Мұхтар, Шерхан, Оралхан! Алыптар туған күн!
Мұхтар, Шерхан, Оралхан! Алыптар туған күн!
295
оқылды

Бүгін – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күні. Қазақ әдебиетінің үш алыбының туған күнінде естеліктерден, сәулелі сәттерінен үзінді жариялауды жөн көрдік.  

  Сенім жүгі Шерхан Мұртаза ағамыз еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстанға» редактор болып тағайын­далғанда, оны редакцияға таныстыруға сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі бастап алып келді. – Бәріңіз де шығармашылық адамдарысыздар, – деді Өзекең Шерағамның өмір жолын баяндап шыққаннан кейін, – өйтіңдер, бүйтіңдер деп ділмәрсіп жатудың қажеті жоқ деп білемін. Газетті көтеру керек. Халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесін көздейтін, өткен тарихы мен жарқын болашағын жан-жақты ашып көрсететін материалдарды көптеп берген ләзім. Сөйтіп, басылымды жалпы ұлттық газетке айнал­дырған жөн. Оған мына жаңа басшыларыңыздың күш-қуаты да, тәжірибесі де жетеді деп ойлаймын. Шерағам көп сөйлеген жоқ. – Мен не дейін? – деп Өзекеңе қарады. – Бәрін өзіңіз комбайн жүріп өткендей жиып-теріп айтып кеттіңіз ғой, кәшек қалған жоқ. Сенімді ақтауға тырысамыз. – Сонан соң көпшілікке бұрылып: – Жалғыз ағаш – орман емес, – деді. – Хатшы мені қанша мақта­ғанымен, жалғыз өзімнің қолымнан түк те келмейді. Сіздерге арқа сүйеймін. Бірігіп жұмыс істейік. Бес саусақ біріксе, алмайтын асу да, жетпейтін жетістік те болмайды. Газетті ел сүйіп оқитын басылымға айналдыра білейік!.. Ағамның айтқаны айдай келді. «Социалистік Қазақстан» арада біраз уақыт өткен соң бұрынғы қатып қалған қасаңдығынан айрылып, қалың көпшілік асыға да қызыға қауышатын басылымға айнала бастады; тиражы өсті, оқырмандар саны арта түсті. Қолынан іс келетін мамандарды таңдап-тауып, сенім арту – білгір басшыға тән көрегендік десек, сол сенімді бүкіл ақыл-ойы мен күш-қуатын жұмсай отырып, абыройымен ақтап шығу да – нағыз өнеге-ерлік дер едік. Осындай ағаларымыздың арқасы ғой, қазақтың қатарынан кем қалмай, алға адымдап басып келе жатқаны. (Әділ Дүйсенбек. «Шерағамның шеруі»)   Айтқыштардың айдарынан жел есті Қазақтай сөз қадірін білетін жан бар ма екен жалғанда. Айтуы келіссе, астындағы атын да тастап кететіндер болған ғой өмірде. Сонау көне дәуірден келе жатқан шешендік сөздердің өзі ен байлық емес пе? Сол кезде айтылған тапқыр сөздерді қазір неге жаңғыртпасқа? Әлде тауысып біттік пе? Әлде ыңғайсыз ба? Шерағам «Егемен Қазақстанды» басқарып жүрген жылдары кезекті бір лездемеде осы ойды қаузай келіп, газетке «Ауыл айтқыштары» атты айдар алып шықсақ қалай болар екен дегендей пікір білдірді. Мұндайда алғашқы боп сөз бастайтын ағаларымыз аз-мұз кідіріп қалды да, артта отырған орта буын өкілдерінің бірі: – Ресми басылымбыз ғой, жоғары жақ не дер екен? – деп күңк  ете қалды. – Не? – Шерағам жауап күтпестен даусын одан әрі күшейте түсті, – сонда біз ресмиміз деп шіри беруіміз керек пе? Онсыз да сықиып тұрған «СҚ»-дан енді-енді арылып, елдің бетін бері қарай бұра бастаған тұста оқырмандардан ажырап қалмаған ләзім. Ол үшін кез-келген тәжірибеге баруға тиіспіз. Мәселен, кезінде Жамбаев айтыпты деген күлдіргі сөздер әлі де өз мәнін жойған жоқ. Соларды неге бермеске? – деді. Басшы бастаса, қостаушылар қос-қостан шыға­тыны белгілі емес пе? Сол жерде отырып-ақ «Сағалбай солай депті» деп бір-екі мысал айтқан жасы үлкен ағайымызға Шерағам: – Осы айтқандарыңызды ертең жазып әкеліңіз! – деп қолма-қол тапсырма берді. Анау «ә,ә» деп барып «әрине» деді. Осылайша, ресми газетте тұңғыш рет бейресми айдар пайда болып, ол әлі де жалғасып келеді. Айтқыштардың айдарынан жел есті деген осы болса керек. (Әділ Дүйсенбек. «Шерағамнң шеруі»)   Шекпенінен шыққандар Әдебиетте өзіндік орны мен үні бар Өтеген Оралбаймен алғаш «Егемен Қазақстанда», сонан кейін құдай сәтін салып, Ақордада қызметтес болу бақытына ие болдым. Сол айтатын еді: «Осы сен ғой, Шерағаң туралы жазып жүрсің, білесің бе, сол кісінің қанша шәкірт тәрбиелегенін?» деп. Шынында, ойланып қалдым. Былайша қарасақ, Мұртаза мырза Мұртазаев болып газет-журналдар мен теле-радиоға басшылық жасағалы бері жүздеген жасты тәрбиелеп шығарғаны мәлім. Ал, нақты санына келетін болсақ ше? «Шерағаның шекпенінен шыққан едім» дегенді елге белгілі ақын-жазушылардың өздері айтпаса, басқалары сол «белгісіз» қалпында қала беретіні сөзсіз. Осы ойымды келесі бір кездескенде Өтекеңе айтып едім: – Онда мен де Шерағаның шекпенінен шет қалмаймын ғой, «Ленжас» пен «Егеменде» еңбек еткем, – деп еңселене түсті. – Алдымен ағамыздың өзі шақырып алып қызметке орналастырған адамдарды түгендеп алайықшы! Мәселен, Атыраудан Әбіш пен  Фаризаны, Алтайдан Оралхан мен Дидахметті деген сияқты. – Жамбылдан Қалдарбек пен Кәрібай, – дедім мен. – Жұмекен мен Рақымжан! – деді ол. – Мұқтар мен Тұтқабай! – Ақселеу мен Қадірбек! – Мағира мен Жұмагүл! – Серік пен Қуанышбай! – Мұса мен Елен!.. Осылайша, екеуміз кезектесіп санағанның өзінде саны отыздан асып кетті. – Қазір осы кісілердің өздері де шәкірттер тәр­биелеп жүр емес пе? – деді Өтекең өзінің филосо­фиясына басып. – Демек, олар да ұстаздарының ұстазын  ұстаз тұтады ғой. – Олардың бәрін қосатын болсақ, күллі қалам ұстағандардың тең жартысын Шерағаңның шекпенінен шыққандар деп қалай айтпасқа! (Әділ Дүйсенбек, «Шерағамның шеруі»)   Адамның жазуында да мінез бар Өзім басқаратын газетте оқта-текте «О.Бөкеев» деп қол қойған очерктер жарияланады. Ә дегеннен назар аударды. Автор аз ба, тәйірі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті басқа республикалардан, тіпті шетелдерден жазып жататын қаптаған авторлар. Кейде бөлімге айтып, поштаны өзім шолып шығамын. «О.Бөкеев» деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым. Қолы қисықтау, қияңқылау көрінді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында да мінез бар. Жазуына қарап, сөзіне, сөйлеміне қарап, бұл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым. Алдымен өзім бұрын бірде бір рет көрмеген Алтай тауы келді көз алдыма. Бұрын көрмеген дүние көз алдыңа қалай елестейді? Сөйтсем, атақ-даңқы жер жарған Алтай тауын автор мына конверттің ішіне сыйдырып жіберген екен. Бірақ автордың өзін елестете алмадым. Көрейін дедім. Орынбасарым Тельман Жанұзақты шақырып алып, конвертті ұсындым: – Мынау адамды шақырт. Келсін. Командировка редакцияның есебінен, – дедім. Тельман көркем жігіт еді. Ентігіп дем алатын. Сұлулана жымиды. – Байқаған екенсің ғой, – деді. Арада шамасы жарты ай өткенде Тельман кабинетке бір жап-жас жігітті ертіп келді. Сұлулана жымиып: – Мынау өзің айтқан... – дей бергенде, – Айтпай-ақ қой, таныдым, – деппін. Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын-толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен. Мен қашан «отыр» дегенше кекірейіп тұрды да қойды. (Шерхан Мұртаза)   Айхан мен Айжанның әкесі Ән-күйлі, әңгіме-дүкенді әдемі отырыс та аяқталады. Қуанышқа жиналғанда үйді-үйіне тарайды. Сонда ол Айман екеуі ғана қалады. Екеуі ғана. Отасқалы қанша жыл болды: екеуден-екеу. Бала жоқ. Әлгінде ғана театрдағыдай жаз жайнаған үй енді жадау тартады. Сондайда Оралхан әлгінде аздап қана ұрттаған коньяктің әсерінен бе екен, әлде үйдің қоңылтақсып қалғанынан ба екен: Жалғыз ұлы бардың, Шығар-шықпас жаны бар. Екі ұлы бардың, Өкпе, бауыр, жалы бар. Үш ұлы бардың, Бұхарада малы бар. Төрт ұлы бардың, Аспанға салған жолы бар, – дейді де, алақандарын аспанға жайып жіберіп: «Құдай-ау, мен саған төрт ұл, үш ұл, тіпті екі ұл бер деген жоқпын ғой. Жалғыз ұлды да аядың ба? Жалғыз ұлды болып, соның тілеуін тілеп, жолында садаға кетіп, шығар-шықпас жаным жүрсе болмас па еді, Құдай!» – дегенде, Айман үн-түнсіз жылайды екен. Оның Құдайға айтар арызы – тек көз жасы. Ақыры опат болды. Жайын жәннаттан берсін. Оралханның әкесі мен шешесі де төрт қыз өсіріп отырса да, жалғыз ұлды армандайды екен. «Бәрі де майданды» оқыған адам мұны түсінеді. Бір кезде «за бездетность» деген салық болды. Әрине, ондай дуайпат салықты Оралханнан ұстайды. Сонда Оралхан салықтан қалған ақшаны ұстап тұрып: – О, сығыр үкімет! Баласын қоқысқа лақтырып тастайтындарды жазаламай, мені жазалағаның неткенің? Мен балалы болмайын деп жүр ме екенмін?! – деп ызаланушы еді. – Жылда-жылда кітаптарың шығады, әрбір кітабың бір-бір бала емес пе, – деп жұбатқысы келеді сырлас досы Оралханды. – Кітапты менің ақыл-ойым, сезімім, еңбегім береді. Ал баланы Құдай береді. Құдайдың құр қалдырғаны – қиянат емес пе?! – дейді екен Оралхан. Ақыры Құдай оның наласына назар салып, аяса керек, кейін қосылған әйелінен бір ұл, бір қыз сүйді: Айхан, Айжан. (Шерхан Мұртаза).   Төменге қараймын, Оралхан көрінбейді Мен алпысқа толғанда Оралхан маған арнап екі-ақ абзац сөз жазды. Бірақ сол екі ауыз сөзге ол ширек ғасыр бірге болған ғұмырымызды сыйдырып жіберді: «Аға! Мен сізді ешқашан аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алды мен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де ат құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім. Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, сіз алпыс деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» (1992ж.). Соңғы сөйлем... Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып-батты». Сонда... Қатон-Қарағайғай, Шыңғыстайға барғанда, алқаракөк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар... (Шерхан Мұртаза)