Бұл сайлауалды бағдарламалардың жобалары еліміздегі өңірлердің, оның ішінде шалғай елді мекендердің тұрғындарымен кездесу қорытындысы бойынша қалыптасқан нақты проблемалардың картасы негізінде әзірленіп жасалған. Айталық, бір ғана Семей қаласының сайлауалды бағдарламасында өзекті деген бірқатар мәселе нысанаға алынған. Ендеше соларға жеке-жеке тоқталайық.
«Қаланың дамуының 7 басымдығы» атты бағдарламасының алғашқы бөлімі «Экономикалық тұрақты қала» деп аталады. Бұл бағдарлама бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындардың құрылысы, соның ішінде: 2021 жылы Восход кентінде (326 жұмыс орны) мультидақылдарды (күнбағыс, рапс, соя) өңдеу бойынша автоматтандырылған кешен салу; 2020-2021 жылдары Семей қаласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорында арнайы құрал-жабдықтарды құрастыру бойынша шеберханалар салу (100 жаңа жұмыс орны); 2021-2022 жылдары Новобаженово ауылдық округінде 1,2 мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу; Кәсіпкерлікті қолдау карталары жобаларын және «Өндіріс» индустриялық аймақта орналастыруға жоспарланған жобаларды іске асыру (2021-2022жж.) көзделді. Сондай-ақ өңірде 2025 жылы жалақы 23%-ға 139-дан 165 мың теңгеге дейін артады, жаңадан 10 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады, жұмыссыздық деңгейі 5-тен 4,7%-ға дейін төмендейді.
Екінші, «Жайлы қала» бағдарламасы бойынша тұрмыстық жағдайды жақсарту көзделіп отыр. Семей өңірінде 100 мың отбасы тұрады, оның 2 621-і көпбалалы отбасылар. 10 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Осыны ескере отырып, партия тұрғын үй құрылысын дамытуды басымдыққа қояды. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдары жалпы ауданы 702,9 мың шаршы метрді құрайтын 133 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 9 мың отбасы жеке баспанамен қамтамасыз етілмекші. Сонымен қатар 2025 жылға қарай бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткіші 21 шаршы метрден 24,3 шаршы метрге дейін жеткізіледі, соның арқасында 9 мың отбасы өз баспанасын алады. Қала мен ауылдық елді мекендердің барлық тұрғындары таза ауызсумен қамтамасыз ету, қалада инженерлік желілерді қайта құру және халықты жылумен қамтамасыз ету де жоспарға енгізілген.
Жолдардың сапасын жақсарту жұмыстары бойынша 2021 жылы Қарағайлы ықшамауданына квартал ішіндегі кірме жолдарын салу, 2021-2023 жылдары қаладағы автомобиль көпірін қайта құру, 2025 жылға қарай «Семей қаласын айналып өту» автомобиль жолын салу және жыл сайын жолдарды жөндеуге 1,5 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 2025 жылы 100% құрайды.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында 16 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, ауыл стандарттарымен қамтамасыз ету деңгейі 94,3%-ға жетеді. Ал экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2021-2024 жылдары Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салынады. Соның арқасында аймақта қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 11,7%-дан 28%-ға дейін артпақ.
Үшінші, «Әлеуметтік бағытталған қала» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында өңірде медициналық көмектің сапасын жақсарту көзделген. Қаланың кез келген тұрғынына сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін «2023-2024 жылдары Ұшақтар кентінде 200 орындық балалар қалалық ауруханасының құрылысы салынады. 2020-2021 жылдары ПТР-зертханалар санын 2-ден 4-ке дейін ұлғайту жоспарға енді. Нәтижесінде, нәрестелер өлімі 1 000 балаға шаққанда 5,8-ден 5,5 жағдайға дейін төмендейді. Ал жалпы өлім 10 мың адамға шаққанда 8,5-тен 8,2 жағдайға дейін азаяды.
Білім алудың қолжетімділігін арттыру үшін өңірде балабақша, мектеп құрылыстары да жанданбақ. «Nur Otan» партиясы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге және аға буынның белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға ерекше назар аударады. Осыған байланысты оңалту орталықтарының құрылысы жүргізіледі. Бұқаралық спортты дамытуға да жағдай жасалынады. Сол мақсатта қаланың спорттық инфрақұрылымын кеңейтуді мақсат етіп қойды. Нәтижесінде, спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 26%-дан 36%-ға дейін артады.
Төртінші, «Жастарға арналған қала» бағдарламасы бойынша жыл сайын кем дегенде 2 мың жасты, оның ішінде 520 адамды жастар тәжірибесі есебінен жұмысқа орналастыру көзделді. Нәтижесінде, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8-ден 3,5%-ға дейін төмендейді.
Бесінші, «Тарих пен мәдениетті дамыту» бағдарламасы. Бұл бойынша Жидебай шатқалында, «Қоңыр әулие» үңгіріне, «Мамай батыр» кесенесіне және басқа да маңызды орындарға саяхаттау арқылы қасиетті туризмді дамыту, ерекше тарихи және мәдени орындарға туристік бағыттарды ұйымдастыру және ұлттық спорт түрлерін, дәстүрлі өнерді дамыту қолға алынбақ.
Алтыншы, «Ашық және есеп беруші жергілікті органдар» бағдарламасы. Жоспарға сай 2025 жылға дейін автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер үлесін 90,3%-ға дейін жеткізу, цифрлы экожүйені үдемелі дамыту арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен халықтың өмір сүру сапасын арттыру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге азаматтық сектордың әлеуетін тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға, оның ішінде «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының жұмысын жетілдіру жұмыстары да назарға алынған.
Жетінші, «Қауіпсіз қала» бағдарламасы қылмысқа қарсы іс-қимыл және қылмыстық жағдайлардың санын азайту, террористік қауіптер мен төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталып отыр. Бағдарлама бойынша, сондай-ақ 2021 жылы ЕҚДБ аясында 136 көшеде жарықтандыру жүйесін жаңғырту және 2021-2022 жылдар аралығында Ертіс өзенінің жағалауларын қорғау жұмыстары жүргізілмек. Аталған жұмыстар Семей қаласының сайлауалды даму жоспарына енгізілді.
Айта кетейік, Жол картасының 216 жобасы жастар арасында, оның ішінде «Nur Otan» партиясының партияішілік праймеризіндегі пікірсайыстар алаңында да қызу талқыланып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағдарлама бүгінгі таңда нақты күндері мен мақсатты индикаторлары көрсетілген жоспарлы жұмыстардың ошағына айналып үлгерді. Айтпақшы, партияның баспасөз қызметі жалпыреспубликалық партияішілік праймериздің қорытындысы бойынша үздік идеялар мен шешімдерді жинақтай отырып, бағдарлама жобалары краудсорсинг қағидаты бойынша пысықталатынын да атап өткен болатын. Өңірлердің сайлауалды бағдарламаларының жобасымен primaries.kz. сайтына кіру арқылы толығырақ танысуға болады.