Қала күніндегі қоныстой
Қала күніндегі қоныстой
233
оқылды

Жұма күні талдықор­ған­­дық­тар қала күнін той­ла­ды. Талдықорғанның ту­ған кү­­­ніндегі басты жаңа­лық­тар­­дың көш басында жүз от­басының баспаналы бо­луы тұрғанын айта кеткен жөн. «Үйі жоқтың күйі жоқ» де­ген­дей, қала күніне дейін күйі кел­мей жүргендердің үлкен бір тобы қуанышқа кенелді.

Алматы қаласынан Талды­қор­ғанға жеткізетін, қайта төселгеніне бірнеше жыл ғана болған күре жолдың сол қапталында салына бастаған коттеджді қалашық алға жылжыған айлармен бірге қанатын кеңге жайып, көріктене түскенін көзбен көріп жүретінбіз. Сәулеті ерекше дербес үйлерге тұру бақыты кімдерге бұйырады екен деп қиялдаған кездер де болғаны рас. Ақыры осы қала­­шық­тағы алғашқы үйлер пай­да­ла­нуға берілді. «Береке» деген баршылық пен ынтымақты меңзейтін атауды иеленген ша­­ғы­н­аудандағы коттеджді қа­ла­шықтағы дайын болған тұрғын үйлердің кілттері бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен ауған соғысы ардагерлеріне берілді.

Баспаналы болғандардың қуа­ны­шын бөлісуге жиналған жұрт­шылықтың қарасы мол болды. Салтанатты рәсімге об­лыс әкімі де арнайы келіп, жа­ңа үйлердің кілтін тапсыруға қатысты.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, жаңа қалашықта адамға қа­жет­­ті­­ліктердің барлығы ойлас­ты­­рыл­ған. Инфрақұрылым толы­ғы­мен тартылған. Алдағы кезде әлеу­меттік және тағы басқа ха­лық­қа қызмет көрсететін нысан­дар да са­лынады. Құрылыс бары­сын жеке бақылауымда ұста­дым. Сапа мен қолайлығына ерек­­ше назар аудардық. Бар­л­ы­ғы дұрыс деп ойлаймын. Қоныс­той­ларыңыз құтты болсын! Шаңы­рақ­тарыңызды құт-берекеден айырмасын. Жаңа үйде бала-шаға­ларыңыз өсіп-өнсін, бақытты болыңыздар! – деген Амандық Ғаббасұлы Жетісу жерінде ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар, болашағы жарқын жобалар жайлы да жан-жақты айта кетті. Талдықорғандықтардың шақыруымен қала күніне ар­найы келген ғарышкер, Ха­лық Қаһарманы Айдын Айым­­­бетов те қуанышқа ортақ­тас­ты. Толғанысты тілегін біл­ді­ріп, бір­неше үйдің кілтін жер­лес­те­ріне өз қолымен табыс етіп, құттықтады. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермек Келемсейіт, «Нұр-Шапағат» ЖШС директоры Қайрат Кереев, көпбалалы ана Злиха Нұрсейітова, ауған соғысының ардагері Мұрат Ами­тов және тағы басқалар құтты бол­сын айтты. Облыстың Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков бата берді.  

Алматы облысындағы көпба­лалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға және тағы да басқа әлеу­меттік тұрғыдағы көмекке мұқтаж жандарға баспана алып беру мәселесінің шешілуіне кәсіп­кер­лер мен жанашыр аза­маттар үлкен үлес қосып отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ая­сын­да жүзеге асырылып жатқан шарапатты іске ат салысқан бір топ жер­гі­лікті кәсіпкер осы жолы да қарап қалмай, ауған соғысы ардагерлеріне өз қаражаттарына баспана алып берді.

 

Болат АБАҒАН
Алматы облысы