Аймақтың экологиялық ахуалы жайлы мәселе облыс орталығында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен экобелсенділер қатысқан дөңгелек үстелде талқыланды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша Қарағанды өңірі онкологиялық аурулар бойынша алғашқы бестікте тұр. Олардың үлкен көрсеткіші Жезқазған қаласына тиесілі дейді маман.
– Өкінішке қарай, нашар экология онкологиялық аурулардың өсуіне әкеледі. Облыс елдегі онкологиялық науқастар саны бойынша көшбасшылар бестігіне кіретінін жасырмаймын. Бірінші орында өкпенің қатерлі ісігі, екінші орында асқазан, үшінші орында колоректальды обыр. Жергілікті дәрігерлер ісіктерді ерте сатысында анықтауда көшбасшы болып саналады. Осының арқасында пациенттердің өмірін емдеуге және сақтауға болады. Егер Жезқазған мен Балқашты салыстыратын болсақ, онда соңғы қалада ісікке шалдығу жағдайларының саны көп, – деп атап өтті Ажар Ғиният. Жезқазған қаласында жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар саны да өсуде. Көңілсіз статистика – ірі өнеркәсіптік алыптар шығаратын шығарындылардың жоғарылауының нәтижесі, – дейді сала мамандары.Елбасының тапсырмасы бойынша, экологиялық проблемаларды шешу үшін Экология министрлігі Қарағанды облысындағы «Экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар туралы кешенді жоспар» әзірлеген болатын. Онда өндірістік компаниялар 2021-2025 жылдары қол жеткізуі тиіс индикаторлар көрсетілген. Оны іске асыру табиғи ортаға антропогендік және техногендік жүктемені азайтуға және өңірдегі жағдайды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Дегенмен бұл Жол картасында Жезқазған қаласы ескерілмеген дейді қала тұрғындары. Қарағанды облысында тек Теміртау қаласының экологиясын жақсартуға арналған Жол картасы әзірленген. Балқаш пен Жезқазған қалаларының экологиялық проблемаларын кешенді шешу үшін дербес Жол карталары қажет. Экология вице-министрі Ахмеджан Пірімқұлов осындай ұсыныс жасады. Оның айтуынша, бұл нақты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Қала құраушы кәсіпорындарда қазірдің өзінде бірнеше эко-жобалар іске асырылуда, өндірістерді ауқымды жаңғырту жоспары әзірленді. Алайда жұмыс экономикалық себептерге байланысты баяулауда. Отандық мыс әлемдік нарықтағы бәсекелестікті жоғалтты. Оның құны қытайлық өнімге қарағанда үштен бірге қымбат. Сондықтан бизнестің ғана емес, мемлекеттің де қатысуымен кешенді эко-стратегия қажет дейді мамандар. Жезқазған мен Балқаштың мыс балқыту зауыттарында күкірт қышқылы цехтарын салу жоспарлануда, соның нәтижесінде атмосфераға зиянды шығарындылар деңгейі төмендейді.
– Жезқазған мыс балқыту зауыты 2018-2022 жылдары жаңа күкірт қышқылы цехын салу және іске қосуды жоспарлаған. Бұл күкірт диоксидінің шығарындыларын 40 мың тоннаға азайтуға көмектеседі. Байыту фабрикасы бойынша ластанудың негізгі себебі консервацияланатын қалдық қоймасының еңістері. Еңістерді қопсыту қажет, бетін суару, бөгеттің шеттерін нығайту қажет, – дейді вице-министр Ахметжан Пірімқұлов.Жезқазғандық белсенді Мақпал Орынбетова «Қазақмыс корпорациясына» қаланың айналасында жасыл белдеу құруды ұсынды. Корпорация басқармасы төрағасының орынбасары Әділет Барменқұлов қоғам белсендісінің бастамасын қолдап, бұл мәселені пысықтауға уәде берді. Сондай-ақ ол корпорацияның атмосфераға зиянды шығарындылар деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретін жоспарлары туралы айтып берді.
«Біз үнемі экология мәселелерімен айналысамыз. 2008 жылы Балқашта күкірт қышқылы цехы салынды, ол шығарындыларды 720 мың тоннадан 128 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. 2017-2019 жылдары корпорация қоршаған ортаны қорғау бойынша жоспарлы іс-шараларды жүргізуге 12,2 миллиард теңге жұмсады. Қазіргі уақытта Жезқазған мыс балқыту зауытындағы күкірт қышқылы цехының құрылысына экологиялық әсермен қосарланған жанасудың озық технологиясын қолдану арқылы жобалық құжаттама әзірленуде. Бұл күкірт диоксидінің шығарындыларын жылына 40 мың тоннаға азайтуға көмектеседі», – деп атап өтті Әділет Барменқұлов.Алайда корпорация басқармасы төрағасының орынбасары мұндай цехтарды іске қосу үлкен шығын екенін мойындады. Сонымен қатар компания мыс концентратын өңдеу құнының төмендеуіне байланысты экономикалық қиындықтарға тап болған. Екі қаладағы мыс балқыту зауытын жабу корпорация үшін арзанға түсер еді. Дегенмен «Қазақмыс» Жезқазған мен Балқаш тұрғындарының басым бөлігін жұмыспен қамтып отырған өңірдегі қала құраушы кәсіпорын болғандықтан, бұл тәуекел тиімсіз болмақ.
«Бізге үлкен көлемді кәдеге жаратуға тура келеді, ал бүгінде ондай технологиялар жоқ. Біз бұл мәселені шешу үшін ғалымдарды шақырдық. Күкірт қышқылын топыраққа тыңайтқыш ретінде пайдалану мүмкіндігі бар. Әрине, зауыттарды жабу экономикалық тұрғыдан орынды болар еді. Бірақ біз өз қызметкерлеріміз бен мемлекет алдындағы жауапкершілікті түсінеміз. Жезқазған мен Балқашта мыңдаған отбасы табыссыз қалады. Сондықтан біз бұл мәселені барлық адам үшін ауыртпалықсыз шешкіміз келеді және мемлекеттің қолдауы мен халықтың түсіністігіне үміттенеміз», – деп толықтырды Әділет Барменқұлов.Мақпал Орынбетова шенеуніктерден Қызылорда облысындағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын зымыран-тасығыштар сатыларының құлау орны болып саналатын Ұлытау ауданы тұрғындарына өтемақы төлеу мәселесін қарастыруды сұрады.
«1997 жылға дейін Жезді ауданының тұрғындары өтемақы алған, кейін ол аудан Ұлытауға қосылған соң өтемақы тоқтады. Ғарыштық қоқыс елді мекендерге жақын жерде түседі және бұл радиоактивті гептил. 2017 жылы Талап ауылының маңында тағы бір зымыран-тасығыш құлап, үлкен өрт болды. Біз бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймыз», – деді белсенді.Мақпал Орынбетова Жезқазған қаласындағы онкологиялық аурухананы қалпына келтіруді сұрады. Ол шамамен 20 жыл бұрын жабылған, соның салдарынан науқастар 500 шақырым алыстағы Қарағандыға баруға мәжбүр. Қарағанды өңірінің өнеркәсіптік кәсіпорындарында проблема көп. Олар көбінесе ескірген жабдықтар мен технологиялармен байланысты, олардың көпшілігі Кеңес дәуірінен бері қолданылып келеді.
– Жезқазған мыс қорыту зауытында 30 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген күкірт-қышқыл цехы жұмыс істейді. Жабдық тозған және түтін газдарын күкіртті ангидридтен толық тазартуды, сондай-ақ оны тауарлық күкірт қышқылына толық қайта өңдеуді қамтамасыз етпейді. Жаңа цехтың құрылысын жеделдету қажет, – деді вице-министр.Экология вице-министрі «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС тиесілі Балқаш мыс қорыту зауытының басшылығына да осындай ұсыныс жасады.
«Бұл кәсіпорында ескірген тазалау жабдықтары қолданылады және бұл жергілікті тұрғындар мен экологтардың наразылығын тудырады. Оның тозғанын ескере отырып, тазарту цехын жаңғырту, сондай-ақ жаңа күкірт-қышқыл өндірісін салу туралы мәселені қараған жөн, – деді Ахметжан Пірімқұлов. «Біз 5 университеттің сарапшыларын қатыстырдық, ғылыми топ құрылды және зауыттарды жаңғыртудың 2 жоспары әзірленді. Біріншісі – өндірісті жылына 500 мың тонна мысқа дейін арттыра отырып, жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңғырту. Жобаның құны – 900 миллион теңге. Екінші жоспар – екі ескінің орнына жаңа мыс балқыту зауытын салу. Ол бізге 1,8 миллиард теңге тұрады, – деді «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Әділет Барменқұлов.Еске сала кетейік, облыста барлық кәсіпорын табиғатты қорғау шараларына миллиардтаған қаржы аударады. Дегенмен қоршаған орта эмиссиясы үшін төлемдер облыстық бюджетке түседі, ол Теміртау, Жезқазған және Балқаш қаласына тікелей берілмейді. Мәселен, экологиялық эмиссияға 2018 жылы 14 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Бірақ өкінішке қарай, облыстық бюджеттің табиғат қорғау кәсіпорындарына жұмсаған шығындары бар болғаны 1 миллиард 200 миллион теңге болған.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы