Қайта қоныстандыру: келешегі зор, қиыншылығы мол

Қайта қоныстандыру: келешегі зор, қиыншылығы мол

 

Ақ патшадан үлгі алсақ?

Патша заманында, Столыпин рефор­масы тұсында адамдарды өз еркімен қайта қоныстандыру алапат ауқымда жүргені та­рих­тан мәлім. Егер қазіргі бағдарлама соған шама­лас қарқын алса, бар мәселені бірер жылда шешіп тастауға болар еді. Бірақ оған қабылдаушы өңірлерде не жұмыс орны, не инфрақұрылым, не баспана дайын емес.
«2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту­ды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мембағдарламасын жү­зеге асыру аясында биылғы жылдың 8 айында жалпы саны 1 мың 384 адамнан тұратын 452 отбасы Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ респуб­ликалық маңыз­дағы қалалардан Солтүстік Қазақ­стан облысына келіп, жаңа өмір бастады», – дейді министрлік.
Гүлмира Жоласпаева 1 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданындағы Ковыльное ауылына аттаныпты. Өзі бұл таңдауына еш өкінбейді. Ол ауыл мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейді. Күйеуі жер­гілікті агрокәсіпорында бригадир.
–Біз отбасымызбен елордада ұзақ уақыт жалдамалы пәтерлерде тентіреп жүрдік. Балалар ер жетіп қалды, олар мектептен мек­тепке ауыса бермей, алаңсыз оқуы керек. Тұрақтылық қажет. Сондықтан астанадан көшуге шешім қабыл­дадық. Бізге барлық жағдайы жа­салған жақ­сы үй берілді. Қазір күйеуім екеуіміз тұрақты қызмет­теміз, бала­ларым осында 2 және 4-сынып­тарда оқи­ды, – дейді Г.Жоласпаева.
Мұндай үлгілі мысалдар же­терлік. Бұрын қоғамнан орнын таба алма­ғандай күй кешкен жандар көшкеннен кейін көңілдері жай­ланып, болашаққа деген сенімге ие болған. Көпбалалы отбасының отағасы Дүйсембі Оспанов Түркістан облысынан СҚО-ның Қызылжар ауданына қайта қоныс­танған соң «Еңбек» мембағ­дарламасы бойынша грантқа қол жеткізіп, оған ірі қара мал сатып алыпты. 4 баланың әкесі Азамат Нұрғабыловқа Шөптікөл ауылынан жалдамалы тұрғын үй берілген, оның 1 жылдық арендасын мемлекет субсидия аясында бюд­жеттен төлеп беріпті. А.Нұрға­бы­ловтың өзі мал дәрігері болып жұ­мысқа орналасты. Еңбек ведомствосының дере­гінше, 2020 жылдың 8 айында «Ең­бек» бағдарламасы арқылы солтүстік облыстарға жалпы саны 4 мың 386 адамнан тұратын 1 мың 273 отбасы қоныс аударыпты. Оның ішінде тек 2 мың 303 адам ғана еңбекке жа­рамды жаста. Қалғаны бала-шаға, кемпір-шал. Осы еңбек­ке қабілетті мүшелердің 1 мың 652-сі ғана әзірге жұмыспен қамтылған. Қалған­дары амалсыз «жастар тәжі­рибесіне» жол­данған, оқу курс­тарына жіберілген. Арасында өзін-өзі жұмыспен қам­тып, кәсіпкерлік қызмет­пен айна­лысатыны бар. Сондай-ақ өз ісін бастау үшін мемлекеттік грант ие­лен­гендер де кездеседі. Тұтастай алғанда, Үкімет 2020 жылы 5 мың 825 адамды (1 мың 631 отбасы өтініш білдірген) көшіруді жоспарлап отыр. Әйт­кен­­мен, Үкі­меттің ресми дерегінше, СҚО, Қос­танай, Павлодар және Ақмола об­лыс­тарында жалпы алғанда 2,9 мил­лион жұмыс қолы жетіспейді.  

Кеткендер қайтып келмей ме?

Жақында Екібастұзда шу шықты. Нұр-Сұлтаннан сол қалаға Nurly Еrtis бағдар­ламасы бойынша көшіп барғандар нара­зылық білдіріп, көшеге шығып, биліктен өздерін ел­ордаға қайта апаруды талап етіпті. Себебі жалдамалы тұрғын үйдің 12 айлық ақысын өтеген субсидия аяқ­талды, әкімдік «ары қарай үй ақы­сын өз қалталарынан төлеуі» керегін ескертіпті. Бұған жауап ре­тінде қоныс аударғандар жұмыстың жоқ­тығына және баспананың сапасына көңіл­дері көншімейтінін жеткізген. 2019 жылдың тамызында 243 көп­балалы және аз қамтылған от­басы өз өтінішіне сәйкес бас қаладан Екібастұзға жол тартқан-тын. Олар­ды сонда үй берілетіні қызық­ты­рыпты. Расында, жаңа орында олар­ға арен­далық пәтердің кілті салтанат­ты түрде табыс­талды және оны 5 жыл­­­­дан кейін жекешелендіріп алуы­на болатыны мәлім­делді. Содан бері 1 жыл өтті, енді қыр­күйек айынан бастап пәтердің арен­­дасын және коммуналдық қыз­меттер төлемін олардың өзі төлеуі ке­рек. Мұны естіген қоныс­тану­шылардың бір бөлігі жұмыссыз жүр­ген­діктен, бұған қаржысы жоғын хабарлапты. Тағы бір бөлігі мұндай сапасыз үйдің ақысын өтеуден бас тартатынын жариялаған. Әйтсе де, Екібастұзды жерсініп, «судай сіңіп, тастай батқандары» да жетерлік. Informburo мысалы, соның бірі – 4 баланың анасы Ұлболсын На­миәлиева туралы әңгімелейді. Ел­­ор­­­дада балаларымен бірге жатақ­ха­надағы құрқылтайдың ұясындай жал­­­дамалы бас­панада тұрған ол Пав­лодар облы­сында 3 бөлмелі пә­­тер­­ге қол жеткізді. Мамандығы мейір­­­би­­­­ке болғандықтан, өз бетінше тез жұмыс тауып, коро­навируспен кү­­­рестің ал­­дыңғы шебінде жүрді. Жұ­­мыс сыр­тында мемлекеттік грант­пен ЖОО-ға түсіп, жоғары бі­лім алу­да. Кіш­­кентайларына бала­бақ­шадан, ересек балаларына мек­тептен орын беріліпті. Күйі мен тұр­­­ғын үйіне көңілі тоқ, Нұр-Сұл­танға кері қайту ниеті жоқ.
«Басымда баспана бар, жақсы жұмысым бар, тағы не керек? Ал наразы болып жүр­гендер қай жерде де: Нұр-Сұлтанда да, осын­да да әйтеуір сынап-мінеу үшін себеп та­бады», – дейді Ұ.Намиәлиева.
Ғабитжан Хайдаров бұл бай­ламмен келіспейді: ол бас қала­дан «Екібасқа» тек тұрғын үй үшін көшіп келгенін жасырмайды. Ел­ордада тұрақты жұмысы болыпты, тек бас­панасыздық тауқыметін тартқан. Ерекше қажеттіліктері бар баласы дүниеге келгенде үй кезегіне тұрады. Былтыр әкімдік екі жолдың бірін таңдауды ұсынады: не Нұр-Сұлтанда тек жалға берілетін баспана ала алады немесе Nurly Еrtis бағдар­ламасымен Екібастұзға қоныс ауда­рып, кейін жеке­шелендіруге бола­тын пәтерді иеленеді. Хай­даровтар екінші нұсқаны таңдайды.
«Осында келсем, мамандығым бойынша жұмыс тауып береді деп үміттендім. Бірақ шағын қалада қолайлы жұмыс орнын таба ал­мадым. Елордада жұмыс істеуді жал­ғастырғанмын. Ал бағдарлама шарты бойынша көшкен адам Екібастұзда жұмыс істеуі міндетті екен. Сал­дарынан бүгінде жұмыссызбын. Бұл қалаға кадрлар қажет шығар деп ойладым. Көшіп келгеннен кейін мұнда өз жұмыссыздары жеткілікті екеніне көз жеткіздім», – дейді Ғ. Хайдаров.
Қоныс аударушылардан бас­тапқыда әр шаршы метрі үшін 152-166 теңге арасында жалдау ақысы сұралды. Әкімдік кейін оны 121-130 теңгеге дейін азайтқан. Яғни, 70 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер үшін айына 9 мың теңгедей төлеу қажет. Кейбірі соның өзін көпсінетін кө­рінеді. Дегенмен жаңа тұрғын үйлер­дің сапасыз салынғанын пәтер ие­лері кооперативі растайды. Қабыр­ғалары әлден жарылып кеткен. 2019 жылдан бері Нұр-Сұлтаннан Екі­бастұзға 243 отбасы қоныс аударыпты. 452 еңбекке жарамды адамның 276-сы жұмысқа тұра алды. 150 ана баласымен үйінде отыр. Біразы астанаға қайтқысы келеді. Онда бағдарлама аясында алған қомақты мате­риалдық көмегін мем­лекетке қайтаруы ке­рек. Оның үс­тіне, Нұр-Сұлтанда бұрынғы үй кезегін қалпына келтіре ал­майды: 3 жыл тұр­ғ­ан соң кезекке қайта құжат жинау шарт.  

Өшпенділікті өркенді іс тойтарады

Биылғы 10 қыркүйекте Пре­зидент Қ.Тоқаев СҚО-ға сапары аясында Қызылжар ауданына өзге өңірлерден қоныс аударған аза­маттармен жеке кездесіп, хал-жағдайын білді. Оларға арнап, екі жылдан бері осы облыс ауылдарында үй салу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Былтыр 428 үй бой көтерсе, биыл 788 баспана тұр­ғызылады. Былтыр облысқа 736 отбасы, барлығы 2,2 мың адам көшіп келген. Биыл 700 отбасы немесе 2,4 мың адам қоныс аудармақ. Қ.Тоқаев сапарынан кейін бағ­дарлама қарқын алатынға ұқ­сайды. Ұлттық эко­­номика министр­лігі «СҚО-ны әлеу­меттік-экономи­ка­лық дамытудың 2018-2021 жыл­дарға арналған кешенді жос­парын бекіту туралы» Үкіметтің қолда­ныстағы қаулысына өзгеріс енгізі­летінін жариялады. Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Ер­мек Алпысовтың мәлі­метінше, СҚО ауыл­дарында жыл сайын 1 мың жаңа пәтерден іске қосу көзделуде.
«Көші-қонның теріс сальдосын жою және халықтың табиғи кемуін толықтыру мақсатында азаматтарды елдің оңтүстік өңірлерінен бергі жаққа көшіруді мақсат ететін осы бағдарламаны жалғастыру қажет. Осыған байланысты 2022-2024 жыл­дары қоныс аударушыларға арнап ауылдық жерлерде жыл сайын 1 000 үйден салу жоспарлануда. Ол кейін сатып алу құқы­ғымен жалға беріледі. Осының арқасында қоныс аудару­шылардың саны жылына 4 мың адамға дейін жетеді. Әзірге 2 мыңнан көп аспай тұр. Қоныс аударушыларға үй салу жұмыс күші артық өңірлерден 20 мыңнан астам адамды әкелуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, солтүстік облыстарда еңбек нары­ғындағы жағдай жақсарады, ауыл­дағы шағын жинақты мектептер желісін сақтап қаламыз», – деді вице-министр.
Осынша тұрғын үй салу үшін 2021-2023 жылдар аралығында жыл сайын 7 миллиард 700 мың теңгеден бөліп тұру көзделуде. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы осы мақсатта 5 млрд арна тартыпты. Алайда өзге жақтан көшіп келу­шілердің баспанамен жаппай қам­тылуы жергілікті үйге мұқтаж тұр­ғындарда қызғаныш, тіпті жек­кө­рініш сезімін тудырған деседі. Бұл қайта қоныстанушылардың жер­гілікті жұртшылықпен қарым-қаты­насына да әсер етуде. Әлеуметтік шиеленіс тумауы үшін СҚО әкім­дігінің сұрауымен ел Үкіметі жергі­лікті үй кезегінде адамдарға да үй тұрғызатын болады. СҚО ақпаратына сәйкес, бүгінде об­лыстың аудандары мен Петропавл қала­сының әкімдіктерінде барлығы 19,7 мың адам үй кезегінде тұр. Со­ның ішінде 3,5 мыңы – жетім бала, 7,5 мыңы – әлеуметтік осал топтар, 0,6 мыңы – көпбалалы отбасы, қал­ған 8,1 мыңы – мем­қызметшілер және басқасы. Олар­дың ашынатын жөні бар: жыл сайын осы санат­тағыларға 200-300 пәтер ғана табыс­талады. Бұл ретте, кезек жыл сайын тағы 500 адамға дейін артып отырады. Мысалы, 2020 жылдың бірінші жартысында үй кезегіне жаңадан 280 адам қосылды.
«2019 жылғы 27 ақпанда, «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы берген тапсырманы орындау үшін әлеуметтік осал топ­тағы барлық отбасыға тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы жылдық 2-3%-бен арзан ипотека беру тетігі әзірленді. Қазір СҚО-да 300-ге жуық отбасы осы тетікпен тұрғын үй алуға дайын. Проблеманы шешу үшін республикалық бюд­жеттен қаржыландыру көлемін 6 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Бұл көрсеткіш 2019 жылы – 2,2 млрд, 2020 жылы 1,9 млрд теңге болды», – деп түсіндірді Ұлттық экономика ми­нистрлігі.
Сонда СҚО-да үй кезегіндегі тұрғындарға да жыл сайын 1 мың бас­панадан ұсынылмақ. Жоба ілкім­ді іске асса, өзге өңірлерге өне­геге айналады.  

Елдос СЕНБАЙ