«Томирис» – қысқа уақытта түсірілсе де, көпшілік ұзақ күткен жоба. Тұмар қыздың тағдырын бейнелейтін бір көркем фильм қажет екенін киногер қауым да жақсы білетін. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, бұл фильмді түсіру Сатаевтың маңдайына бұйырыпты. Екі жарым жыл көп уақыт емес, әрине. Екі жарым жылда тарихи кейіпкерді кино тілінде сөйлетіп, экранға шығару мықтының мықтысының ғана қолынан келетін шығар. Бұл орайда, Ақан Сатаевтың «Томирисі» көптің көңілінен шығып жатса – режиссердің ұтқаны.
– Ақан мырза, көптен күткен «Томиристің» де тұсауы кесілді. Экранға шықпай жатып, премьераның қазақ тілінде емес, орыс тілінде болғаны көптің қыжылын тудырды. Неге бұлай болды?
– Жалпы, бұл – жалғыз менің ғана шешімім емес. Министрлік, киностудия барлығы ақылдаса келе, алғашқы премьераны орыс тілінде қояйық деп шешті. Өйткені елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс бар. Олар «Томиристі» көргенде түсіне ме, түсінбей ме? Сол жағын да ескердік. Оның үстіне, қазақша нұсқасы техникалық жағынан дайын болмады. Латын қарпінде қате көп болғасын, толығымен дұрыстап, қатесіз шығарайық деген ой болды.
– Премьерада қазақ тілінде синхронды аударма жасалған жоқ па?
– Синхронды нұсқасы дайын болғанымен, титрлық жағы кемшін түсіп жатты. Сол үшін асықтырмай, дұрыстап, бір-ақ шығарайық дедік. Негізінен, о баста фильм үш тілде қатар дайындалды: қазақ, ағылшын және орыс тілінде. Негізгі басты нұсқасы – қазақ тілінде. Қазір ағылшын нұсқасының техникалық жағын реттеп жатырмыз.
– Фильмнің биік деңгейде шығуы – сценарийге байланысты. Естуіміз бойынша, о баста сценарий Болат Жандарбековтің «Сақтар» романы желісінде даярланады деген еді. Қарап отырсақ, сценарий ол романнан ауытқып кеткен секілді. Солай ма?
– Болат Жандарбековтің романының желісімен емес, ең басты сілтеме – Геродоттан алынды. Білуімізше, Томирис туралы негізгі тарихи жазбалар Геродоттың жазғандарында ғана кездеседі. Оның өзінде толық мағлұмат жоқ. Томирис – аңыз тұлға. Сондықтан үзік-үзік жарияланған жазбаларды пайдалана отырып, сценарий жазуға тырысты. Ал Болат Жандарбековтің романы – көркем шығарма. Онда ойдан қосылған көркем дүние көп. Ал оны тарих ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – бір жағы. Екіншіден, Жандарбековтің шығармасын пайдаланар болсақ, оның авторлық құқығы бар емес пе? Оны біз рұқсатсыз тағы пайдалана алмаймыз. Ол романға рұқсатты кім береді? Авторлық құқық кімге тиесілі деген мәселелер туындайтыны рас. Өздеріңіз көргендей, фильмде Рүстем, Бақтияр деген кейіпкерлер мүлдем жоқ.
– Біз деректерден Томиристің күйеуінің есімін Рүстем деп оқып өстік. Сонда мұның барлығы Жандарбековтің романынан алынып жүрген мәліметтер ме?
– Геродоттың жазбаларында Спаргапистің есімі көбірек кездеседі. Тіпті Томиристің ұлының да есімі – Спаргапис. Ал Рүстем бертінде жазылған көркем дүниелерде ғана кездесетіндіктен, оны тарихи деректермен салыстыруға келмейді.
– «Томирис» – тарихи деректерге құрылғанымен, көркемөнер туындысы. Онда көркем образдардың болуы шарт. Бірақ көпшілік тарихи фильмдерден тарихи бейнелерді іздейтіні анық. Рүстемді іздеуінің бір себебі осы шығар. Қалай ойлайсыз?
– Фильмнің түп негізі – Геродоттың жазбалары. Одан бөлек, көркем бейнелерді тудыру – табиғи дүние. Жалаң, бояусыз, сұрқай тарихты алып шығуға болмайды. Әрине, мұның бәрін ойдан қосып отырған жоқпыз. Тарихи кеңесшілермен кеңестік, ақылдастық, бір шешімге тоқтадық.
– Басты тарихи кеңесші – Алмас Ордабаев. Одан өзге кеңес айтқан тарихшылар болды ма?
– Негізінен кеңес білдірген – Алмас Баймұханұлы. Одан бөлек, костюм таңдауымызда, декорация тұрғысынан, жауынгерлік өнерден, соғыс қимылдары жайында ақыл-кеңес алған маманымыз көп болды. Өз ісінің нағыз білгірлері жанымызда болды. Ол кісілердің шешімінсіз бір қадам жасаған жоқпыз. Әзірге фильм төңірегінде тарихшылар тарапынан сын-ескертпелер айтылған жоқ.
– «Томиристе» Кир патшаның басын патшайым емес, Тирас алады. Неге?
– Тарихи деректерде Кирдің басын Томирис алды деген де мағлұмат жоқ. Геродоттан да ондай деректі кездестіре алмайсың. Томирис туралы түсірілген Питер Рубенстің тарихи картиналарын қараңызшы. Ешқайсысында патшайымның Кирдің басын алып тұрған сәті бейнеленбеген. Керісінше, Томириске басты әкеліп тұратын тұсын көбірек суреттейді.
– «Томиристің» трейлері шыққаннан кейін ирандық көрермендердің пікір қалдырып жатқаны туралы инстада жазған едіңіз. Олардың фильмді көргеннен кейін көзқарасы өзгереді деп ойлайсыз ба?
– Ирандық тарихшылардың көзқарасы мүлдем басқа. Олар Геродоттың жазбаларын көп қабылдай бермейді. Олардың тарихы өзгеше жазылған. Ал дүниежүзінің 90 пайызы Геродотты қабылдайды. Кирмен соғысы туралы деректер де Геродотта жазылады. Өзіңіз де байқаған шығарсыз, фильмде Кирдің бейнесі соншалықты зұлым, қатыгез ретінде көрінбеген. Кирді де өз заманының ұлы патшасы деп айтуымызға болады. Сондықтан парсы патшасына құрметпен қарадық.
– Кино халықаралық прокатқа шыға ма?
– Фильмді халықаралық прокатқа шығару мәселесін қолға алудамыз. Көрші мемлекеттерде де көрсету жоспарда бар. Әзірге қазақ кинотеатрларына шыққанына бір апта болған жоқ. Елдің тарапынан жақсы пікірлер айтылып жатыр.
– Альмира – жаңа есім. Одан бөлек Арғұн, Спаргап бейнелерінде Әділ Ахметов пен Асылхан Төлеповті көріп қалдық. Төлеповті Сартай бейнесінде қалыптастырған көрермен Спаргаптан жаңа бейнені күткені анық. Солай емес пе?
– Альмира Тұрсыннан бөлек, Салтанат Серкебаева бар. Бұл да жаңа есім. Ал Асылханның бейнесіне келсек, бізде арнайы кастинг өтті. Кастингте кімді бекітеді, сол рольге бекиді. Тіптен, менің фильмдерімде 100 пайыз жаңа актерлерден құралған құрам болған емес. Міндетті түрде елге белгілі актерлер де жаңа құраммен бірге фильмге түсіп жатады.
– «Томиристің» қазақ тіліндегі нұсқасы шыққанымен, прайм-тайм уақытта кинотеатрдан таба алмаймыз. Неге?
– Қазақша нұсқасы тез, жедел шығуы үшін асықтырғаным рас. Тек бір нәрсеге өкінесің: қазақша көрсетілімінде зал бос тұрады. Көрермен көп бармайды. Мүмкін мұның бір себебі, көпшілік көргісі келген уақытқа қойылмауынан шығар. Әрине, прайм-тайм уақытқа қою мәселесін біз шеше алмаймыз. Ол – кинотеатр басшылығының құзырындағы дүние.
– Екі жарым жыл. Тым қысқа емес пе?
– Жоқ, керісінше, бұл уақыт біздің фильмді толық түсіруімізге мүмкіндік берді. Түсірілім мерзі-мі – бес-алты ай, 93 күн болды. Кейбір күндері адам саны 800-ге дейін жетті.
– Неге көне түрік тілі таңдап алынды?
– О баста, тілі қандай болуы керек деп ақылдасқан кезімізде, «көне түрік тілінде сөйлетейік» деп, бірауыздан шешім шығардық. Елбасы да бұл шешімімізді бірден құптады. Тұңғыш Президенттің батасын алып, жұмысқа кірісіп кеттік.
– Көркем образды бейнелеу – оңай. Ал тарихи тұлғаны экранға шығару – қиын дүние. Бойда қобалжу сезімі болған жоқ па?
– «Анаға апарар жол» фильмінен кейін «Томиристі» түсіру идеясы дүниеге келді. Идея авторы – бас продюсер Әлия Назарбаева. Томирис – тарихи тұлға. Ол үлкен жауапкершілікті талап етеді. Режиссерге мұндай шешім қабылдау да оңай емес. Ал шешім шығарып, түсіруге бел байлағаннан кейін, қобалжу, қорқыныш сезімдерінің бәрі ұмыт болады екен. Тек алға дейсің. Өйткені қасыңда қалыптасқан шығармашылық топ, сенетін адамдарың бар. Осындай тарихи бейнені экранға шығарып, оған көрермен тарапынан ыстық ықылас білдіріп жатса, іштей мақтанады екенсің. Сол мені ерекше қуаныш сезіміне бөлейді.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС