Биыл бүкіл облыстағы сияқты Панфилов ауданындағылар да су тапшылығын бастан өткеріп, құрғақшылықтың қиындығын тартса да, өткен жылғымен салыстырғанда дала аруын 124 гектарға артық егіпті. Жалпы, жаздағы ауа райының кесірінен 70 гектар алқабы күйіп кеткен дақылды аймақтан диқандар бір гектардан 64,1 центр дәндік жүгері алуды жоспарлап отыр. Жалпы, шаруалар 26 059 гектар алқаптан 167,3 тонна сары алтындай дән жинаймыз деп құлшынып отыр. «Биылғы пандемияның диқандарға кері әсері болмады. Өйткені мемлекеттік бағдарламалармен қарастырылған қолдаулар мен жеңілдіктер тоқтаған жоқ. Басқаны айтпағанда, біздің ауданға ғана 380 тонна дизель отыны беріліп, төменгі бағамен сатылды», – дейді ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев Жыл басынан бері бүгінге дейін аудандағы ауылшаруашылық саласына 1 млрд 20 млн теңгеге инвестиция тартылып, 48 дана техника сатып алынған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 5 шаруа қожалығы жеңілдікпен 305 млн 955 мың теңгенің несиесін алса, 44 жеке серіктестік иелеріне 142,4 млн соманың қаржылай қолдауы көрсетілген. Бабын тапса, Жетісу жерінде өспейтін дақыл жоқ. Облыстағы екі ауданда – Қаратал мен Балқашта күріш өсіру жылдар бойы қалыптасып, қазіргі кезде қос аймақтағы диқандар өңірді өзіміздің ақмаржанмен қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа облыстарға күріш жөнелтеді. Маржандай дәнін баптаған, ысырапсыз сақтаған диқаншылар қауымы қызу еңбекпен ақ күріш ору жұмыстарын бастап кеткелі де біраз болды. Балқаш ауданының шаруалары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күн-түн демей дала төсіндегі қызу еңбектің көрігін қыздырып, ортақ іске жұдырықтай жұмылуда. Балқаш ауданы бойынша 8 861 гектар алқапқа күріш егілген болса, бүгінгі таңда оның 2 184 гектары шабылып, 1 061 гектары бастырылды. Күріш орудағы еселі еңбектерінің арқасында басқалардан озық тұрған шаруашылықтар қатарында «АФ Бірлік» ЖШС, «Динара» ӨК және «Өтес-Ақдала» ЖШС, сонымен қоса «Өтес» ұжымы сынды жоғары өнімдерге қол жеткізіп отырған шаруашылықтар бар.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы