Кеше, 29 қыркүйек сағат 08:40 шамасында Бәйдібек АПБ-нің кезекші бөліміне Екпінді ауылынан өтетін Самара-Шымкент тас жолында «КамАЗ» автокөлігінің өртеніп жатқаны жөнінде хабарлама келіп түсті.
Хабарлама бойынша тез арада оқиға орнына жедел-тергеу тобы жолға шықты.
Анықталғандай, Қазығұрт ауданының тұрғыны «КамАЗ» маркалы жүк көлігіне қосымша жалғанған тіркемесімен 12 тонна мақта артып келе жатқанда, жол бойында адамдар тоқтатып, көліктен түтін шығып жатқанын айтады.
Жүргізуші көліктен түсіп, мақтаның отқа оранғанын көреді. Өрт сөндірушілерге хабар береді. Сол жердегі жолаушылардың көмегімен жүк көлігінің артына жалғанған тіркемені ажыратып алды.
Өрт салдарынан жүк көлігі алты тонна мақтасымен өртеніп кетті.
Қалған тіркемедегі 6 тонна мақтадағы енді басталған жалынды өрт сөндірушілер сөндірді.