Қаржы қайда жұмсалады?
Ақылы жолдардың ең басты артықшылығы – мемлекет қазынасынан жолды жөндеуге бөлінетін қаржы шығыны біршама азаяды. Яғни, автомагистраль өз шығынын өзі өтейді, көрсетілетін қызмет пен жол сапасы жақсарады. Енді жол құнына қарай ойыссақ. Бұл жолдардың мемлекет үшін пайдасы болғанымен, жолаушылар соған жайлылықты сезінуі тиіс. Демек, тиісті мекеме жолдың кем-кетігін уақытында жөндеп, сапаға жауап беруі міндетті. QazAvtoJol бекіткен тариф бойынша, жеңіл автокөліктер 100 шақырымға 100 теңге төлейді, яғни әрбір шақырымға 1 теңге. Транзиттік жеңіл автокөліктер 100 шақырымға 200 теңге, автобустар орын санына байланысты 1 000 теңгеден 3 100 теңгеге дейін өтеуі тиіс. Ал ауыр жүк көліктері 4 200 теңгеден 5 200 теңгеге дейін ақы төлеуге міндетті. Ескерте кетсек, бұл тек жолдың бір бағытына төленетін құн, қайтар жолда қайта төлем жасайсыз. Экономика ғылымының кандидаты Бауыржан Ысқақов ақылы жолдардың тиімділігін ескергенімізбен, қаржының қайда кетіп жатқанын білу үшін мемлекет арнайы функция енгізу керегін айтады. – Ақылы жолдар сөзсіз тиімді. Мысалы, Нұр-Сұлтан мен Теміртау арасындағы автожолдың сапалы екеніне көз жетті. Мұнда ең бастысы – қауіпсіздік мәселесі. Сапалы жол сіздің қауіпсіздігіңізге жауап беруі тиіс. Бұл – әлемдік тәжірибенің жемісі. Бірақ тасжолдар тозады, уақыт өткен сайын жөндеуді қажет етеді. Сондықтан төлем арқылы түскен қаржының игерілу дерегі ашық болғаны жөн. Мәселен, 10 теңге төлем түссе, оның 5 теңгесі инвестордың, қалған 5 теңгесі мемлекет қорына кетті делік. Мұнда мемлекет инвесторға тек жол көрсетіп, бағыт сілтейді. Алғашқы 1-2 жыл жолға кеткен қаржыны ақтауға жұмсалса, әрі қарай ақылы автожолдарды инвесторға беру керек. Инвестор жол сапасына жауап бере алуы тиіс, ондағы қауіпсіздік, инфрақұрылымның дамуы маңызды. Бірақ қаржының ашықтығы үшін мемлекет арнайы функция енгізу мәселесін ойластырғаны абзал, – дейді маман.Кемшіліктер де жоқ емес
Ақылы жолдарға қатысты екі мәселе туындап отыр. Бірі – экологиялық. Автожолдар бойында инфрақұрылымды қамтамасыз ету, тиімді транзиттік, экспорттық және логистикалық инфрақұрылымды дамыту қарқынды іске асады. Дегенмен жануарлардың миграциясы тежеліп, олардың саны азаймақ. Мәселені шешудің жолын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі экодук (жол бойындағы шағын өткел) деп қараған. Бірақ экологтер жағы мұнымен келіспейді. Екіншісі – балама тегін жолдардың жоқтығы. Ірі қалалардың төңірегінде орналасқан радиусы ондаған шақырымға созылған елді мекендер тұрғындарының арасында жеке көліктерімен қалаға қатынап жұмыс істейтіндері көп, оның ішінде жүк көліктерінің иелері де бар. Енді ойлаңыз, олардың күнделікті жұмысына әр қатынауы – толып тұрған шығын. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, оларға арнап ақылы жолдан бөлек балама жол төселуі тиіс. Бірақ QazAvtoJol АК бұл азаматтарға тарифті төмендету жайын қарастырмапты. Оның үстіне, компания мамандары алдағы уақытта тарифтің өзгермейтінін мәлімдеді. Жүргізушілерге қолайлы болу үшін дифференциалды тариф енгізілген, шарты бойынша жүргізушілер алдын ала төлем жасап, 50% жеңілдікке ие болады. Әзірге жұмысына күнделікті ақылы жолмен қатынайтын жандардың дифференциалды тарифтен басқа жүгінері жоқтай. – Ақылы жолдардың бюджетке айтарлықтай пайда келтіріп, қаржы құяры сөзсіз. Менің ақылы жолдарға көзқарасым түзу. Батыс Қытай – Батыс Еуропа секілді жолдарда көлік нөпірі көп. Ақылы негізде болса одан түсер пайда мол. Бірақ проблемалардан аттап кете алмаймыз. Тек қаржы жағын ойластыру жансақтық. Балама жол жоқ, онда тез арада жұмысына ақылы жолмен қатынайтын азаматтарға арнап тарифтердің жаңа түрін шығару қажет. Мысалы, жылына бір рет қана төлем жасайтын етсе, әйтпесе күнделікті төлем оларға салмақ салады. Тағы бір мәселе – бұл жолдар арқылы ауылдық жерлер де дамиды, соған сай жануарлар миграциясы тежелмек. Жолдарды салмай тұрып, осы жағын көңіл бөліп қарастыруға тиіспіз, – дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық.Әлем елдерінің тәжірибесі
Әлемнің 30-дан астам елінде ақылы жолдар бар. Ал төлемақы алу үш түрлі жүйеде жұмыс істейді: ашық, жабық және гибрид жүйесі. Қазақстандағы ақылы автомагистральда соның ішіндегі гибрид жүйесі қолданылады. Шығыс Азияның дамыған елдерінде қолданылатын да – осы жүйе. Гибрид жүйеде ашық және жабық тәсіл қатар қолданылады, сол себепті жолақысын радиоэлектрондық белгілер және бағытталған шот арқылы немесе қолма-қол төлем жасау арқылы қалаған түрімен өтеуге болады. Көрші Ресейде төлем өндіріп алудың ең қарапайым түрі саналатын жабық жүйе қолданылады, ақысын қолма-қол төлейсіз. Ақылы жолдан шығарда жол жүру деректері тексеріліп, тиісті төлемақы жасалады. Ал Германия болса ашық жүйені дұрыс деп тапқан. Ақылы жолдардың сапасы өз алдына, жол бойында көрсетілетін қызмет түрлері бөлек әңгіме. Бұл жағынан АҚШ, Еуропа елдерін үлгі етуге болады. Олар бұл саланы ұлттық экономиканың маңызды бөлігіне айналдырған. Мәселен, АҚШ-та ақылы автожолдарда концессиялар қағидаты бар. Яғни, жол бойындағы жалға берілетін учаскелер муниципалдық органға ғана емес, жеке тұлғаға беріледі. Соның арқасында жолаушының жанармай құю стансалары, жөндеу шеберханалары, дүкендер, тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары, орналастыру құралдары секілді қажетті қызметтердің толық жиынтығын алуға мүмкіндігі бар. Италия сияқты туристік елде демалыс орындары әрбір 30-50 шақырым сайын орналасқан. Олар бірыңғай жоба бойынша жайғастырылған, қызметтер жиынтығы мол. Тіпті, технологиясы дамып, экономикасы артқан батыс елдері электромобильдер мен квадрокоптерді зарядтауға арналған қондырғыны енгізіп жатыр. Қорыта айтсақ, ақылы жолдардың бірер кемшілігін санаққа алмасақ, құптарлық дүние екені аян. Алайда елімізде жол бойында қызмет көрсету сапасы төмен деңгейде. Алға жылжудың белгілері байқалады, бірақ 2-3 жылда жете қоярымыз неғайбыл.Мадияр ТӨЛЕУ