Бірақ біздің саяси жүйеде бірінші басшының басын қорғап, бар кінәні орынбасардың мойнына іліп жіберетін үрдіс қалыптасқан. Жемқорлық бабымен бастықтар емес, орынбасарлар көп сотталатыны да сондықтан. Біреуді жазалау керек болса, әдетте ұсақ шенеуніктер шырылдап кете барады. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер: министрлер, олардың орынбасарлары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, облыс, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары өзіне бағынышты қызметкері парамен тұтылса, дереу отставкаға арыз жазуы керек. Ал отставканы қабылдау немесе қабылдамауды тағайындаған адам шешеді. Әлемдік тәжірибеде ондай отставкалар жүздеп саналады. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Чехияның премьер-министрі Петр Нечас қол астындағы шенеуніктер коррупцияға қатысы бар деген күдікке ілінген соң өз еркімен жылы орнын босатты. Бауырлас Түркияның экономика министрі Зафер Чаглаян, ішкі істер министрі Муаммер Гүлер мен қоршаған ортаны қорғау министрі Ердоған Байрактар бір-ақ күнде жұмыстан кетті. Өйткені үшеуінің де балалары мемлекеттік тендерді өткізу кезінде пара алды деген айыппен тұтқындалған. 2019 жылы Аустрия канцлері Себастьян Курц өзінің оң қолы Хайнц-Кристиан Штрахенің орыс кәсіпкерімен астыртын келіссөзі бейнежазбаға түсіп қалғаннан кейін мансабынан бас тартты. Бір қарағанда, мұндай мысал бізде де толып жатқан сияқты. Былтыр мамыр айында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповтың ісіне байланысты сот шешімі күшіне енсе, отставкаға дайын екенін мәлімдеген. Асланбек Жақыпов үш жылға сотталды. Алайда міз баққан министрді байқамадық. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та орынбасары Бағдат Мәнізоровқа тағылған айыптар расталса, лауазымымен ойланбай қоштасуға ниет білдірген. Әйтеуір Мәнізоров тергеу барысында ақталды да, Баталов орнында қалды. Яғни, жоғары деңгейдегі басшылар арасында орынбасардың кесірінен жауапқа тартылған ешкім жоқ. Президент пәрмені төмендегі төрешіктерге ғана жүре ме дейміз. Таяуда СҚО әкімінің орынбасары Антон Федяев пен Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадияров қол астындағы қызметкерлерінің жемқорлығы үшін жұмыстан қуылды. Екі апта бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі отставкаға өтініш берген шенеуніктердің аты-жөнін жариялады. Олар – Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Нұртаев, Түркістан облысы Келес ауданының әкімі Есбаев және Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Өнербаев. Қауашағымызға қалқып шыққаны – осылар ғана. Өркениетті қоғамда азаматтық ұстанымы айқын, мемлекетшіл тұлғалар өзі тағайындаған қызметкері жемқорлыққа шатылса, кірерге тесік таппас еді. Жеке басының адалдығы күмән туғызбаса да, өзін кінәлі сезінер еді. Өйткені бұл – жусаң кетпейтін қара дақ. Рас, дәл танауының астында не былығып жатқанын білмейтін басшылар білдей бір саланы не аймақты қалай дамытпақ? Ең алғаш бұл мәселені 2010 жылы «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесті басқарған Оралбай Әбдікәрімов көтерді. 2013 жылы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов те сондай мәлімдеме жасаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін жемқорлықпен күресті күшейтуді бірнеше рет тапсырған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кейінгі кезде бюджет қаржысын жымқырғандарды қатаң жазалау керегін айтып жүр. Бірақ атышулы отставкалар әзірге қол жетпес арман секілді. Біз тілге тиек еткен 2010 жылғы норма іс жүзінде бірде-бір рет қолданылмапты. 2015 жылдың желтоқсанында бұл норманың күші жойылып, оның орнына «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» ереже қабылданды, бұл құжатта министрлер мен әкімдердің жауапкершілігі жайлы бірауыз сөз жоқ. Бір кездері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған Қайрат Қожамжаров бұрынғы норманы қалпына келтіруге тырысып көрді. Алик Шпекбаевтың тұсында сең қозғала бастады. 2018 жылы Елбасы орынбасарлар үшін басшыларды жазалауға тапсырма берді. Содан кейін агенттік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізді. 2019 жылы ақпан айында Мәжіліс депутаттары оны бірінші оқылымда мақұлдады. Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңның тарихы осындай. Әкім мен министрдің отставкасын қабылдау немесе қабылдамау – Қасым-Жомарт Кемелұлының құзырында. Сонда дейміз-ау, Мемлекет басшысы шешім қабылдағанда қандай тетіктерге сүйенеді? Шенеуніктің жазықты не жазықсыз екенін қайдан біледі? Әрбір жемқорлық дерегін жеке-жеке тексеруге уақытты қайдан табады? Сол қылмыстың алдын алуға әкімнің не министрдің мүмкіндігі болған-болмағанын қалай анықтайды? Арнайы тергеу жүргізе ме, әлде ішкі түйсігіне ғана иек арта ма? Сананы сансыратқан сауалдар басы ашық күйінде тұр. Таяқтың екінші басы бар. Әділет министрі Марат Бекетаев бір жиында журналистермен жүздесіп отырып: «Мен басқа адамның басына кіре алмаймын және оның не ойластырып жүргенін түсіне алмаймын. Егер ол менің сөздерім мен іс-әрекеттеріме қарамастан, қандай да бір құқықбұзушылық жасаса, онда неге мен жауап беруім керек?» деп жаңағы ережеге қарсылық танытқан. Оның пікірі де қисынды. Transparency International ұйымының Жемқорлықты қабылдау индексінде бір жыл ішінде екі саты төмендеппіз. 2018 жылы 122-орында тұрған Қазақстан 2019 жылы 124-орынға сырғыған. Алик Шпекбаевтың сөзіне сенсек, Қазақстанда соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстары кеміген, бірақ шығын сомасы артқан. Демек, жемқорлар азайғанымен, араны ашыла түскен.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ