«Кітапхананы қысқартайық» деп дауға қалды

«Кітапхананы қысқартайық» деп дауға қалды

Депутат: «Қалай десек те, бүгінде кітап­ханалар анахронизмге айналып барады. Жа­лақыға, ғимараттарды ұстап тұруға және көп­теген кітап сақтауға бюджеттен қомақты қара­жат жұмсаудың қажеті жоқ. Барлық кітап интер­нетте тұр», – дейді. Сол үшін де мұның оңтайлы жолы – кітапхананы қысқарту. «Негізі, қалада бір ғана кітапхана болса  жеткілікті. Сосын оның жұмысы коворкинг орталығы сияқты болуы тиіс. Кітапханалардың бәрін цифрландырып, оқырман қажеттісін алатындай бір кітапхана қалдырамыз. Бұл іс жүзінде кі­тап­ханаға қарағанда мұрағатқа жақынырақ болады», – дейді депутат. Керісінше, қалалық әкімдік депутаттың пікірін жуып-шайып, «кітапхана саны қыс­қармайтынын, кітапханалар мен архив қыз­метін цифрландыру бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатқанын» айтқан екен. Қала әкімі Алтай Көлгінов «24 kz» арнасына берген сұх­батында: «Барлық кітапхананы қысқарту туралы әңгіменің қайдан шыққанын білмеймін. Мен де желіден көрдім, оны кім ойлап тап­қанын білмедім. Ол – қате ұғым. Біріншіден, кітапханаларға тиісуге болмайды. Кітап – білім қазынасы. Кітапхананы жапқанша, адамдарды тартуымыз керек. Электронды кітап болсын, онлайн оқысын, кітапханаға келіп оқысын, адамдар кітап оқуы керек. Сондықтан кітапхана қысқартылмайды» деп ашық айтты.
Статистикаға жүгінсек, Қазақ ССР-і кезінде 20 мың кітапхана болыпты. Оның 9,5 мыңы – бұқаралық, 10,5 мыңы – ведомстволық және ғылыми. Онда 10,5 миллион оқырманға қызмет көрсетілген. Кітапхана қорында 200 млн кітап болған. Қазір ше? Өткен жылғы деректерге қарағанда, елімізде 112 млн бірлік қоры бар 3 940 кітапхана бар екен. Демек, кітапхана саны 6 есе қысқарған. Мәселен, бір ғана Нұр-Сұлтанның өзінде 18 кітапхана бар. Оның бәрі қаладағы шағын аудандарда шоғырланған. 10 көпшілік кітапхана, 5 балалар кітапханасы мен көзі көрмейтін және нашар көретін аза­­маттарға арналған мамандандырылған кітап­хана бар. Одан бөлек, М.Әуезов атындағы Ор­талық қалалық кітапхана, Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бар. Қала бо­йынша қызмет көрсететін кітапханаларда 133 қызметкер бар. Оның 97-сі – кітапханашы. Олардың орташа айлық жалақысы  60 мың теңге көрінеді. 60 мың теңгемен бүгінгідей нарық заманында өмір сүру де мүмкін емес. Бұл – бір.  

Дәстүрлі білімнің құны арта бермек

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай электронды кітапхананың, түрлі сайттардағы материалдардың арғы атасы – кітап пен қолжазба екенін көзі қарақты жұрттың бәрі біледі. Сондықтан олар бірін-бірі толықтырып, қатар өмір сүре береді дегенді айтып отыр. «Талантты, үздік оқушылармен бір кездесуінде Елбасы ақпараттық технологияларға байланып қалуға болмайтынын түсіндіре келе, былай деген еді: «Кітап оқып, ғылыми зерттеулерге, түрлі жаңалық  пен идеяға қызығушылық таныту керек. Мен «кітап оқитындар теледидар немесе ғаламтор қарайтындарды басқарады» деген пікірге терең ден қоямын». Бұл – әр мектептің төріне, яки көрнекі жеріне жазып қоюға тұрарлық тұжырым.  Ол жастардың кітаптан алшақтамауына ықпал етіп, басылым, баспасөз атаулыға мойнын бұрғызып тұрады. Қанша заман өтсе де ғасырлардың маржанын, дүниенің тылсым жұмбағын, болашақтың болжамын визуалды көшірмеден емес, қағаздан оқығанға не жетсін! Бұл ретте, бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі» деп жазады. Президент халық алтын уақытын пайдалы іске – кітап оқуға (нақты отандық, әлемдік әде­биетті атайды) жұмсаса деп армандайды», – дейді депутат. Дархан Мыңбай Түркия көшбасшысы Тайып Ердоған балалық шағында сегіз томдық кітапты сатып алу үшін бірнеше апта жұмыс істеп, табан ақы, маңдай терімен арманына жеткенін айтады.  «Осы оқиғаны өзек еткен түрік деректі фильмінде кітап миссиясы мен бала арманы керемет табиғи өрілген. Түр­кия жұмұрбашқаны: «Ол кітаптар әлі күн­ге дейін санамдағы кітапхананың ең тө­рінде тұр. Беттерін парақтасам, көңіліме ба­лалық балдәуренім, мұрныма анамның иісі келеді. Адам армандай білсе ғана  адам. Ба­лалар, сендердің кітаптарың да әрдайым мем­лекет жолындағы армандарың болсын!..» деп толғанады. Бұл сөздері балаға да, жасқа да, жасамысқа да ерекше әсер етеді. Иә, кі­таптың киесі мен құдіретін, қуаты мен әсерін ұмытуға әсте болмас. Кім не десе о де­сін, күннен-күнге дәстүрлі білім бұлағының құны арта бермек. Әлем кітапханасы тарихта қал­ған немесе онымен мақтанатын елдерді де, жеке тұлғаларды да жақсы біледі. Шынайы шы­ғарманы оқырманның өзі шындап іздейді. Әйтсе де, қаншама  кітап оқылмай, сөре мен қорда жетімсіреп жатады. Рас, қай заманда да кітаптың санынан гөрі сапасы маңызды», – дейді Дархан Қамзабекұлы.
 

Кітапханаға нарық көзімен қарауға болмайды

Ал Айшуақ Дәрменұлы мәслихат де­путатының кітапхананы қысқарту туралы пі­кірімен мүлдем келіспейді. «Мемлекет мил­лиардтаған қаржы бөліп, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жүздеген кітап шығарды. Ал мәслихат депутаты мемлекет саясатына қайшы әңгіме айтады. Мәселен, «Бабалар мұрасы» жүз томдығы бар­лық қазақтың үйінде жоқ қой, оны іздесең кітапханаға барасың», – дейді. Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітап­ханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайберген «кітапханалар қысқару керек» деген пікірдің жаңсақтығын, керісінше, қазір оқырмандар тарапынан кітапханаға сұраныс артып келе жатқанын» айтады. «Кітапханалардың ка­те­гориясы әртүрлі. Жамбыл атындағы жас­өспірімдер кітапханасы – көпшілікке арналған. Қазір оқырмандардың саны бес есе өсті.  Кі­тапхана қызмет көрсету сапасын өзгертті. Біз күніне кемінде 300-500 адам қабылдаймыз. Кітапхана жеті күн бойы 14 сағат үзіліссіз жұмыс істейді. Оқырман азайған жоқ. Кейбір оқырмандар кітапты жаздыртып, үйіне алып кетіп жатады. Кітапханаларды қысқартпай, керісінше қызмет көрсету форматын өзгерту керек. Барлық кітаптың электронды нұсқасы жоқ. Сондықтан онлайн оқиды деп, біржақты пікір айтуға болмайды», – дейді. Мирас Шекеновтың кітапхана туралы ойына шетелде тұрып жатқан жерлестеріміз де пікір білдірген екен. Black&White ком­паниясының  бас директоры Думан Қожах­метов қазір жұмыс бабымен Нью-Йоркте тұрып жатыр. Ол өзі тұратын штатта көпшілікке арналған 20 кітапхана барын айтады. «Кітапхана саны көп болуы керек. Әрі ол тек үлкен  қа­лаларда ғана болмауы керек. Цифрландыру қажет, бірақ кітап оқу мәдениеті басқа. Со­нымен бірге кітапхана тек қана кітап қорына тәуелді болмай, өзге де әлеуметтік, тәрбиелік функцияларды шоғырландыратын орын болуы абзал» дегенді алға тартады. Сондай-ақ Думан «кітапханаға нарық көзімен қарауға болмайды», – дейді. Ол «Онлайн деп алданбау керек. Онлайн нағыз өмір мен кітаптың орнын алмастыра алмайды» деген пікірде.
Америкаға барған қазақтардың дені – кітапхананың көптігіне таңғалады. Көп болғаны соншалық, бірінен екіншісіне жаяу баруға болады екен. Мәселен, Нью-Йорктің бір ауданында 63 қоғамдық кітапхана бар көрінеді. Әр кітапханада балалар бөлмесі жабдықтаған. Ол жерде ойнау алаңы, оқуға жеңіл бала­лар әдебиеті, кішкентайларға арналған мульти­медия бөлімшелері бар. Келушілер Нью-Йорктің қоғамдық кітапханасында 53 млн материал бар екенін айтады.  Кітапхана желісі 3,5 млн адамға қызмет көрсетеді. Бас-аяғы 3,150 қызметкер бар. Кітапхананың көбі сен­бі және жексенбі күндері де жұмыс істейді. Бізге де қысқартудың орнына осындай жаңашыл, жаңа форматтағы кітапханалар са­нын көбейтуге не кедергі?
«Үлкендер жағы жас­тарға бата бергенде әдетте «кетпес дәулетті» ті­лейді. Былайғы жұрт осының мәніне үстірт қарайды. Бұрын да, қазір де кетпес дәулеттің негізі – ұлт, әлем даналығында. Мектептен алар білім де, өмірден жинап-терер білік те осы даналықта. Ал білім мен біліктің қайнар көзі  кітапта. Ендеше сіз де, сіздің ұрпағыңыз да кетпес дәулетке ие болуға лайықты», – дейді де­путат Дархан Мыңбай.
Қалай десек те, кітапсыз білім жоқ. Онлайн кітапхана да қажет шығар. Дегенмен аяқасты жарық өшіп қалса, электронды кітап оқу мүмкін бе? Оның үстіне, қашықтан білім алудың өзі интернеттің күші қандай екенін көрсетіп берді. Кітапхананы да, цифрландыруды да  қатар ұстауға болады. Бірін-бірі толықтырып, бір-бірімен қатар дамып жатса, қанеки?!  

Айым БЕКТҰР