Несиелендірудің бірден-бір стратегиялық бағыты – сүт өндірісі. Соңғы 10 жылда холдингтің еншілес компаниясы – «Аграрлық несие корпорациясы» жалпы қуаты жылына 134 мың тонналық 45 сүт өндіру жобасына қолдау көрсетті.
Сондай жобаның бірі – 25 қыркүйекте Павлодар облысында жұмысын бастаған сүт өндіру фермасы. Бүгінде фермада 600 бас ірі қара мал бар. Жақын күндері Германиядан тағы 510 бас симментал тұқымды сиыр әкелінеді. Осылайша, ферма келесі жылдың көктемінде өндіріс қуатын 100 пайызға жеткізбек. Жаңақала ауылында іске қосылған шаруашылықтың аталған ауыл мен аймақтың дамуында алар орны ерекше.Азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі
Жобаның жалпы құны – 990 млн теңге. Оның 85 пайызын (841 млн теңгесі) «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландырған. Қалғаны – «Жаңа-Қала» шаруа қожалығына тиесілі. Компания директоры Ардақ Қажаттың айтуынша, қазір фермадағы 2 мыңға жуық ірі қараның 645-і – сауын сиыр. Шаруашылық 2019 жылы сүт фермасын салу арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуға шешім қабылдаған. Осылайша, фермерлер «Аграрлық несие корпорациясына» жеңілдетілген қаржыландыруға өтінім беріп, несие алған. Бір жылдан соң 2020 жылдың 25 қыркүйегінде жаңа ферманың салтанатты ашылуы өтті. 600 бас сиырға есептелген фермада сауын сиыр үшін 500 орын және суалған, транзиттік, бұзаулайтын сиырларға арналған 100 орын бар. «Қазір біз күніне 7 тонна сүт сауамыз, өнім көлемі де 10-14 тоннаға артады», – дейді Ардақ Қажат. Ферма мал басын асылдандыру мен АНК несиелендіруімен сатып алынған заманауи жабдықтарды пайдалану арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізген. Мәселен, жаңа фермада екі сауыншыға бір уақытта 24 сиыр саууға мүмкіндік беретін сауын машиналары бар. Сондай-ақ сиырлардың жағдайы арнайы датчиктер көмегімен бақыланады. Ол операторға сиырдың жай-күйі, сүттілігі, денсаулығына қатысты ақпарат жібереді. Егер қандай да бір мәселе анықталса, жануарлар дереу арнайы ветеринарлық аймаққа жіберіледі. Қазан айының соңында фермаға бавариялық симментал тұқымды 510 бас сиырға жеткізбек. Шаруашылық 2021 жылдың көктемінде толық қуатқа ие болады деген жоспар бар.Сүт өңдеу сатылары
«Жаңа-Қала» шаруа қожалығына сиыр сатып алуға 500 млн теңге қаржыны жергілікті «МолКОМ-Павлодар» сүт зауыты бөлген. Зауыт директоры Виталий Михайлов бұл жоба ауыл үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды екенін айтады. «Өңдеуші ретінде біз қосымша сүт көлемін аламыз, бұл өндірісімізді кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті В.Михайлов. Соңғы жылдары байқалып отырған сүт тапшылығын ескерсек, жаңа ферманы пайдалануға беру арқылы өндіріс көлемін тәулігіне 15 тоннаға дейін арттыру айтарлықтай нәтиже. Виталий Михайловтың айтуынша, зауыт фермерлерден сүттің литрін 150 теңгеден сатып алады. Бірақ күз мезгілінде баға жоғарылайды. Қазір «МолКОМ-Павлодардың» жалпы өңдеу қуаттылығы тәулігіне 150 тонна. Жүктеме әзірге 70-80% деңгейінде қалып отыр, сондықтан сүттің қосымша көлемін игеруге мүмкіндігі бар. «Біз өзімізді шикізатпен қамтамасыз етуге тырысамыз, сондықтан фермерлермен серіктесіп жұмыс істейміз. Шикізатпен қамтамасыз ету үшін сиыр сатып алуға немесе ферма салуға қатысамыз», – дейді Виталий Михайлов.Әлеуметтің әлеуеті артуда
Жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» ауыл дамуына ықпал етуде. Корпорацияның павлодарлық филиалы директорының орынбасары Ізбасар Жүсіпбеков «Жаңа-Қала» сүт фермасының салынуы Павлодар облысында жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақты сүтпен қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. «Жобаның мультипликативті тиімділігін көріп отырмыз – фермерлер жаңа балабақша ашты. Жобаны қаржыландыру арқылы біз ауылды дамытып, жұмыс орындарын, өндірістік және әлеуметтік нысандар құрудамыз», – дейді Ізбасар Жүсіпбеков. «Жаңа-Қала» шаруа қожалығы ферманың тұсаукесер күні ауылда 50 орындық балабақшаны пайдалануға берді. Елді мекенде жаңа әлеуметтік нысандардың пайда болуы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, жастарды шаруашылық жұмысына тартуға ықпал етуде.Сонымен қатар қазіргі кезде 70 адам жұмыс істейтін шаруашылықта жаңа ферманың ашылуы тағы 15 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Осылайша, ферма ауылдағы жүзге жуық отбасының тұрақты табыс көзіне айналып отыр.