Жекеменшік балабақша басшылары мамыр айында-ақ дабыл қаққан-ды. «Атамекен» ҰҚП өткізген онлайн кездесуде 70 мыңға жуық қызметкердің қаржыландырусыз қалғанын мәлімдеген. Әсіресе, Қызылорда облысындағы жекеменшік балабақшалар карантиннің орта тұсында жабылуға дайындалып жүрген-ді. Мұны қаладағы кәсіпкер Наталья Мишукова да растап отыр. Ол бірінші кезекте Қызылордадағы жекеменшік балабақшалардың жағдайы қиындағанын алға тартты. Өйткені жекеменшік балабақшалардың табысы 60%-ға төмендеп кеткен. Иә, мәселе қаржыға келіп тіреледі. Себебі төтенше жағдай кезінде мемлекеттік тапсырыс балалар балабақшаға бармаған жағдайда төленді. Ал қазір тек балалардың нақты саны бойынша төленеді. Мәселен, кезекші топта 15 бала тәрбиеленеді десек, мемлекет сол көрсеткішке сай қаржы бөледі. Балабақша құрылтайшылары болса, бала санына қарамастан тәрбиешілерге толық көлемдегі ақы төлеуі тиіс.
Мемлекетке иек артып несие алдық
Бұл істі жөнге салудың жолы бар ма? Жекеменшік балабақша басшылары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңға өзгеріс керегін нұсқайды. Мысалы, карантин кезінде балабақшалар 5 айға жуық мерзімге жұмысын тоқтатқан. Бірақ қызметкерлердің еңбекақысын төлеген. Себебі балабақша қызметкерлеріне 42 500 теңге берілген жоқ. Осыны негізге алған басшылар қарамағындағыларды табыс көзінсіз қалдырғысы келмеген. Оның үстіне, құрылтайшылар жалдау шығыны мен коммуналдық төлемді де төлеген. Олардың айтуынша, ешқандай жеңілдік болмаған. «Атамекен» ҰҚП ұсынған ақпаратта Білім және ғылым министрлігі тарапынан жан басына қаржыландыру әдіснамасы стандарты бекітілмеген. Кәсіп иелерінің айтуынша, заң мемлекеттің балабақшалардың сойылын соғады. Өз кезегінде жекеменшік балабақшалар толық мемлекеттік тапсырыс ала алмайды. Ал шығынның орнын ата-ана есебінен толтыру мүмкін емес. Өйткені ата-аналардың ақшасы тамақтану шығынынан ары аспайды. Кейінгі мәлімет бойынша, қыркүйек айынан бастап жекеменшік балабақшаларға бала санына байланысты субсидия төленеді. Мәселен, бұрындары балабақшаға 17 миллион теңге кіріс кірсе, қыркүйектен бастап 10 миллион теңге түседі. Оның 9 миллион теңгесін басшылар жалақы ретінде үлестіреді. Арғы жағында жалдау ақысы мен коммуналдық төлем барын есте ұстаңыз. Демек, қазір жекеменшік балабақшалардың шығынды жабар қаржысы жоқ.«Балабақша – әлеуметтік объект. Балалардан үнемдеуге болмайды.1990-2000 жылдардың аралығын алайықшы, сонда мыңдаған ата-ана балабақша кезегінде тұратын. Тіпті, баласы туыла сала балабақшаға кезекке қоятын-ды. Жекеменшік балабақшаларды әлеуметтік жағынан қолдамасақ, мұндай оқиға тағы да қайталанады. Тағы бір мәселе – бизнесіміз. Біз мемлекетке иек артып, үлкен сомада несие алдық. Оның үстіне, штатта жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы бар. Егер мемлекет жәрдем бермесе, бәрі құрдымға кетеді. Мысалы, Еуропа елдері пандемия кезінде бизнеске біршама көмектесті. Біздің қай жеріміз кем? Басқа саладағы шығынды қысқартса да, әлеуметтік маңызы бар балабақшалардың жабылуына жол бермеу керек», – дейді Қарағандыдағы «Ақ бала» балабақшасының қызметкері Елена Ерш.
Есеп тапсыру кімге керек?
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы статистикасы бойынша, өткен жылы балабақшаға келушілер саны 89% болған. Қазіргі көрсеткіш 40-50%-ды көрсетіп тұр. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басына түскен жайға қарамастан жергілікті әкімдіктер мен прокуратура жекеменшік балабақшалардан есеп сұрауды бастаған. Олар бөбекжай басшыларына үнемделген қаржының есебін тапсыруды сұраған. Бұл пәрмен орындалмаса мемлекет қазынасына әр баладан 15 мың теңге көлемінде қаржы қайтарылуы тиіс. Ал жекеменшік балабақша иелері карантин басталғалы қаржы жағы қинап тұрғанын алға тартады. Олар мемлекеттің осындай талап қоярын білгенде наурыз айынан бастап балабақша қызметін тоқтатып, қызметкерлерді қысқарту амалын қарастыратын едік деп отыр.