Соңғы жылдары Forbes Kazakhstan журналына еліміздегі байлығы асқан азаматтардың аттары жиі шығатын болды.
Миллионды жолда қалдырып, миллиардтармен өлшенген байлығы барлардың қатарында өзіміздің қазақтардың тұрғаны көңілге қуаныш сыйлайды-ақ.
Ал еліміздегі кедейлер кімдер? Оларды кім елеп-ескеріп отыр?
Әлі күнге дейін кедейі көп елдердің қатарынан шыға алмауымызға не себеп?
Сөзімізді күнкөріс деңгейінен бастайық. Бүгінде күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 31 759 теңгені құрайды. Яғни, біздің елде бір айда осы ақшаға өмір сүруге болады. Ары қарай бұл қаржының ет пен балыққа, сүт пен майға, қант пен шайға қаншасы кетерін сараламай-ақ қоялық. Өйткені түсінікті. Баға нарығына тұсау болмай тұрған уақытта, оны талқылап жатудың өзі артық. Қырық жанымызға қорған боп отырған тұтыну қоржынындағы 43 тауардың құны осы күнкөріс деңгейіне саяды.
Жақында ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2 миллион қазақстандыққа АӘК тағайындалғанын, оның 60 пайызын көпбалалы отбасылар құрайтынын мәлімдеді. Осыған қарап-ақ елдегі кедейшілік деңгейін бағамдауға болады. Демек, АӘК тағайындалғанға дейін 1,7 миллион немесе 9,3 пайыз қазақстандық кедейшілік шегінен сәл ғана артық, мөлшердегі күнкөріс минимумынан аз ақшаға күн көріп келген. Азаматтың табысы Үкімет бекіткен ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерлемесіне жетпесе, онда ол кедей статусын иеленеді.
Статистика комитетінің дерегі бойынша, Қазақстандағы 18 447 628 адамның 1 733 000-ының айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз болған. Яғни, ресми есептегі 3 пайыздық кедей контингенттен бөлек АӘК тағайындалғанға дейін 2 миллионға жуық немесе 9,3 пайыз қазақстандық күнкөріс минимумынан 6 мың теңгеге аз ақшаға күнелтіп келген. Ал енді айына бар-жоғы 15 мың теңге жаратқан адамды кедей демей көр.
Әзірге Статистика комитеті Қазақстандағы әл-ауқаты төмен аймақтарды атап отыр. Рейтингте Түркістан облысы көш бастаса, екінші орында Жамбыл облысы тұр. Солтүстік Қазақстан облысы елдегі әл-ауқаты төмен аймақтардың қатарында үшінші орынға табан тіреді. Статистика комитетінің ақпарынша, аймақта осы жылдың екінші жарты жылдығында орташа жалақы көлемі 130 мың теңгені құраған. СҚО-да қаржыгерлер мен сақтандыру қызметінің мамандары көп жалақы алады – орта есеппен екі жүз отыз мың теңге. Бірақ ауыл шаруашылығы саласында ең аз еңбекақы көлемі тіркелді. Бар-жоғы – 66 мың теңге. Салдарынан солтүстікқазақстандықтар туған жерін тастап, басқа жақтан жұмыс іздеуге мәжбүр. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда, аймақта мигранттардың саны 30 пайызға ұлғайған. Орташа жалақының өзін өңірдегі әрбір бесінші адам ғана алуы мүмкін.
Күнкөріс минимумы ең жоғары мемлекет Люксембург екен. Онда бір айда 1 545 евро табыс таппаған адамдар «тұрмысы төмендер» болып саналады. Бұл тізімді әрі қарай Дания, Ирландия, Ұлыбритания жалғастырады. Кедейлердің көптігі бойынша алдыңғы қатардан орын алды делінген Германияның өзінде кедейшілік шегі – 912,75 евро. Ал АҚШ-та ай сайын 1837,5 доллар таба алмағандарды мемлекет қамқорлығына алады.
Бұл елдердің көпшілігінде кедейлік орташа айлық көрсеткіштің жартысын таба алмағандықпен өлшенеді. Бірақ бұл елдердің нарықтағы бағасы біздегімен шамалас. Ал біздегі тұтынушы себетінің томпиып тұрмағаны да, ондағы 43 тауарға ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі қаржының жетпей тұрғаны да сондықтан. Демек, «кедей» деген статустың өзі әр елде әртүрлі деңгеймен өлшенеді. Батыс елдеріндегі ең кедей адамның өзінің тұрмысы біздегі орта таптың тұрмыстық жағдайымен бірдей.
Кедейліктің шегін анықтау үшін, оны байлықтың деңгейімен салыстыруға тура келеді. Жақында ғана еліміздегі ең бай адамдардың қанша табыс табатыны белгілі болды. Finprom.kz сараптамалық порталының мәліметінше, еліміздегі ересек адамдардың 96,6 пайызының ай сайынғы табысы 10 мың доллардан аз. Ал олардың 2,7 пайызының (326 мыңнан астам адам) жылдық табысы – 10 мың мен 100 мың доллар аралығында болса, 0,35 пайызы немесе 42 мың адамның жылдық табысы 100 мыңнан миллион долларға дейін жетеді екен. Ал 0,05 пайызы (5,8 мың адам) 50 миллион долларға дейін табыс тапса,162 адам (0,001 пайыз) жалпы байлықтың шамамен 55 пайызына ие.
Өңірлер бойынша ең көп табыс табатын – Алматы қаласының тұрғындары. Олардың табысы – 234,9 мың теңге. Ал елордадағы орташа табыс – 226,7 мың теңге.
Жасыратыны жоқ, бүгінде билік кедейлік шегін барынша төмендетіп, жауырды жаба тоқып отыр. Әйтпесе, бүгінгі қазақтың шылқып байығандары мен қызыл сирақ кедейінің арасындағы кіріс 30 еседен асқанын осы ақпараттан- ақ бағамдауға болады. Мысалы, қарапайым отбасындағы бір адамның айлығы 50 000-60 000 теңге болса, байлардыкі – 1 млн 200 мың теңге.
Статистика комитетінің мәліметінше, қарапайым халық тапқан табысының 98 пайызын ең қажетті заттарға: азық-түлік, киім-кешек, аяқкиім, жиһаз, дәрі-дәрмек, несие мен т.б. қажетті заттарға жұмсайды. Демек, халықтың негізгі бөлігі бір айлыққа өмір сүріп келеді. Оған қоса, бұл айлық көлемі соңғы 5 жылда өскен жоқ.
Мамандардың айтуынша, біздегі экономиканың жауы – жалған есеп беру. Осының әсерінен нақты кедейліктің көрінісі анықталмай отырған жайы бар. Мәселен, қазір елде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың саны көрсеткіштен де көп болуы мүмкін. Былтыр билік бұл көрсеткішті 111 мың отбасымен есептесе, биылғы бағдарламадан кейін бірден 417 мыңға көтеріліп шыға келді. Осының өзі елдің әлеуметтік жағдайының төмендігін дәлелдеп берді.
– Теңгеміз құнсызданып, доллар қымбаттағалы әлеуметтің жағдайы да абдырай бастады. 2019 жыл экономикалық дағдарыс тереңдей түседі. Доллар мен теңге қарым-қатынасындағы тұрақсыздық биыл да орын алады. Қымбатшылық дендейді. Сондықтан біздің есебіміздегі атаулы әлеуметтік көмек алатын 504 мың адамның саны артуы әбден мүмкін. Осы арада нақтылық қажет. Жалған есеп жүргізуге болмайды. Қымбатшылық қысып жатқанмен жалақы көтерілген жоқ. Әлеуметтік төлемдерге аздаған үстеме қосылды. Теңгенің әлсіреуінен қазір зейнетақы қорындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Сондай-ақ халықтың теңгемен жинаған қаржылары да инфляцияға жұтылып жатыр, – дейді «Аналитик» сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметова.
Оның айтуынша, Қазақстанның халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленіп қалған.
Онысы рас. Экономика біржақты, шикізатқа телінген күйден шыға алмай отыр. Өнеркәсіптің өзі шетелдік өнімдердің детальдарын құрастыру деңгейінде тұр. Ауылшаруашылық өнімдерінің 40 пайыздан астамы шеттен келеді. 3 млн адам төленетін жалақы шеңберінен тыс қалып отыр.
Ал дүниежүзілік институттар күніне кірісі 5 долларға жетпейтіндерді кедейлерге жатқызады. «Қазір кедей халық көбейді. Сондықтан да мемлекет ең төменгі күнкөріс деңгейін көтермей отыр. Егер ол шекті көтеретін болса, күнкөріс деңгейінен төмен айлық алатын адамдар көбейеді де, олар кедейлердің қатарына қосылады. Сосын ресми көрсеткіш те өзгеріп, статистика өседі. Билік әлем алдында кедейлік үлесі аз деп көрсету үшін де ең төменгі күнкөріс деңгейін көтермей отыр», – дейді экономист Мақсат Халық.
P.S.
Кедейлікке етіміз әбден үйренген. Төзімдіміз. Ұрса – маңдайымызды тосып, қуса – қашып үйренген әдетімізден жаңылмай-ақ келеміз.
«Үсені» көп, үміті аз елге қалай айналып кеттік екен?