«Менің қасымда тағы 4 жігіт бар. Алатын айлығым 60 мың теңге. Жалақыны бөліп-жарып алдыңғы айдың жартысын, оның алдындағы айдың бір бөлігін беріп отырды. Жұмыстан шыққан кезде, есеп-қисап жасалып өткен айларда берілмеген ақшаны төлеу керек еді. Маңдай терімізбен тапқан ақшамызды ала алмай жүргенімізге алдағы қазан айында тура бір жыл болады. Қасымдағы жігіттер де 80 мың теңгеден бастап 150 мың теңге аралығындағы айлықтарын ала алмай жүр. Бізге айлықтарыңызды міндетті түрде береміз деп уәде берген еді. Уақыт созылып кеткен соң амалымыздың жоқтығынан Еңбек инспекциясына арыз жазуға тура келді. «Сұңқар күзеттің» директоры Ербол Асылбеков деген жігіт. Олардың айтуынша, астаналық «Құлагер» құрылыс компаниясы Қарағандыда тұрғын үй салған. Сол үйді ЖШС «Сұңқар күзет» күзетеді. Аталған құрылыс компаниясының күзет агенттігінің алдында берешегі бар. Олар қаржы бөлісімен жұмысшылардың айлығы қайтарылады деп сендіріп отыр», − дейді Марат Жәнібеков.Жұмысқа тұрар алдында еңбек келісімшартына қол қойдыңыз ба деп сұрағанымызда «нақты қандай құжатқа екені белгісіз бір-екі қағазға қол қойдырып алды» деп жауап берді кейіпкеріміз. Марат Жәнібеков арызды Қарағандыдағы Еңбек инспекциясына жазған. Біз ол кісінің өтінішін Нұр-Сұлтан қаласындағы Еңбек инспекциясынан алдық. Кейін белгілі болғандай, «Сұңқар күзет» агентігіне ақшаны астанада тіркелген «Құлагер» құрылыс компаниясы төлеуі тиіс екен. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша бас қаланың еңбек испекциясы жұмыс істеп жатқандарын мәлімдеді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Еңбек инспекциясына келген Риза Рахимжанова да еш себепсіз айлығын қысқартқан бұрынғы басшысына ренжулі. Ол Кенесары 74 мекен-жайы бойынша орналасқан COTTON сауда дүкенінде сатушы болып жарты жыл жұмыс істеген.
«Мамыр айындағы яғни, соңғы айдағы айлығымды ала алмай жүрмін. Карантинді сылтауратып есеп-қисап жасаған жоқ. Келісімшарт бойынша бір айға 54 мың теңге аламын. Оның орнына 14 мың теңге төледі. Айлықты неге қысқартқанын сұрасам ешкім жауап бермейді. Жұмысқа барсам кіргізбейді. Қоңырау шалсам алмайды. Ең соңғы үмітім Еңбек инспекциясында» − дейді ол.Риза сияқты айлығын жылдап ала алмай жүргендер саны жетерлік. Астананың өзінде биыл осы күзге дейін 1143 жұмыскердің 149,3 млн теңгеден астам соманы құрайтын айлығы өтелген. Жалақысын ала алмай өтініш жазғандар саны 2917 адам. Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау үшін биыл Еңбек инспекциясы 94 жоспардан тыс тексеру жүргізіпті. Оның 44-нің заңды орындамай отырғаны анықталған. Жалпы сомасы 5,6 млн теңгеге 21 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны да белгілі болды.
Еңбек инспекциясының шамасы неге жетеді?
Көпшілік еңбек келісімшарты бұзылған жағдайда кімге, қалай арызданатынын білмей жатады. Кейбіреуі арызын арқалап әкімдікті жағаласа, енді бірі Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауына жазылады. Егер еңбек қатынастарында құқығыңыз бұзылса ең бірінші Еңбек инспекциясына жазбаша түрде шағым қалдыруыңыз керек. Арызыңызда: аты- жөніңізді, лауазымыңызды, қай мекемеде, қандай бөлімде жұмыс атқарып жатқаны және қандай еңбек қателігі болғаны жайлы неғұрлым толық аппарат беруіңіз керек. Еңбек инспекциясы ешқандай шара қолданбаса, әрі қарай сотқа жүгіне аласыз. Ал Еңбек инспекциясына шағым қалдырмай, арыздансаңыз сот ісіңізді Еңбек инспекциясына жолдайды. Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі жұмысшылардың Еңбек инспекциясына бармай сотқа келетінін айтады. Өйткені жұмысшылардың құқығын қорғауға тиіс Еңбек инспекциясы істі қараудан бас тартады екен. Соның мән-жайын білу үшін бас қаланың Еңбек инспекциясына арнайы барған едік. Басшылығы статистикалық мәлімет берумен шектелетіндерін айтып сұхбат беруден бас тартты. Айтуларынша Мемлекет басшысы жариялаған мораториға сәйкес шағын кәсіпкерлікті тексере алмайды екен. Тек орта және ірі кәсіпорындарды тексеруге құқы бар. Оның өзінде қандай да бір мекемеден арыз я болмаса шағым түскен жағдайда ғана тексеріс жүргізе алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, 2013 жылы министрліктен әкімдіктерге берілген мемлекеттік еңбек инспекциясының саны үнемі қысқарып келеді. Бүгінде бүкіл ел бойынша тек 260 еңбек инспекторы жұмыс істейді, сондықтан кәсіпорындарды толық қамтуда шешілуі тиіс проблемалар бар.«Егер жылына шамамен 9 мың тексеріс жүргізілсе, оның 90%-ы қызметкерлердің өтініштері бойынша жүзеге асады. Жоспарлы тексерулер заңнамаға сәйкес айтарлықтай азайтылған. Сонымен қатар, бүгінде мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін көптеген шектеулер қойылды. Олар прокуратура органдарынан рұқсат алмай тұрып, еңбек заңнамасының қандай да бір бұзушылықтарына әрекет етуге құқығы жоқ, жұмыс берушіні алдын ала хабардар етеді. Еңбекақының төленбеуі туралы арыз бойынша тексергенде де, ол заң бойынша өтініш берген нақты бір адамның ғана еңбекақысының төленбеуін тексеруге құқылы, ұжым бойынша тексере алмайды», − деді министр.Белігі болғандай, саны жағынан 23 мың қызметкерге бір мемлекеттік инспектордан келеді. Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша 10 мың қызметкерге бір инспектор болуы тиіс. Бізге кем дегенде инспекторлар санын 2,5 есеге көбейту керектігін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ұсынып отыр. Айта кетерлігі, таяуда Мемлекет басшысы тексеруге тыйым салынған компаниялардың тізімін өзгерткен болатын. Былтыр желтоқсан айынан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеру және профилактикалық бақылау жүргізу тоқтатылғаны белгілі. Мұндай шектеу жүрмейтін 11 нысан ерекшеленіп алынған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен тексеруге тиым салынған нысандар қатары тағы толықты. Яғни, мораторий жарияланған компаниялардың тізімінен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері шығарылды.
Айыппұл төлеп, ұйымның жұмысын тоқтатады
Нұр-Сұлтан қаласының еңбек инспекторы, Мақсат Дүйсенов: «Келіп түскен өтініш негізінде тексеріс жүргіземіз. Алдымен прокуратура органдарында тіркелуі тиіс. Жұмыс берушіге тіркелген актімен барамыз. Қандай мәселемен келгенімізді түсіндіреміз. Арыз жазған жұмыскер бойынша барлық құжаттарды сұратамыз. Жұмыс беруші тарапынан берешек анықталып жатса, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Нұсқама береміз. Жұмысшыға төленуі тиіс айлығын қайтарып беруге кемінде екі апта береміз. Егер жұмыс беруші айлықты өтеп берген жағдайда бізге нұсқаманы орындағаны турасында құжатты жібереді. Сөйтіп іс сотқа бармай осы жерден жабылады», − дейді еңбек инспекторы.Егер жағдай керісінше өрбитін болса, жұмысшы мен жұмыс беруші және еңбек инспекторы қандай әрекетке барады? Бұл турасында да сұрап көрген едік.
«Нұсқаулық берілген уақыттан бастап екі аптаның ішінде айлық өтелмесе, жұмыс орнына екіші рет тексеріс жүргіземіз. Бірінші тексеріс кезінде берілген екі апта уақыт кезінде өзіміз хабарласып, жұмыс берушінің айлықты қай кезде төлейтінін, жалпы төлей ала ма соны анықтаймыз. Түрлі жағдайлар болады. Кейбір жұмыс орындары тағы бір апта беруді сұрайды. Ондайда түсіністікпен қарап, сұраған уақытына дейін күтеміз. Егер кері жауап болмаса, істі әкімшлік сотқа жібереміз», − дейді маман.Оның айтуынша, қаралған іс бойынша еңбек инспекторлары сотта үшінші тарап ретінде куәлік етеді. Көп жағдайда соттың шешімі бойынша жұмыс беруші ұйымға айыппұл салып, жұмысын уақытша тоқтату сынды шаралар қолданылады. Сондақтан жұмыс беруші ұйымдарға істі сотқа жеткізбей, қызметкердің айлығын өтеп бергені ең тиімді әрі шығыны аз шешім болмақ. Өкінішке орай, көптеген ұйымдар мұның байыбына бара бермейді.
Еңбек келісімшарты болмаса...
Айлығын ала алмай сан соғып қалатындардың қатарында күзетші, еден жуушы, құрылысшы, жанармай құю бекетінің қызметшісі сынды жұмысшылар жетерлік. Олардың көбі келісімшарт жасаудың маңыздылығынан байхабар болып шығады. Я болмаса салық, медициналық сақтандыру төлемес үшін жұмыс беруші мен жұмысшы айлықты қолма қол алатын болып келіседі. Бұндай жағдайда жалдамалы жұмысшының қолға алатын айлығы көбірек шығатынын да ескерген жөн. Барлық жұмыс беруші айтқан сөзінде тұрса жақсы ғой. Оның ішінде еш келісімсіз, дәлелсіз екенін пайдаланып «лақтырып» кететіндер аз емес. Осындайда қайтпек керек? Алдымен сотта жұмыс беруші мен жұмысшыны шақырып, екеуі бірін бірі тани ма, жоқ па соны анықтайды. Бұл жерде ортақ таныстары да куәлік етуі мүмкін. Дәлел ретінде мына құжаттар қарастырылады: мөр басылған еңбек кітапшасындағы мәліметтер (жұмысқа қабылданғаны, шыққаны жазылуы тиіс), еңбек шарты, бұйрық, әлеуметтік төлемер қарастырылады. Егер мұның бірі болмаған жағдайда, жұмыс беруші жұмысшыны танымаймын деп тұрса, куәгерлерді сотқа тарту арқылы шешім шығады. Нұр-Сұлтан қаласының еңбек инспекторы, Мақсат Дүйсеновтың айтуынша, мұндай оқиғалар өте сирек орын алады.Судьяның кеңесі қандай?
«Сотта жұмысшы өзінің қолында бар барлық дәлелдерді көрсетіп, келісімшартсыз жұмыс жасағанын нақты дәлелдей алса, сот жалақысын өндіру туралы шешім шығара алады. Мысалы, жұмыс берушімен жұмыс істеген жұмысшының арыздағы жайттарды растаған көрсетпесі, әртүрлі қолхаттар, униформа, пропуск, тағы басқалар дәлелге жатады. Бастысы жұмысшының сол жерде жұмыс істегенін дәлелдейтін фактілер керек. Кейде сотта жұмысшының нақты жұмыс жасағаны анықталса да, соттың алдында оған қанша айлық өндіруі тиіс деген сұрақ тұрады. Ондай кезде сот сол мамандық бойынша орта есеппен сол аймақта төленетін еңбекақы мөлшерін ескереді. Сондай-ақ, елімізде белгіленген ең төменгі еңбекақы мөлшерінде өндірілуі мүмкін», − дейді Сайран Мәмиқызы.Судья лайықты өтемақы ала алмаған жағдайда өз құқыңызды қалай қорғау керектігін айтып берді.
«Соттағы істерді қарау тәжірибесінен мынандай кеңестер ұсынамын: біріншіден, жұмысқа орналасқан сәтте ең бірінші кезекте жұмыс берушімен еңбек келісімшартын жасауды талап етіңіз. Еңбек келісімшартының бір данасы қолыңызда болсын. Еңбек келісімшарты − жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында жасалатын екі жақтың міндеттері мен құқықтарын айқындайтын шарт. Егер жұмыс беруші келісімшарт жасаудан бас тартса немесе оның жасалуын кейінге қалдырса, жұмысқа кіріспегеніңіз жөн. Құқығыңыз бұзылған жағдайда уәкілетті органға немесе сотта өз позицияңызды дәлелдей алмайсыз. Екіншіден, еңбек шартына қандай талаптар қойылуы керек? Міндетті түрде тараптардың деректемелері: белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы), жұмыстың орындалатын орны, еңбек шартының мерзімі, жұмыстың басталу күні, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары, егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және зиянды немесе қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер, жұмыскердің құқықтары мен міндеттері, жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері, еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі, тараптардың жауаптылығы, жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс. Қол қоймас бұрын келісімшартты мұқият оқып шығуыңыз керек. Заңгердің немесе басқа құқықтық сауаты бар адамның көмегін алсаңыз тіптен жақсы. Егер жұмыс беруші өз міндетін орындамаса, осы келісімшартты негізге ала отырып, жұмыскер өз құқығын қорғайды», − дейді судья.