,  қолына  қалам  ұстаған  біраз  қаламгерлер  сол бос орынға отыруға  жанталасып  бағады.  Олардың  арасында  «Ара»  журналының  жауапты   хатшысы   Көпен  Әмірбек   те  болса  керек. Бірақ «Қуған жетпейді,  бұйырған  кетпейді»  демекші,  «Ара»  журналының  Бас редакторы  болып  белгілі  сыншы  Сайлаубек  Жұмабеков  тағайындалады. Көп  уақыт өтпей,  әлгі  қызметтен  дәмелі  болған  Көпенге  жора-жолдастары  жолығып  қалып: – Көпен,  «Ара»  журналының  Бас редакторлығына лайық бір адам болса, сол  сен  едің.  Қалай,  жайлы  орынға  жайғастың  ба? – деп сұрайды. Сонда  Көпен: – Қожа  кетіп,  оның  орнына  Қожа заменитель келді ғой, – деген екен Қалтай  Мұхамеджановтың  руы  қожа  екенін  меңзеп.  

Днем – 50, ночью – 25

«Ара»  журналының  Бас редакторы, белгілі сатирик-пародист Көпен Әмірбек  шашын  қысқартпақ  болып  шаштаразға  келеді.  Жаратылысынан әзілге  әзір  жүретін  Көпекең  әңгімесінің  әлқиссасын  қалжыңмен  бастайды. Шаштаразшы орыс келіншек те әзілге әзілмен, қалжыңға қалжыңмен  жауап  қайырып,  әңгімелері  жарасып қалады. Сөздің реті келген  тұста  әлгі  келіншек  Көпенге: – Вам  сколько  лет? – деп  сызылады. Сонда  аяқтыға  жол,  ауыздыға  сөз  бермейтін  Көпекең ескі әдетіне басып: – Днем – 50,  ночью – 25!, – деген екен.  

 Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ