Балиева: Ипотеканы алғашқы жарнасыз берген дұрыс!
Балиева: Ипотеканы алғашқы жарнасыз берген дұрыс!
202
оқылды

Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева 2 проценттік ипотеканың алғашқы жарнасын алып тастауды ұсынды. Оның айтуынша, ипотеканың алғашқы жарнасын көпбалалы тұрмақ, жас отбасы жинай алмайды.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бар. Бағдарлама шеңберінде көпбалалы, толық емес және мүгедек баласы бар отбасыларға 2 процентпен баспана алуға кредит беріледі. Бірақ оны алу үшін 10 процент көлемінде алғашқы жарнаны төлеу қажет.

«Осы уақытқа дейін небары 3 000 өтініш түскен екен. Неге? Себебі 10 проценттік алғашқы жарнаны бәрі бірдей тауып бере алмайды. Банк алғашқы жарна адамның төлем қабілеттігі үшін керек дейді. Ерлі-зайыптылар жалақы туралы анықтаманы көрсетсе, жетпей ме? Мәселен, астанада көпбалалы отбасы жалдамалы пәтер үшін 40-100 мың теңге төлейді. Одан да алғашқы жарнасыз кредит алып, ол ақшаны соған жұмсаған тиімді емес пе?», ­— деді Зағипа Балиева. Мәжіліс депутатының айтуынша, бүгінде алғашқы жарнаны көпбалалы отбасы былай тұрсын, жас отбасының өзі жинай алмайды. Сондықтан халықа сеніммен қарап, 2 проценттік ипотеканы алғашқы жарнасыз берген дұрыс. Сонда осы бағдарламаға сұраныс та артады.

«Өзім есептеп көрдім. Мысалы, жергілікті жерде 10 миллион теңгені 20 жылға алғашқы жарнасыз беретін болсақ, онда ай сайын 58 332 теңгені аудару керек. Ондай ақшаны кез келген отбасы төлей алады. Көпбалалы отбасы болсын, мүгедек баласы бар отбасы болсын, барлығы оңай төлей алады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында кредитке 15 миллион теңге берілсе, ай сайын 87 500 төлеу керек. Ол да қиын емес», — деді депутат.

Сондай-ақ ол «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысатындардың қатарына жас отбасыларды да қосу керегін айтты.