Бүгінде діни экстремизм мен терроризм қаупі бүкіл әлемге жантүршігерлік қауіп төндіріп тұр. Лаңкестік әрекеттерді қазіргі уақытта Еуропадан да, Азиядан да, АҚШ-тан да кез келген аймақтан көре отырып, оның құрлық таңдамайтын тажал екенін түсінудеміз.
Мысыр елінде мешіт ішінде орын алған жарылыс салдарынан үш жүзден астам жазықсыз жандардың өмірі қиылғаны лаңкестердің ештеңені қасиет тұтпайтын, өте қатігез екендігін көрсеткендей. Елбасымыз да елордада өткен бір жиында экстремизм мен терроризмнің қаупіне қатты алаңдап: «Халықаралық терроризм апатты ауқымға жетті. Ол үшін шекара қалмады. Бүгінде әлемнің кез келген нүктесі жойқын соққы объектісіне айнала алады. Үшінші мыңжылдық басталғалы бері терактілер мен қаза болғандар саны он есеге өсті. 2016 жылы 104 елде теракт болды. Бұл – әлемнің жартысынан көбі. Яғни, география және ауқымдылық тұрғысынан біз шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында тұрмыз деуге болады. Террорға қарсы соғыста...» деген болатын.
Экстремизм – «әсірелікке, зорлық-зомбылыққа үндейтін, дiни өшпендiлiкті жандандырушы және азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, көзқарасына немесе құқығы мен бостандығына қатер туғызатын кез келген діни тәжірибені» мақсатына пайдалануды көздейтін іс-әрекет немесе қалыптан тыс шетін көзқарастар.
Дін түсінігіндегі экстремизмді – дінге сыймайтын шектен тыс көзқарастар мен іс-әрекеттер құрайды. Мұндай экстремизмнің соңы зорлық-зомбылыққа, агрессияға апарады. Экстремизмнің кең және нақтылы өлшемдеріне баға берген ресейлік сарапшы М.Краснов. Оның ойынша, экстремизмге мынадай идеяларды, бағыттарды, доктриналарды таратуға бағытталған әрекеттерді жатқызуға болады:
•адамдарды таптық, меншіктік, нәсілдік, ұлттық немесе діндік ерекшеліктеріне байланысты бөлу;
•адам құқығын конституциялық құндылық ретінде жоққа шығару;
•ашық плюрализм мүмкіндігін, идеяларды еркін тарату және айырбастауды жою;
• бір идеологияны мемлекеттік ретінде орнату.
Отандық ғалым Н.Байтенованың түсіндіруінше, экстремизмнің пайда болу себебі әр қоғамда әртүрлі болады және сол қоғамдағы объективтік және субъективтік жағдайға байланысты. Әйтсе де экстремизмнің пайда болуы мен таралуының базистік жағдайы бар. Ол кез келген қоғам мен мемлекетке тән. Қазіргі кезеңде экстремизмнің пайда болуының негізгі факторлары ретінде сарапшылар мыналарды ұсынады: әлеуметтік экономикалық тоқырау; жергілікті тұрғындардың көп бөлігінің өмір сүру деңгейінің күрт түсуі; мемлекеттік басқару жүйесі мен саяси институттардың деформациясы; олардың қоғамдық дамудың пісіп тұрған мәселелерін шешуге қабілеті жетпеу; саяси режимнің тоталитарлық сипат алуы; биліктегілердің оппозицияны басып тастауы; еркін, жаңаша ойлауды қуғындау; ұлттық қанау; жеке топтардың өз міндеттерін шешуін жеделдетуі; лидерлердің саяси амбициялары және т.б. Бұл негізгі факторлармен қоса ғалымдар экстремизмнің пайда болуы және дамуына әсер ететін қосымша факторларды атап көрсетеді. Оларға халықаралық немесе мемлекеттік жүйеде экстремизм көріністеріне қарсы күрестің осалдығы, тұрғындардың, жеке топтардың саяси және құқықтық мәдениетінің төмендігі, мемлекетаралық қатынастың әлсіреуі, әлеуметтік шиеленістің өсуі т.б.
Республика басшылығы діни экстремизм және терроризмге қарсы елдегі билік органдарын тегіс жұмылдыра отырып, мемлекеттік деңгейде күрес жүргізіп келеді. Заңдық негіздерге қарар болсақ, 1999 жылдың 13 шілдесінде «Терроризмге қарсы іс-қимыл» туралы заң қабылданды. 2005 жылдың 18 ақпанында «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы заң қабылданды. Бұдан бөлек, 2013 жылдың 24 қыркүйегінде №648 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, сол бағытта қызу жұмыстар жүргізілді.
Қорыта келгенде, бүгінде елдегі тұрақтылық пен тыныштық баршаға ортақ құндылық. Оны қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті болмауы тиіс, оған әрбір Қазақстан азаматы өзінің жауапкершілігін терең сезініп, экстремистерге жол бермеуге әрекет жасауы тиіс.
Құдайберді БАҒАШАР,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы,
PhD докторы