Оңтүстік Кореяда 7 жасар баланы қағып кетіп кейіннен із суытқан қазақстандық табылды.
«Ол Павлодарда. Құқық қорғау органдары онымен сөйлесті. Корей тарабы аталған іске қатысты тиісті құжаттарды жіберді», - деп хабарлады СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
ҚР СІМ Оңтүстік Кореядан келген құжаттарды Бас прокуратураға жолдады.
«Аталған мәселе құқықтық тұрғыда шешіледі», - деді Смадияров.
Еске салсақ 18 қыркүйекте 20 жастағы қазақстандық дүкеннен қайтып келе жатқан 7 жастағы баланы көлігімен қағып кетеді. Автокөлік жол апатына жақын жерден табылды. Баланың әкесі күдікті апаттан кейін Инчхон әуежайы арқылы ұшып кеткенін хабарлаған еді.
Осының салдарынан заңсыз келетін иммигранттар үшін Оңтүстік Корея ел аумағынан шығуға қатысты заңға түзетулер енгізуді көздеп отыр. Енді олар ел аумағын тәрк етпестен 15 күн бұрын барып ескертіп, иммиграциялық орталыққа барып, тексерістен өтулері тиіс.