Елімізде ақ желеңділерді орынды кінәлаудан бұрын орынсыз күйе жағып, даттау басым болып барады. Тіпті олардың заңсыз, біліксіз әрекеттері дәлелденбей жатып жұртшылық тарапынан моральдық қысым көрсетіліп жатқаны ойландырып қойды. Еліміздің әр өңіріндегі жағдайдан соң білікті, ширек ғасырлық тәжірибесі бар мамандар өздері армандаған, нанын жеп отырған қызметтерінен өз еркімен кетуге байлам жасап отырғанын көз көріп отыр.
Ақиқат айтылуы керек. Бірақ ол ақиқаттың да дәлелдемелері нақты болса, сын көзқарастар, оқиғалар дәлме-дәл орнымен айтылса қанеки...
Соңғы жылдары еліміз бойынша ана мен бала өлімі көрсеткіші таразының екі жағын тербелтіп қойды. Айталық, Атырау – бала туу көрсеткішінен алда келе жатқан өңір. Ал сәби өлімі көрсеткіші – орташа деңгейде. Оның басты себебін алдымен құнарсыз тағамнан, өңір климатының жайсыздығы, әйелдердің жүктілікті жоспарламауы мен денсаулығына аса көңіл бөлмеуі мен кейбір жағдайда біліксіз дәрігерлердің кеңесінен деп қабылдау дұрыс шығар. Әйтпесе, жергілікті атқарушы билік тарапынан денсаулық саласына қажетті ғимараттар салу, заманауи құрал-жабдықтармен қамту, ТМД мен шетелдің білікті дәрігерлерін шақырып, жергілікті мамандардың практикасын жетілдіру, медицина мекемелерін қызметтік көліктермен қамту жұмыстары жүйелі жолға қойылып отыр.
Осы игілікті істерден соң да дәрігерлер тарапына шағымдар түсу тыйылмай тұр. Еліміздің әр өңіріндегі түрлі жағдайларда қайтыс болған және дәрігерлердің біліксіздігі салдарынан деп күдіктенген оқиғалардан соң, жұртшылық тарапынан дәрігерлерді нақты фактілерсіз сынау, тіпті әлеуметтік желілерде балағаттау орын алуда. Осының барлығы дәрігерлердің моральдық-психологиялық қысым көріп, күні кеше өңіріміздегі сәби өліміне қатысты деректен соң, 31 маманның қызметтен босату туралы арыз жазуына себеп болды. Алды 25 жыл, соңы 10 жылдан бері өңірдегі жүкті әйелдерді күтіп, сәбидің өмірге келуіне аянбай еңбек етіп жүрген мамандар «халықтың сенімсіздігінен сүйектен өтер сөз естігенше, жұмыстан кеткен дұрыс» деген шешімге келгенін айтып отыр.
Аймақтардағы дәрігерлерге қатысты оқиғаларды зерделеп көрсеңіз, білікті дәрігерлер үшін араша сұрап жатқан да – халық, дәрігерлерді біліксіз деп жатқан да – халық. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан мәселені жан-жақты сараптау жағы халыққа жетпей жатыр. Сайып келгенде, бұл мәселе елдегі дәрігер мамандардың тапшылығынан зәрезәп болып отырғанда жұдырық үстіне жұдырық тигендей болып отыр.
«Ұлттық Медициналық ассоциациясы» президенті Айжан Садықова да осы мәселе туралы өз пікірін білдіріп отыр. Еліміздегі денсаулық саласындағы жағдайларды саралап отырған Айжан Садықованың «Біз онсыз да білімі мен біліктілігі жоғары тәжірибелі мамандарымыздың армиясын жоғалту алдында тұрмыз. Бүгіндері жалақысы аз, жұмысы көп қызметті атқарып отырғандар, осы мамандықтын иесі болуды армандаған жандар екенін естен шығармауымыз қажет» деген сөзі алдымен Денсаулық сақтау министрін ойландырса дегіміз келеді. Себебі дәрігерлердің кінәсі дәлелденбей жатып оларды қылмыскер деп атау, бетіне айту – ақ желеңді жандар үшін өте ауыр. Оларға алдын ала айып тағуға болмайтынын түсіндірудің өзі министрлік тарапынан жылдам әрекет етуді талап етіп отырғандай.
Әйтпесе, облыстағы республикаға танымал білікті дәрігерлер өз лауазымдарынан бас тартса, жұрт емшілерді жағалап, қала берді өз бетімен емделіп, онсыз да ауру көрсеткіші жағынан оңбай тұрған дерттер қатарын көбейтіп алу қаупі бар. Бұған «Онсыз да жақсы атақ жоқ» деп өз ісіне жауапсыз қарай бастайтын мамандардың да қатары толығып кетуін қоссаңыз, елде денсаулық саласы дамудың орнына кері кетіп, ұлт денсаулығы түйеше шөгіп қалары сөзсіз.
Атыраудағы жағдайға қайта оралсақ, өңірге нәрестелер өлімінің себебін анықтау үшін республикалық деңгейдегі мамандар келді. Бақылау тобы балалардың өлу себептері мен оқиғаларын зерттеп жатыр.
– Біз балалар хирургиясының ғылыми педиатрия мамандары, еліміздегі педиатриялық қызметті қадағалайтын республикалық медициналық ұйым болғандықтан, аймақтағы медициналық көмекті бақылауға келдік. Қазір біз перинаталдық орталықтамыз. Қайтыс болған балалардың барлық оқиғаларын зерттеп, жинап жатырмыз. Себеп-салдарын анықтау үстіндеміз. Жалпы, қазіргі жағдай тұрақты, сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – дейді ұлттық педиатрия және хирургия ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева.
Қалай десек те, еліміздің денсаулық саласындағы проблемалар, алдымен экологиямызға, тағамымыздың құнарлы болуына, дәрігер антына адал болып, бастысы, әр адам өз денсаулығына немқұрайды қарамауына қоғам болып бірлесе жұмылу керектігін түсінетін уақыт жеткенін мойындатып отыр.
Атырау облысы