Нағашы әжем бізді, яғни жиендерін ерекше еркелетті. Еркелеткенді кім жек көрсін?!
Әжеміздің жалғыз қызынан туған бала болғасын ба, жылы-жұмсағын жеп қайту үшін көрші ауылға жиі баратын едік. Біздің ауыл мен нағашы әжемнің ауылының арасы – 60 шақырым. Кейде жаяулатып, төтесінен ұрамыз. Кейде есек арбамен баратын едік. Сенбі-жексенбі болса, әжем жол тосып, бізге елеңдеп отырады.Жиендері келген күн – әжем үйінде үлкен той. Көрші-қолаң, туыс-туған жиылады. Әжем балбыратып ет асады. Қарыннан сары майын шығарып, дастарқанға қоятын. Бала болғасын, қайсыбір тамақ жейді дейсің. Есік алдын шаң қылып, қуаласпақ ойнаймыз.
Әжемнің жиендеріне дайындаған сыбағасына көршілер қарқ болатын. Тамақ пісті-ау дегенде, есік сыңси ашылып, көрші апа кіретін. Қасында – жалғыз бауыры. Бір-бірін жетелеп, бір-бірін сүйеп кіретін осы екі кісінің жүріс-тұрысы алғашында бізге қызық көрінетін.
Бір-бірімізге қарап, тырқылдап күліп алатын едік. Әжем бізге қабағын түйіп, күлмеңдер дегендей, ұрсып тастайтын. Бала болғасын, бізге бәрі қызық. Есік алдына қойған таяғын қызықтап, жүрісін салып, мәз болатынбыз.
Әжем болса, оларды төрге оздырып, жылы-жұмсағын алдарына қойып, бәйек болып жатқаны. Әжем неге бұл кісілерге сонша құрақ ұшады деп ойлаушы едік. Сөйтсек, екі міскіннің көршілерден басқа жанашыры да жоқ екен. Екеуінің ата-анасы өмірден ерте озған. Апаның жасы небәрі – 35-те ғана. Інісі – отыздан асқан. Екеуі де су қараңғы. Түртпелектеп, орнын тауып, төрге ұмтылмай, есік жақтан орын тисе, мәз болып, бір-бірін демеп қойып отыратын.
Алғаш көргенімде: «Әже, ана апа мен ағаның неге көзі жоқ?» деп сұрағаным есімде. Әжем сонда: «Баламысың деген, тыныш отыр» деп жекіп тастаған-ды.
Бір отбасының екі бірдей баласының көзі көрмей туылуы – қасірет еді. Бір-біріне сүйеу болып, өмір сүріп жатқан екі жанның ас-суын кейде көршілер дайындап береді. Кейде өздері көрші үйлерден нәпақасын тауып жеп жүргені. Ешкім де, ешқайсысы да оларды бөлектеген жоқ. Мұндай көзі көрмейтін, қол-аяғы кеміс туылған жандар нағашы әжемнің ауылында көп болатын.
Неге бұлай деп сұрайтын едік. «Тағдырдың жазуы» дейтін әжем марқұм. Қазір ойласақ, соның бәрі экологияның салдары екен ғой.
Мүгедек болып келсе де, бүкіл ауыл оларды аялап, алақандарында ұстады. Жәбір көрсеткен жоқ. Өзекке теппеді. Аяушылық сезімін білдірген жоқ. Адамгершілік танытты. Оларды сақтаған – мейірім еді. Қазір ше? Қазір біз көзі көретін, он екі мүшесі сау жанды сақтай аламыз ба? Жетімнің басынан сипап, жесірді жұбату – мүмкін бе? Қайда сол тағдырлар?
Бөрте ҚОҢЫРАТ