«Мұзбалақ» анимациялық фильмі қазанның 7-13 аралығында Германияның Хемниц қаласында өтіп жатқан 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінің негізгі байқауына қатысуда.
Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін анимациялық фильмде бүркіт пен адамның достығы туралы баяндалады.
– Еуропада өтіп жатқан кезекті фестивальге біздің «Мұзбалақ» қатысып жатыр. Бұл еуропалықтардың отандық анимацияға деген қызығушылығының белгісі. Сондықтан да «Мұзбалақ» қанатын кеңге жая берсін, сәттілік тілеймін, – деді «Қазақфильм» киностудиясы анимациялық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілда.
Schlingel фестивалін Германияның балалар мен жасөспірімдер жөніндегі Саксон қызметі ұйымдастырған. Фестиваль ұраны – «Киноны халыққа жеткізу». Байқаудың басты мақсаты – шет аймақтарда тұратын жастарды кино әлеміндегі жаңалықтармен таныстыру, сондай-ақ кино өнері арқылы жасөспірімдерге тәлім-тәрбие, білім беру.