Жалған жаңалықтар әлемде Fake news термині пайда болғанға дейін де кең таралған. Оның қаңқу сөз секілді үлгілерін ертегілерден де табасыз. Дегенмен сарапшылар байламынша, заманауи «фейк ньюстің» белең алуы және тетіктерінің кемеліне жеткізілуі Кеңес одағы дәуіріне тұспа-тұс келеді.
Ол кезде мұны «агитпроп» дейтін. «Батыс іріп-шіруде және жақында жойылады» деген идеологияны негізге алатын қаптаған жалған жаңалықтар қазақстандықтардың да есінде болар. Бірақ «темір шымылдырық» кесірінен әрі балама ақпарат көздері қолжетімсіз болғандықтан, фейк жаңалықтардың анық-қанығын тексеру кеңес халқы үшін мүмкін болмады. «Агитпроптың» қайғылы салдарлары бар-тын: оған сенбей, күмән келтіргендердің біразы атылды. Бұл үшін ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы «Үлкен террор» тұсында КСРО Қылмыстық кодексінің 58-бабының «контрреволюциялық үгіт-насихат немесе үндеу-агитация» (58-10), «контрреволюциялық саботаж» (58-14) тармақтары кеңінен пайдаланылды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде «зиянкестік және тыңшылық-диверсиялық қызметке» қатысты 58-6, 58-7, 58-9 баптар тобы өкімет үшін айрықша өзекті болды. Ең жоғары жаза түрлерін қарастыратын бұл қанды тетіктер кеңестік жалған ақпараттарға шәк келтірген қаншама саналы азаматты құрбан етті.
Қазір заман басқа, заң басқа. Қазақстан енді «фейк ньюспен» күресуде. Республикамызда жалған ақпарат үшін қылмыстық қудалау енгізілген. Дегенмен мұны керісінше, жоғары деңгейде қолдап, қаржыландыратын елдер де табылады. Халықаралық сарапшылар 2014 жылы Ресей–Украина қақтығысы өршігенде жалған жаңалықтар легі шырқау шегіне жеткеніне назар аудартады. Ресейде Евгений Пригожин басқарған, жалған ақпараттарды тәулік бойы мыңдап таратқан «тролльдер фабрикасы» – «Интернет зерттеулер агенттігі» жұмыс жасайтыны әшкереленді және оның өкілдері америкалық санкцияларға ілікті.
Тіпті солтүстік көршінің №1-арнасы – «Первый канал» қиялдан құрастырып, небір сұмдықты көрсетемін деп абыройынан айырылды. Мәселен, телеарна 2014 жылғы 25 қазанда Украинада «азаматтық соғыс» жүріп жатқанына дәлел ретінде «Донбаста қырылған халық» деп, 1995 жылғы Шешенстандағы соғыстан кадрларды ұсынған. 2014 жылғы 12-13 шілдеде ол паш еткен «солдаттардың сепаратистерді қолдаған ананың үш жасар баласын керіп өлтіргені» туралы фейк телесюжет тіпті Ресейдің өзінде жеккөрініш тудырып, қатаң сынға ұшырады.
Оның қарсыластары да қарап отырған жоқ. ресей президенті В.Путиннің «баяғыда өліп қалғаны, орнында тек ұқсас адам билік етіп жүргені» жайында дәлелденбеген ақпараттар жиі бой көтереді.
Google Trends дерегінше, содан 2018 жылға дейінгі аралықта 100 балға дейін шарықтаған Fake news-ке деген сұраныс қазір едәуір төмендеген және 25 балл айналасында ғана құбылуда.
Бүгінде фейк ақпараттың негізгі көзі – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Себебі қарапайым халық заманауи әлемде жаңалықтарды да негізінен осылардан біледі. Олардың біразы адамдар үшін шын қауіп-қатер әкеледі. АҚШ-тағы президенттік сайлауда осындай хабарламалар жеңілуіне ықпал еткен Хиллари Клинтон 2016 жылдың желтоқсанында ел алдына шығып, америкалық қоғамды «залалды Fake news және жалған үгіт-насихаттың індет-эпидемиясы» жайлағанын қынжыла жеткізді: «Бүгінде фейк жаңалықтар әлемдегі шынайы оқиғаларға әсер ете бастағаны түсінікті болуда», – деді ол.
Оның сөзін таратқан америкалық журналистер «Пиццагейт» деп аталатын жанжалды еске түсірді. Өйткені президенттік дода барысында қарсыластары әлеуметтік желілер арқылы «Хиллари Клинтонның жақтаушылары педофилдердің құпия ұйымымен тығыз байланысты-мыс» деген жалған деректі жан-жақты жаюға күш салды. Мұның фейк екенін The New York Times-тан бастап, Fox News-ге дейін атап көрсеткеніне қарамастан, ақырында соған сеніп қалған адамдардың бірі Вашингтондағы пиццерияға басып кіріп, қарудан оқ жаудырған. Себебі, әртүрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде педофилдердің ықпалды құпия ұйымының АҚШ астанасындағы Comet Ping Pong танымал пиццериясымен ықтимал байланысы жайы талқыланады. Қылмыскер, Солтүстік Каролинадан келген 28 жастағы Эдгар Мэддисон Уэлч тек пиццерияны тінтіп шығып, онда құпия бөлмеде балалар қамауда ұсталмайтынына әбден көзі жеткесін ғана полицияға өз еркімен берілген.
Сарапшылар әсіресе, адам денсаулығы мен тамақ өнімдеріне қатысты фейк-кеңестер аса қауіпті екеніне назар аудартады. Қазақстанда әлеуметтік желілер және WhatsApp арқылы қандай да бір дәрінің адам денсаулығына аса зиянды екені туралы хабарлар дүркін-дүркін ел арасын кезіп жүреді. Бұл адамдардың аса маңызды дәріні не вакцинаны қабылдаудан бас тартуына соқтыруы ғажап емес.
Мәселен, өткен жылдың соңында дәріханаларда израильдік парацетамол сатылатыны, оны пайдаланған адамдар алтыншы күні өлетіні туралы мәлімет тарады. Бұл әлемдік деңгейдегі «фейк-шабуылдың» бір жаңғырығы болатын. Айтқандай, қазақстандықтарды «өлімге соқтыратын қауіпті парацетамолмен» осымен үшінші рет қорқытып отырғаны анықталған. Бірінші толқыны 2015 жылы жүрді, онда таблеткадан улы ұсақ сымдар табылғаны «паш етілді». Осыған орай прокуратура дәрінің осы түрінен ешқандай сым табылмағанын және «жалған спам-жөнелтілімдер фактісі бойынша тергеу жүріп жатқанын» мәлім етті. Ол тергеудің немен аяқталғаны хабарланбады. Бірақ жөнелтілімдер сап тыйлды.
2017 жыл басында парацетамолдың «қауіптілігі» туралы тағы да жаппай ескертулер келе бастады. Онда «дәріде «Мачупо» боливиялық геморрагиялық безгегі вирусы жасырылғаны» айтылады. «Бұл ақпарат жалған. Қазақстанда сатылатын парацетамолда ешқандай P500 деген жазу жоқ. Мұндай таблеткалар ТМД елдерінде де, шет мемлекеттерде де кездеспейді», – деді сонда ДСМ Фармация комитетінің бас сарапшысы Ғалымжан Мырзахметов. Дәл осындай жоққа шығаруларды Ресей, Үндістан, Малайзия және басқа да елдер ресми жариялады. Онда «Мачупо» вирусы құрғақ ортада, мәселен, таблетка ішінде өмір сүре алмайтынына екпін түсіріледі.
Мамандар ақпарат құралдарына дәріге қатысты ақпараттың ақиқатын тексергенде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері мен мәлімдемелеріне жүгінуді ұсынады.
Дәріге қатысты фейк жаңалықтарға шынайылық сипат пен салмақ беру үшін оны таратушылар Денсаулық сақтау министрлігіне «сілтеме» жасауға тырысады. Мәселен, 2017 жылғы қаңтарда аталған меморган әлеуметтік желілердегі «Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі» деп аталатын бірқатар аккаунттың жалған екенін және оны белгісіз тұлғалар жүргізетінін хабарлады. Оның үстіне, ол кезде меморган атауы – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі» деп аталатын.
Осының алдында, 2016 жылдың қазанында дәл осы министрліктің басшысы Тамара Дүйсенова ғаламторда орналастырылған дәрі жарнамасына өзінің қатыспағанын мәлімдеп, жоққа шығарды.
Жалпы, жаңалықтардағы шындықтың қайда, ал өтіріктің неде екенін айыру қиын болып барады. АҚШ-тағы сайлау кезінде ресейлік күштер әлеуметтік желідегі «фейк ньюс» легі арқылы Х.Клинтонның жеңілуіне және «Ресейге оң көзбен қарайтын» Д.Трамптың жеңуіне ықпал етті деген ауыр айыптан кейін Facebook британдық тәуелсіз қайырымдылық ұйымы Full Fact-ке жүгініп, бұған тосқауыл қоюдың амалын тауып беруді сұрады. Өз кезегінде ол фейсбук арқылы таралған посттарға фактчекинг жүргізе келе, өз ұсынымдарын енгізді. Оның негізінде әлеуметтік желілердегі Fake news-бен күрес өрістей бермек.
Сонымен бірге дәстүрлі ақпарат құралдары да елді елең еткізу үшін аракідік жалған жаңалықтарға жол беріп тұрады. Соның бірі – танымал, белгілі тұлғалардың «өлгені» туралы жаңалықсымақтар. Кезінде Марк Твеннің: «Менің өлімім туралы өсектер асыра айтылған» деуі, Хемингуэйдің өзіне қатысты некрологты шампан толтыра құйған бокалды ұстап оқығаны, ал Киплингтің газетке жауап хат жазып: «Әлгінде ғана өліп қалғанымды білдім. Ендеше, мені газеттеріңіздің жазылушылары тізімінен алып тастауды ұмытпаңыздар!» деуі осыдан.
2018 жылғы қазанда әлеуметтік желілерде тараған «композитор Ескендір Хасанғалиевтің қайтыс болғаны» туралы ақпаратқа тіпті кейбір республикалық БАҚ-та сеніп қалып, үн қосқан. 2019 жылғы маусым айының соңында Энергетика министрлігі министр Қанат Бозымбаевтың «жол апаты кезінде қаза тапқаны» жөніндегі радиодан хабарланған жаңалықтың фейк екенін, оның өз кабинетінде жұмыс істеп отырғанын нақтылады. Тізе берсе, мұндай «жаңылысулар» толып жатыр.
Сарапшылар «жалған өлімнен көрілім» жимау үшін белгілі тұлғаның жақын-жуық, жолдас-жораларына немесе ол қызмет жасайтын мекемеге қоңырау шалып қойған жөн екенін еске салады.
Фейк ақпарат тарату – еріккеннің ермегі емес. Оның теріс кесірінің зорлығы, тіпті лаңкестік шара салдарына теңелуі ықтимал болғандықтан, мемлекет онымен қатаң күресуде. ІІМ дерегінше, 2017 үш қазақстандық осы әрекеті үшін қылмыстық жаза тартқан. Оның бірі – 26 жастағы әйел екен. Барлығы да жұмыссыздар. 2016 жылы «көрінеу қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін» бұдан әлдеқайда көп – 14 адам сотталған. Оның алтауы – нәзік болмыс иелері.
Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, «көрінеу жалған ақпарат таратқаны» үшін адамдар 10 жылға дейін түрмеге отыратынын ескертеді. Бұған қоса, «Жала жабу» атты 130-бап үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазалауды қарастырады.
«Шын сөзің – бал, жалған сөзің – жуадай, Жуа сасып бал иісін қуады-ай! Шын сөз – шипа, өтірік сөз – кесел ғой, Ескі сөзден осындай ой туады-ай!» деген ХІІ ғасырда түркі ғұламасы, Түркістанның тумасы Ахмед Йүгінеки. Бабалар ақылынан жаза баспайық, әдептен аспайық.