Өтелмеген несие банктің түбіне жетеді

Өтелмеген несие банктің түбіне жетеді

 

Жоғары пайыздық мөлшерлеме себеп

Коронавирус індетіне бай­ла­нысты жарияланған төтенше жағ­дай кезінде жеке тұлғалар мен бизнес субъектілеріне несиені өтеу мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсы­нылды. Бұл жеңілдікті, негізінен табыссыз қалғандар пайдаланды. Олардың басым бөлігі әлі де кіріссіз отыр. Дәл осы топтың несиесі проб­лемалық несиелер көлемін өсіруі әбден мүмкін. Берген несие­­сін төле­­те алмаған банктің жабыл­масқа ама­­лы жоқ. Соның бір мы­салы Tengri Bank дер едік. Жыл басында аталған банктің мерзімі өткен не­­сиелері 12% құраған, оның 6,5%-ы несие төлеу мерізімін 90 күннен асырып алғандар «үлесінен» қалып­тасқан еді. Арада 8 ай өткенде банк­­­­­тің мерзімі өткен несиелері 81,8%-ға өсті, ал 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер жалпы несиенің 59,9 %-ын құрады. Мұндай жағ­дайда банктің жұмыс істей алуы екіталай. Құзырлы орган банкті ли­цензиясынан айырды. Бұл кепті басқа банктер де кисе таңғалмаймыз. Себебі Capital Bank (90,4%), AsiaCredit Bank (50,8%), Jusan Bank (44,7%), сондай-ақ Пәкістанның Қазақстандағы еншілес банкінің (23,4%) несие портфеліндегі төлеу мерзімі 90 күннен асқан проб­лемалық несиелердің үлесі артып кеткен. Экономист Меруерт Мах­мұто­ваның пікірінше, проб­лемалық несиенің артуына несиелеу мөл­шерлемесінің өте жоғары болуы ықпал етеді. «Тұтынушылық несиелердің пайыздық ставкасы жылына шама­мен 30%, онлайн несиелеу жағ­дайында пайыздық ставканың шекті деңгейі 56%-ын құрайды. Тұтыну несиелері қолжетімді бол­ғандықтан, табысы төмен азаматтар да ала береді. Ал оның төлем қабілеті төмен, сондықтан мерзімі өткен төлемдер көбейе береді», – дейді ол. Сарапшы Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі екінші деңгейлі банктердің проблемалық несиеге қатысты мәселесін біле тұра жедел іс-шара қабылдамағанына таң. Расында, агенттіктің ресми сайтында банкке қатысты санк­циялар мен ықпал ету шараларының басым бөлігі пруденциалдық нор­мативтердің бұзылуына қатысты екен. Ол жерде банктің қаржылық жағдайының нашарлауына бай­ланысты депозит тарту құқынан айырған дерек жоқ.  

Жеке адамды банкрот деп танитын норма керек

Экономист Оразбек Мыр­зақұлдың пікірінше, проблемалық несиелерден туындаған мәселені шешу үшін алғашқы қадам жасалып жатыр. Банк секторына жүргізілген аудит – соның бір мысалы. Есте болса, проблемалық несие­сі басынан асқан «БТА банк» «Каз­комға» қосылып, «Казкомның» жағдайын нашарлатып жіберді. Ал «Казкомды» «Халық банкке» қосар кезде «Халық банктің» басшысы Ү.Шаяхметова «Казкомға» аудит жүргізіп алды. Аудит кезінде анық­талған проблемалық кредит­терді Проблемалық несиелер қорына берді. Осылайша, «Халық банк» үлкен мәселеден құтылды. Ал бү­гінгі проблемалық несиелер қай банкке де жеңіл тимейді. Ол үшін не істеу керек? Меруерт Махмұтованың пі­кірінше, кепілдендірілмеген тұ­тынушылық несиелердің өсуін шектейтін шаралар қажет. «Соны­мен бірге сенімсіз қарыз­дардың үлесі жоғары банктерге депозит тартуға тыйым салып, банктік несие ставкаларын қайта қарау керек. Үкімет тұрақты жұмыс орындарын (бүгінгідей уақытша жұмыс орны емес – ред.) құру үшін жұмыс істеуі керек», – дейді. Оразбек Мырзақұл да тұты­нушылық несие мен кепілсіз не­сиені азайтуды қолдайды. Ол соны­мен бірге проб­лемалы несие­ден туындайтын мә­селенің алдын алу үшін кешенді шара керек деген пікірде. «Біріншіден, халықтың қар­жы­­лық сауатын арттыру, екіншіден, банк, қаржы секторында жұмыс істейтін мамандар біліктілігін кө­теру. Бізде де, басқа елдерде де жеке компанияның өзін банкрот деп тану тәжірибесі бар. Ал жеке адамның өзін банкрот деп тану тәжірибесі шетелде болғанымен, Қазақстанда жоқ. Бізге осы норма керек деп есептеймін», – дейді ол. Жеке адамның банкроттығын тануды заңдастыру мәселесінің көтерілгеніне бірер жылдың жүзі болды. Дәл осы мәселеге келгенде сарапшылар пікірі қақ жарылып жүр. Мұндайда шетел тәжірибесіне сүйенуге болар еді. Мысалы, АҚШ-та борышкерді банкрот деп таны­ғанымен, қарызы толық кеші­рілмейді. Мұндай қарызға: білім несиесі, алимент, салық бойынша кейбір қарыздар және әкімшілік айыппұл жатады. Несие картасы бойынша борыш, медициналық қызмет үшін және жеке қарызы кешіріледі. Ал Ұлыбританияда банкрот деп танылған азамат заң­­герлер қауымдастығының мү­­шесі, жылжымайтын мүлік агенті, кон­курс басқарушысы, биржа бро­кері және коммерциялық құрылым басшысы бола алмайды. Мем­ле­кеттік қызметте шектеу бар. 500 фунт стерлингтен жоғары несие аларда немесе жаңа жұмысқа орна­ласар кезде өзінің банкрот мәртебесі туралы ескертуге міндетті. Жапо­нияда да осыған ұқсас норма бар. Бір ерекшелігі, өзін-өзі банкрот деп жариялаған адамның активін арби­­тражды басқарушы басқарады. Борышкер өзінде аз-маз жиһаз бен жеке қажеттілігі үшін ақша қалдыра алады. Аустралияда 3,5 мың дол­лардан астам қарызы бар кез келген жеке тұлға өзін-өзі банкрот деп жариялайды. Оның барлық мүлігі кредиторларға өтеді, оған қажет деген құрал-жабдық, арзан көлік, жиһаз бен тұрмыстық зат­тарды өзіне қалдыруға мүмкіндік беріледі. Ең бастысы, өмір мен денсаулығын сақтандыру аясында жинаған қаржысын жұмсай алады, зей­нетақы құқығы сақталады.  

Проблемалық несиеге рақымшылық жасалуы керек пе?

Соңғы уақытта қаржылай қиындыққа тап келген халықтың не­сиесін кешіру туралы мәселе көтеріле бастады. Бұған Президент жариялаған мораторий мерзімінің осы айда аяқталатыны себеп болса керек. Несие төлеу мерзімін кейінге қалдырғандар қазан айынан бастап несиесін төлеуі керек. Ал дәл осы жеңілдікті пайдаланғандар содан бері табыс тапқан жоқ. Демек, олар несиесін төлей алмауы әбден мүм­­­кін. Бұл проблемалық несиенің көбеюіне ықпал етері анық. Оның үстіне, шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысы қалпына келгенше, кем дегенде бір жыл ке­рек. Сондықтан елде шектеу ша­ралары енгізілгенге дейін тұ­рақты салық төлеген, жұмыс орын­дарын құрған, қазір объективті себепке байланысты несиелерге қызмет көр­сету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұл­­ғалар үшін несие рақым­шы­лығын жүргізу қажет деген пікір айтылып жатыр. Мұны, әсіресе саяси қоғам­дық ұйымдар ұпайын түгендеу үшін де айтып қалып жатыр. Егер осы ұсыныстан саяси реңкті алып тастап айтар болсақ, бұл пікірді қолда­майтын да сарап­шылар бар. Олар­дың пікірінше, бұл халықты ма­сылдыққа үйретеді. Ал Оразбек Мырзақұл, шын мәнінде мұқтаж, несиесін төлей алмай отырғандардың несиесін кешіру керек деп санайды. «Тек ол үшін несиесі кешірілетін топтың нақты портреті жасалуы қажет. Себебі проблемалық несие портфелі қалыңдап кетсе, банк активтерін құртып, қаржы секторы жабыла бастайды, экономиканы несиелеу азаяды, салдарынан эко­номика құлдырайды. Сәуір айын­дағы 14 трлн теңге несие берілсе, соның 6 трлн теңгесі жеке тұл­ғаларға берілген. Бұл қалыпты эко­номика үшін өте үлкен про­порция, яғни қаржы секто­рының тиімсіз әрекет етіп жатқанын көр­сетеді. Сон­дықтан жеке тұлға­лар­дың проб­­лемалы несиесін ке­шіру кри­терийі жасалып, соған сай келе­тіндердің несиесі кешірілуі керек деп ой­лаймын. Қазіргі уақыт­та солай жасауға мәжбүрміз, бұл ше­шім қысқа мерзімді перс­пек­тивада жасалуы тиіс. Әйтпесе, ха­лық бұған үйреніп алуы мүмкін», – дейді ол. Оның айтуынша, пандемия салдарынан банкроттың алдында тұрған бизнес субъектілерінің де несиесін кешірудің тәртібі жасалуы керек. Өйткені экономиканың бойына қан жүгірту үшін бизнес жұмыс істеп, халық жұмыспен қамтылуы тиіс. Сонда ғана халық қайтадан табыс тауып, несиесін өз күшімен қайтара бастайды. «Ал несиені кешіру мәселесі, тағы да қайталап айтамын, қысқа мерзімді ерекше дағдарыс жағ­дайындағы мәжбүрлі қадам. Осыны түсінуіміз керек. Бізде кей деректер байланыс, ауыл шаруа­шылығы проблемалық несиенің артуына «үлес» қосып жатыр дейді. Осы орайда, экономика драйвері сана­латын секторларды реформа жасау қажет. Экономикалық өсімге алып келмейтін қаржылар мен несиелерді кешіруге жол бермеу керек», – дейді ол. Қалай десек те, пандемия бел­гілі бір деңгейде қаржы нарығын рет­­­теуші тараптың ширауына ық­пал етті. Күні кеше Қаржы нары­ғын рет­теу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктер актив­терінің сапа­­сын бағалау үшін жыл сайын аудит жүргізетінін мәлімдеді. Бұл екінші деңгейлі банктердің қар­жылық жағ­дайымен танысуға мүмкіндік береді. Егер аудит қоры­тындысы рет­теушінің ресми сай­тында жа­­рия­ланса, салымшылар қаржы­сын қай банкке салса, қатер төн­бейтінін білетін болады. Бұл белгілі бір дең­гейде халықтың қар­жылық сауа­тын көтеруге де ықпал етер еді.

Халима  БҰҚАРҚЫЗЫ