Алматыда дәрігерлер ер адамның асқазанынан 2 жыл бойы тұрған 25 сантиметр арматураны алды.
Асқазаны ауырған тұрғын жедел жәрдем шақыртқан. Дәрігерлер операция небәрі 54 минут ішінде сәтті жасап шықты.
«Бүгін пациент ауруханаға эпигастрий аймағындағы өткір ауырсыну шағымымен келді. Науқастың айтуынша, 2 жыл бұрын ол тергеу изоляторында болған. Сол кезде арматураны жұтып қойған. Рентгенологиялық диагностика нәтижесінде пациенттің сөзі расталып, ер адамға дереу лапаротомия, гастротомия, денедегі бөгде затты алып тастау операциясы жасалды. Операция сәтті өтіп, науқас палатаға ауыстырылды», – деді хирург Темірхан Қожахметов.
Дәрігерлер 2 жылдан астам уақыт асқазандағы арматура адамға қолайсыздық тудырмағанына таңғалып отыр.
25 сантиметр темір асқазанның қабырғасына зақым келтірмеген.