Жамбыл облысы Қордай ауданында аты аңызға айналған Өтеген батырдың 320 жылдығы Қордай ауданында аталды.
Шара барысында алдымен еліміздің бірқатар өңірінен келген қонақтар Батыр ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Одан соң Өтеген батыр атындағы аудандық мәдениет үйінде тұлға тағылымына арналған жиын өтті. Онда Өтеген батырдың Абылай ханнан алған шұбар тегенесі көрсетілді. Қазір бұл тегене батырдың сегізінші ұрпағы Бақытжан Бекбатыровтың қолында сақтаулы екен.
Жиында белгілі жазушы Марал Ысқақбай сөз сөйлеп, батырдың өмірінен сыр толғады. 1699 жылы Шу өзенінің бойындағы Изенді деген жерде дүние есігін ашқан Өтеген жастайынан ғылым-білімге құмарболған. Бұхара, Самарқан, Шам, Бағдат сияқты атақты руханият ордаларында болғаны, Түркістан, Ташкент маңындағы және Аңырақай даласындағы қиян-кескі шайқастардағы шайқастарын әңгімеледі.
Өз кезегінде Өтеген батыр және оның ұрпақтары туралы жарық көрген кітаптың тұсауы кесілді. Артынан мерекелік шара Өтеген батыр ауылында жалғасты.
Көпшілік батыр кесенесіне барып, бабалар рухына Құран бағыштады. Ауыл мешіті маңындағы алаңқайда күрес, 33 шақырымдық аламан бәйге өтіп, жеңімпаздар соңғы үлгідегі «темір тұлпарларға» ие болды.
Айта кетейік, Есімі елге мәлім, ұрпаққа ұран болған Өтеген батыр қазақ тарихындағы тегеурінді тұлғалардың бірі. Ұлы жырау Жамбыл Жабаев батыр туралы толғауында «Жолбарыстай қарулы, қырандайын қырағы, арыстандай айбарлы» деп жырлайды. Өтеген батыр жасынан ерлігімен көзге түсіп, ел қорғауда ерекше ержүректілігін танытқан тұлға. Батыр есімі ұрпаққа ұлағат ретінде Сүйінбай, Сарбас, Майкөт, Жамбыл сияқты алыптардың өлең-жырларына арқау болған.
Тарихи деректер бойынша батыр 74 жасында Іле бойында өмірден өткен екен. Кейіннен батырдың ұрпақтары Қапшағай су қоймасының салуына байланысты сүйегін 1973 жылы Қордай жеріне әкелінген. Ал 1999 жылы батырдың үш ғасырлық тойы республикалық деңгейде аталып өтіп, басына кесене тұрғызылған. Аудан орталығы Қордай ауылына ескерткіші орнатылған. Бұдан бөлек, Алматы қаласының бір көшесіне және Іле ауданының орталығына да Өтеген батыр есімі берілген.