Аналарға берілетін жәрдемақы өзгереді
Аналарға берілетін жәрдемақы өзгереді
311
оқылды
«Алматы облысында 3 304 отбасыға АӘК төлеу тоқтатылды», «Қостанай об­лысында АӘК 116 отба­сыға уақытша, 1 193 от­ба­сыға түбегейлі төлен­бей­ді», «БҚО-да тексеру нәти­жесінде 586 отбасыға АӘК төлеу уақытша, тағы 508 от­басыға мүлдем төлен­бейтін болады»... Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әр өңірден таратып жатқан осы суыт мәлімдемелері майдан даласынан жеткен мәліметтерді елестетеді.

Солай болуға да тиіс шығар. Өйт­кені осы арқылы Үкімет ымы­расыз күрес жүріп жатқанын, нақ­тылай кетсек, мемлекеттік кө­мек­қаржыны заңсыз алуға тырысқан «алаяқтар мен масылдарға» қарсы аяусыз соғыс ашқанын паш етуде. Алайда бұл «уралаған» хабарлар шынымен бюджеттің мойнында отырған ірі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы басшылардың ел қаржысы есебінен миллиондап-миллиардтап бонустар алатыны, мысалға, БЖЗҚ-ның жарнамаға ғана 277 миллион теңге жұмсаға­ны секілді мәліметтермен еш үйлеспейді.

Мұндай хабарды естіген бұ­қара халық, әсіресе ауылдағы аға­йын: «Оу, неге әлеуметтік кө­мек­тен айырасыңдар! Беріңдер, онсыз да талан-тараж болып жат­қан халық қаржысын халықтан қыз­ға­насыңдар ма?» деп назала­натыны содан. Жұртшылықтың көңіл­толмастығын құлағы шалса керек, жауапты ведомство Үкіметке атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа моделін ұсынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов Үкімет мүшелеріне 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап әлеумет­тік қолдау шараларының кешенді қолданылуын қарастыратын жаңа заң жобасын таныстырды.

Оған сәйкес, біріншіден, 4 және одан да көп кәмелетке тол­маған баласы, соның ішінде жасы 23-ке жетпеген, күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар барлық көпбалалы отбасыға енді жеке мемлекеттік жәрдемақы төлене бастайды. Салыстыру үшін айтсақ, әзірге тек әл-ауқаты төмен көпба­лалы аналар ғана жәрдемақы алуға құ­қылы. Демек құрсағы алтын ана­ларды «кедей-бай» деп бөлу және кемсіту жойылмақ. Мемжәрдема­қы мөл­шері бала санына қарай сара­ла­нады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден беріледі деп күтілуде.

Екіншіден, мемлекет АӘК-ті отбасының барлық мүшесіне тоқ­сан сайын тағайындау тәжірибесіне қайта оралмақ. Б.Нұрымбетовтің пайымдауынша, бұл бір жағынан, АӘК алушылардың өз табыстарын ұзақ жасыруына жол бермейді. Екінші жағынан, отбасылардың табыстары осы уақытта төмендеп кетуі де ықтимал, олай болса, АӘК көлемі қайта есептеліп, көтеріледі.

Үшіншіден, Үкімет аз қамтыл­ған отбасылардағы балаларға қам­қорлықтың кепілдендірілген әлеу­меттік пакетін ұсынады. Ведомство басшысы олардың 1-ден 6 жасқа дейінгі балалары ыстық тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамты­латынын, ал 6 жастан 18 жасқа де­йінгі ба­лалары – мектепте күн сайын тегін ыстық тамақпен, қала­лық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүрумен, мектеп форма­сымен, оқу құралдарымен қамта­масыз етілетінін мәлімдеді.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде АӘК берудің жаңа тә­сілдері туралы түсіндіру жұмыс­та­рын ұйымдастыруды жүктеді.

Ведомство осы қазан айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізуге міндеттелді.

Кейін журналистер алдына шыққан министр Б.Нұрымбетов жан басына шаққандағы орташа кірісі 20 789 теңгеден төмен отба­сылардың ғана АӘК алуға құқығы бар екенін еске салды.

«Кейбір азаматтар мемлекет халыққа не үшін көмектесіп отыр­ғанын дұрыс түсінбейді. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мың­нан астам отбасыға АӘК заңсыз тағайындалған. Біз төлемдерді тоқ­­татуға немесе қайта есептеуге мәж­бүр болдық. Бизнеспен айна­лы­­су фактілерін жасыру жағдай­ла­ры да аз емес. Мысалы, Алматы об­лысында көпбалалы отбасы биыл­­ғы 11 маусымынан бастап АӘК алып келген. Бірақ тексеру барысында ол отбасыда 852 бас мал тіркелген шаруашылығының бары анықталды» дейді министр.

Жалпы, АӘК биыл 417 мың отбасыға немесе 2,1 миллион адам­ға тағайындалған екен. Алайда министр Б.Нұрымбетовтың ай­туынша, бүгінде бұл сан 306 мың отбасыға немесе 1,6 миллиондай адамға дейін кемітіліпті.