Бұл қадам 2020 жылғы 30 мамырда бастау алды: «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай халыққа үндеумен қайырылған Қ.Тоқаев өткен ғасыр зобалаңының құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейде шаралар қабылданатынын білдірді. Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, құрбандарды ақтау үшін ол Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды.
Бұл комиссияның жұмыс тетіктері, құзыры, құрамы және басқа да нобайы енді ғана айқындалуда. Оның өкілеттігі зор болмақ: құлыптаулы жатқан құпиясы көп, замананы құйындай үйiрген құйтырқы істердің шындығы жасырылған талай архив осы мемкомиссия үшін айқара ашылады. Дегенмен бұл бағытта абайлап әрекет ету, ақырын жүріп, анық басу керектей. Мысалы, Кеңес тұсында құрылған ұқсас комиссия 1941 жылғы 28 қазанда атып тасталған қандықол жендет Ф. Голощекинді 1961 жылы ақтады. Осы негізде Ресей Самара қаласының маңында, яғни Голощекин атылған жерге ескерткіш белгі орнатты, онда: «Установлен на месте захоронения жертв репрессий 30-40-х гг. Поклонимся памяти невинно погибших» деген сөздер қашалған...Сарапшылар: «мемкомиссия барлығын ақтау ұранымен елігіп, кезінде тұтас ауылдарды қырған, қазақтың бай-бағыланын, ұлт зиялыларын тергеусіз-сотсыз атып кеткен шолақ белсенділерді де сүттен ақ, судан таза деп танымай ма?» деп қауіптенеді. Егер оған барса, бұл қоғамды қаққа жаруы ғажап емес. Мұнда да байыптылық қажет.
Комиссияға кім кірмек?
Президент Жарлығының жобасында аса құзырлы әрі маңызды мемкомиссия құрамына кімдердің кіретіні көрсетілген. Бірақ БҒМ ол адамдардың аты-жөнін жазбай, тек лауазымы мен ғылыми атақтарын ғана бере салыпты. Мұның бірнеше себебі бар: біріншіден, комиссия құрамын жасақтау жұмысы жалғасуда. Мысалы, ереже жобасы жарияланған күні жедел хабарласқанымызда, министрлік «құрамына енді» деген кейбір тұлғалардың өзі содан бейхабар екенін анықтадық. Жоғары жақ оларды сәл кешірек құлағдар етіпті. Екіншіден, сырт көзден жабық, тіпті бұрын көзі тірілердің ешқайсысы көз жүгіртпеген мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтіндіктен, әрине комиссияға кіретін әрбір адамның пейілінің кіршіксіз тазалығын, сыр сақтай білетін қасиетін, сыртқы күштермен, өзге ел барлаушыларымен байланысы жоғын құзырлы органдар мұқият тексергені жөн. Үшіншіден, мемкомиссияны қалыптастыру барысында билікте ауыс-түйіс болуы мүмкін. Бұл да оның құрамын өзгертеді. Мысалы, алдын ала тізімге 6 министр кіріп отыр. Сонымен, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамына кірген азаматтар тізімін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастап тұр. Ол мемкомиссия төрағасы қызметін атқармақ. Сонымен қатар комиссияға төрағаның орынбасары ретінде вице-премьер Ералы Тоғжанов, келісім бойынша төраға орынбасары ретінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, төрағаның тағы бір орынбасары ретінде Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Президент көмекшісі – Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бар. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Әділет министрі Марат Бекетаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ПӘ Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Мауберлинова, Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов, Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, т.ғ.к. Наурызбай Байқадамов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Хангелді Әбжанов, Абай атындағы ҚҰУ «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д. Мәмбет Қойгелдиев, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали, Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Сайыров, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная, Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу жөніндегі орталықтың директоры, т.ғ.д. Талас Омарбеков және басқа тұлғалар ұсынылды.Қуаты құзырынан танылады
Бұл комиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болады. Негізгі міндеті – «саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау». Оның мүшелері отырысқа жарты жылда кем дегенде 1 рет жиналып тұрады. Шешім жиналған мүшелердің басым көпшілігінің қолдап дауыс беруімен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, төрағаның дауысы шешуші болатыны айтылған. Комиссияның жұмысшы органы – Білім және ғылым министрлігі. Мемкомиссияның өкілеттігі мен функциялары зор. Біріншіден, ол саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтауы тиіс. Екіншіден, ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтау үшін арнайы заң жобаларын және өзге де актілерді әзірлеу жөнінде Үкіметке ұсыныстар енгізеді. Үшіншіден, жазықсыз сотталған, өмірі мен бас бостандығынан айырылған, психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдетілген, елден аласталған, сондай-ақ саяси нанымдар, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де қатыстылығы бойынша құқығы мен бостандығы шектелген тұлғаларды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын да сол анықтайды. Төртіншіден, іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін айқындайды. Өйткені қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары да, сондай-ақ заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттары да бар. Бұдан бөлек, «Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресушілер», «өзінің идеологиялық, ғылыми, шығармашылық, рухани-мәдени құндылықтары мен сенімдері үшін қуғын-сүргінге ұшырағандар» санаттары белгіленеді. Бесіншіден, комиссия мүшелері Қазақстан Президентінің, ІІМ-нің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және өзге де мемлекеттік мекемелердің архивтеріндегі жабық қорларды ашады. Ондағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдарды зерттеушілер мен ұрпақтар үшін қолжетімді етеді. Алтыншыдан, барлық меморгандардың ақтау мәселелері жөніндегі қызметін де осы мемкомиссия үйлестіретін болады. Жетіншіден, ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіруде азаматтарға әдістемелік және құқықтық көмек көрсетеді. Сегізіншіден, комиссия қолдауымен репрессия құрбандарын, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен адамдарды мәңгі есте қалдыру жөнінде жеке мемлекеттік бағдарлама қабылданады. Тоғызыншыдан, комиссия ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдарды қарайды.Комиссия мүшелері Қазақстан Президентінің, ІІМ-нің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және өзге де мемлекеттік мекемелердің архивтеріндегі жабық қорларды ашады. Ондағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдарды зерттеушілер мен ұрпақтар үшін қолжетімді етеді.
Мемкомиссия ішінен тоталитаризм құрбандарының әртүрлі санаттарын оңалту жөніндегі әдіснаманы әзірлеу үшін кіші комиссиялар құрылады. Сонымен қатар өз қызмет бағыттары бойынша ұсыныстар енгізу және материалдарды жинақтау үшін жұмыс топтары түзіледі. Негізгі жұмыс та осы топтарда жүрмек. Жұмыс барысында комиссия жабық қорларды ашу және өз міндетін іске асыруға қажетті архивтік материалдардан «аса құпия» грифін алып тастау (құпиясыздандыру) туралы шешім қабылдайды. Қалай болғанда, бұл – мектеп пен ЖОО оқулықтарына кіретін нағыз тарихи шараға айналатынға ұқсайды.Әділет орнамай қасірет тарқамайды
Мемкомиссия мүшелерін алапат жұмыс ауқымы күтіп тұр. 1916 жылғы көтеріліс, Ресейдегі қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран, азамат соғысы, ұжымдастыру және конфискация науқаны, екі рет жүрген ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі кезеңдерде дүркін-дүркін репрессия шаралары іске асырылды. Құрбандардың нақты санын бірде-бір тарихшы тап басып айта алмайды. Ресми мәлімет бойынша, КСРО-да 20-50-жылдар аралығында 3 миллион 777 мың 380 адам сотталған, оның 642 980-і атылған. Дегенмен бұл статистикаға сотсыз атып тасталғандар, «үштік», «ерекше кеңес», «ерекше трибунал» қолынан өткен кейбір істер кірмеген. Қазақ елінде ең кемі 103 мың адам репрессияланған деп саналады. 1 миллионнан астам адам «итжеккенге», елден тысқары жер аударылды. Сталин өлгеннен кейін оның заманындағы қылмыстар әшкере бола бастады. КОКП ОК жанындағы Партиялық бақылау комитеті және одақтас республикалардың орталық комитеті 30-40-жылдары және 50-жылдар басында саяси астар бойынша партиялық және сот жауапкершілігіне тартылған адамдарды ақтауға кірісті. 1953 жылдың шілдесінен 1956 жылдың ақпаны аралығында 5 456 адам ақталды. «Ол кезде реабилитациялау жұмысы тым шабан әрі жүйесіз жүргізілді. Бюрократия ғаламат болды: әрбір репрессияланған адамға қатысты құжат КСРО Жоғарғы кеңесіне жеке жолданды, ЖК қарап, оң қорытынды бергеннен кейін ғана ақтау туралы шешім қабылданды. Оның үстіне, осы іске жұмылдырылған шенеуніктердің көбі бірер жыл бұрын ғана өздері домалақ арыз жазған, әлдекімдерге жала жауып, «халық жауы» ретінде атқызған тұлғалар болатын. Сондықтан олар ақтауға құлық танытпады, бір істі бірнеше рет қайта қарады, кейінге ысырды», – дейді белгілі зерттеуші, қазақстандық тарихшы, доцент Екатерина Кәрібжанова. Әйткенмен, 1956 жылғы КОКП ХХ съезі саяси қудалау құрбандарын жаладан арылту ісіне соны серпін берді. Ақтау ісі жеңілдетілді. Лагерьлерге істерді қайта қарау жөніндегі арнайы комиссия аттанды. Оларға Жоғарғы кеңес Президиумының құқықтары уақытша жүктелді, яғни комиссия өз бетінше реабилитациялау, кешіру, қамақ мерзімін қысқарту құзырын иеленді. Осының арқасында 1956-1961 жылдары Кеңес Одағында 700 мыңнан аса адам ақталған. Қынжылтатыны сол 1962 жылдан бастап бұл жұмыс қарқыны күрт бәсеңдеді және 1964 жылы мүлдем тоқтады. Ақталғандардың тағдыры да ауыр еді. Түрме не лагерьден оралғандардың біразы қалыпты өмірден көпке дейін орын таба алмады. Олар үшін қаншама қызмет түрі «жабық» болды. Мысалы, 1954 жылы абақтыдан босап шыққан атақты тарихшы ғалым Ермұқан Бекмахановқа оқытушылық қызметке кірісуіне тек 1 жылдық сергелдеңнен кейін ғана рұқсат етілді.Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысын Партиялық бақылау комитеті 1987 жылы қайта жандандырды. Сонда ғана халқымыз «Алаш» арыстарымен қайта қауышты. Әйткенмен, реабилитациялау процесі аяғына жеткізілмеді. Бұған қоса, қазақ жеріне күштеп депортацияланған халықтар әділет таппады. Президент Қ.Тоқаев бастамашы болған мемкомиссия енді осы мәселелердің бәріне нүкте қоюы керек.