Қазақстанда 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жыл сайын емханаларға тіркелу науқаны өтетінін Aikyn.kz хабарлайды. Елорда тұрғындары да өз емханалары мен дәрігерлерін таңдай бастады.
Сәйкесінше, тұрғындар тарапынан сауалдар да көбеюде: «Өтінімді қалай беру керек? Қандай себеппен таңдаған емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін? Емханаға тіркелу не үшін қажет? Емханаға тіркелу кезінде неге назар аудару қажет?», т.б. Азаматтар тарапынан жиі қойылатын осы және өзге де сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина жауап береді. – Айнагүл Хабдонғалиқызы, тіркелу науқаны кезінде тұрғындарда көп сұрақтар туындайды. Емханаға тіркелу не үшін қажет?
– Шұғыл медициналық көмек көрсету кез-келген азаматқа әрдайым қолжетімді және ол емханаға тіркелуге байланысты емес. Ал жоспарлы түрде дәрігерге дейінгі немесе дәрігерлік көмек көрсетілу үшін емханаға тіркелу қажет. Әр адам өзінің учаскелік дәрігерін білуі керек.
Егер пациент емханаға тіркелген болса, жалпы практика дәрігерінің/терапевттің қабылдауы, бейінді маманның консультациясы, диагностикалық және зертханалық тексеру, консервативті немесе хирургиялық емес емдеу, сондай-ақ күндізгі стационар қызметтері пациентке тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде (ТМККК), сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетіледі.
Егер адам емханаға тіркелмесе, жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізуде қиындықтар туындайды. Сондықтан емханаға тіркеліп, өз учаскелік дәрігеріне қаралғаны дұрыс.
– Қайда тіркелуге болады?
– Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсететін, сондай-ақ профилактикалық скринингтер мен тексерулер жүргізетін медициналық ұйымдарға ғана тіркелуге болады. Оларға: қалалық емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, отбасылық денсаулық орталықтары (МСАК орталықтары) жатады.
Тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны аумағы бойынша бір ғана медициналық ұйымға тіркелуге болады. Ал қала маңында тұратындар жақын орналасқан қалалық емханаға тіркеле алады.
– Емханаға тіркелу кезінде неге назар аудару қажет?
– Медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен қызмет жеткізуші ретінде шартқа отырған ба және екі тегін пакет – ТМККК және МӘМС аясында, оның ішінде қосалқы мердігерлік шарт бойынша медициналық қызметтер көрсете ме, осыларға назар аудару қажет. Әйтпесе, Сіз кепілдендірілген және медициналық сақтандыру пакеттерін пайдалана алмайсыз.
– Емханаға қалай тіркелуге болады?
– Бүгінгі таңда үш түрлі тәсіл арқылы емханаға тіркелуге болады.
Бірінші тәсіл – емхананың тіркеу бөліміне барып, тіркеу туралы өтініш жазу. Бұл тәсіл жасы бойынша зейнетке шыққан зейнеткерлерге, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, балаларға, оның ішінде шет мемлекеттерде туған балаларға, сәбилер үйлерінде тұратын балаларға, жетімдерге, сотталғандарға, колонияларда жазасын өтеушілерге және медреседе оқитындарға, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге немесе сенімхат бойынша тіркелуді ресімдеушілерге ғана қолжетімді.
Ол үшін сізге жеке куәлік, төлқұжат немесе тұруға рұқсат құжаты қажет. Егер сіз 18 жасқа дейінгі баланы емханаға тіркеткіңіз келсе, баланың және оның заңды өкілінің - анасының, әкесінің немесе қамқоршысының жеке басын куәландыратын құжаттарын ұсыну қажет.
Екінші тәсіл – халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы емханаға тіркеуге өтінім беру. Өзіңізбен бірге жеке куәлік, төлқұжат немесе тұруға рұқсат құжаты болуы қажет. Өтінімнің өңделу мерзімі – бір жұмыс күні.
Үшінші тәсіл – үйден шықпай емханаға тіркелу. Яғни, Сізге egov.kz. электрондық үкімет порталы арқылы өтінім беру жеткілікті. Ол үшін:
- Сайттың басты бетіндегі «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдаңыз;
- «Медициналық көмек» қосымша бетіндегі «медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметіне басыңыз;
- «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз;
- тіркелуге сұраныс жіберу үшін жасыл белгімен белгіленген барлық тармақтарды толтыру қажет;
- Сұранысты сәтті жібергеннен кейін сіз «сұраным өңделуде» мәртебесін көресіз. Таңдаған емханаңызға тіркелу туралы жауап Сіздің жеке кабинетіңізге бір жұмыс күні ішінде келеді.
– Емханаға тіркелу үшін қандай құжаттар тізбесі қажет?– Жеке куәлік жеткілікті. Ал санаттарына қарай ұсынылатын құжаттар: Зейнеткерлер үшін – зейнетақы куәлігі, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін – куәлігі немесе медициналық-әлеуметтік сараптаманы куәландыру актісінен үзінді көшірме. Бала кезінен мүгедек жандарға заң бойынша тағайындалған қорғаншылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілері сот шешімін қорғаншылықты немесе қамқоршылықты растайтын өзге де құжатты ұсынуға тиіс. Колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандар және әскери қызметшілер – медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымына тұрғындарды тіркеу (есептен шығару) мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның хаттамасы.
18 жасқа дейінгі студенттер мен медреседе білім алушылар жоғары оқу орны ректорының медициналық ұйымға ресми өтінімін және оқу орны мен МСАК ұйымы арасындағы комиссия хаттамасын ұсынады. Қазақстаннан сырт жерде туған балалар – шет мемлекетте туылғанын растайтын құжат. Балалар үйі, қарттар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік мекемелер –облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың денсаулық сақтау саласын мемлекеттік басқарудың жергілікті атқарушы органдарының шешімі.
– Емханаға тіркеу жүйесі қалай жұмыс істейді және қандай уақыт аралығында жауап беруі тиіс?
– Медициналық ұйымға тікелей жүгінген кезде емхана маманы «Тіркелген тұрғындар тіркелімі» медициналық ақпараттық жүйесіне тіркеуге арналған сұрауды ресімдейді, одан кейін ақпараттандыру ұйымының маманы тіркеуге арналған сұрауды қарайды және өтінімді мақұлдау туралы не дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі медициналық ұйымға тіркеу талоны немесе дәлелді бас тарту болып табылады.
Пациент электрондық үкімет арқылы жүгінген кезде, пациентке 1 жұмыс күні ішінде «Жеке кабинетке» емханаға тіркелгені туралы хабарлама немесе электрондық құжат нысанындағы дәлелді бас тарту келіп түседі. Ақпараттық жүйеде телефон нөмірі немесе электрондық пошта көрсетілген болса, медициналық ұйым пациенттің тіркелгені туралы хабардар етеді.
– Медициналық ұйымдар мен порталдың жұмыс кестесі туралы айта кетсеңіз?
– Емханалар дүйсенбі-сенбі күндері жұмыс істейді. Дүйсенбі-жұма күндері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз, сенбі күні сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін қабылдайды (демалыс (жексенбі) және мереке күндерін қоспағанда). Бұл ретте, тіркеуге сұраным жұмыс уақыты аяқталғанға дейін 2 сағат бұрын, яғни жұмыс күндері кешкі сағат 18.00-ге дейін және сенбі күні күндізгі сағат 12.00-ге дейін қабылданады.
«Азаматтарға арналған үкімет» порталы жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы жұмыс істейді. Пациент жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, сондай-ақ демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және нәтижелерді беру келесі жұмыс күні көрсетіледі. Пациентке қызмет көрсету үшін, құжаттарды тапсыру үшін берілетін ең ұзақ уақыты – 30 минут.
– Емханаға кез-келген уақытта тіркелуге бола ма, әлде тек тіркеу науқаны аясында ғана тіркелу керек пе?
– Медициналық ұйымға кез келген уақытта тіркелуге болады. Егер Сіз тұрғылықты жеріңізді ауыстырған болсаңыз, қаладан тыс жерге бір айдан астам мерзімге кетсеңіз немесе алғаш рет еркін таңдау немесе тіркелу құқығын пайдаланам деп шешсеңіз, сондай-ақ тіркеу сіздің қатысуыңызсыз жасалған болса, емханаңызды ауыстыруыңызға болады. Сондай-ақ медициналық ұйым қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт бұзылған жағдайда, немесе сіздің үйіңізге жақын жерде жаңа емхана ашылса, тіркелуге болады. Сақтанушы мен сақтандыру ұйымы арасында жасалған ерікті медициналық сақтандыру шарты да науқан шеңберінен тыс тіркелуге негіз болады. Өзге жағдайда, тұрғындар науқаны шеңберінде, яғни 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында ғана емханаға тіркеле алады.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушілерінің арасында 35 ұйым алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Олардың 15-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар.
Тіркелген пациенттердің денсаулығын дәрігер үнемі бақылай алуы үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау ұсынылады. Осылай еткен жағдайда, емхана дәрігерлері қажет кезінде пациенттердің үйіне барып қарай алады, бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды.
– Медициналық ұйым пациентке медициналық қызмет көрсетуді тоқтату туралы хабарлауға міндетті ме?
– Иә, егер медициналық көмек көрсету тоқтатылса, көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартына өзгерістер енгізілген болса, шарт бұзылғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын, МСАК ұйымын қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік екі күн ішінде, Қордың медициналық қызметтер көлемін орналастырмағаны туралы белгілі болған күннен бастап екі күнтізбелік күн ішінде, медициналық ұйымдар тұрғылықты жері бойынша тіркелген пациенттерді жазбаша хабардар етуге міндетті.
– Емхана азаматты тіркеуден бас тартуы мүмкін бе?
– Иә. Егер сіздің нақты тұрғылықты жеріңіз тіркелгіңіз келетін емхананың қызмет көрсету аумағына жатпаса, бірақ Сіз «дәрігерді үйге шақыру» қызметінен бас тартпайтын болсаңыз, емханаға тіркемеуі мүмкін. Себебі, Сізге мобильді бригаданы немесе учаскелік дәрігерді үйге шақырған кезде олар сізге келе алмайды және сізге көмек көрсете алмайды, өйткені сіз олардың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде тұрасыз. Ал егер сіз бұл жайларға келісіп, емханаға өзім келіп қараламын десеңіз және емхана сізді қабылдауға дайын болса, емханаға тіркейді. Онда сіз осыған байланысты барлық тәуекелдерді өз жауапкершілігіңізге аласыз.
Балаларды тіркеген жағдайда, заңды өкілдігін растайтын құжаттың болмауы немесе пациент мемлекеттік қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және/немесе олардағы деректердің/мәліметтердің дәйексіздігі емханаға тіркеуден бас тарту үшін негіз бола алады. Сондай-ақ емханаға тіркелген тұрғындар саны бір жалпы практика дәрігеріне бөлгенде аралас тұрғындардан 1700 адамнан, учаскелік терапевтте 2200 адамнан, учаскелік педиатрда 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кету себебінен емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін.