Тендерге көп жүгінетін министрліктер
«Электронды мемлекеттік сатып алу» автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесінің дерегінше, бір жыл ішінде Goszakup.gov.kz мемпорталына 3 миллион 143 мың 962 тендер шығарылған екен. Нәтижесінде, 6 триллион 512 миллиард 259 миллион теңге ел қаржысы бөліске салынды. Оның ішінде республикалық меморгандар 611 мың 540 сатып алу өткізіп, 1 триллион 158 миллиард 713,3 миллион теңгені шығындаған. Ең көбі Асхат Аймағамбетов басқаратын БҒМ-ге тиесілі – министрлік өзіне бағынышты 146 ұйым арқылы 63 мың 211 тендер ұйымдастырып, 191 млрд 172,7 млн теңге жұмсады. Екінші тұғырда Нұрлан Ермекбаев тізгінін ұстаған Қорғаныс министрлігі тұр (211 ұйым, 31 мың 806 тендер, 143 млрд 596,3 млн). Үштікке 107 ұйымы арқылы өткізілген 74 мың 149 тендерімен және үлестірілген 102 млрд 972,1 млн теңге көрсеткішімен Алексей Цойдың Денсаулық сақтау министрлігі кірді. Негізі, ведомстволық бағынышты ұйымының көптігі жөнінен Ерлан Тұрғымбаевтың Ішкі істер министрлігі бәрінен алда: бірақ ол 292 ұйымы арқылы 138 мың 521 мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізіп, бизнеске 80 млрд 720,2 млн теңге бағыттады. Премьер-Министр Кеңсесі бір жыл ішінде 435 тендерді ғана жүзеге асырды, оған 937,2 млн теңге кетіпті. Президент Әкімшілігінің шығыны одан да аз: 546 бірлік және 897,9 млн теңге. Әрине, бұдан қарапайымдары бар: Мемлекеттік күзет қызметі 533 тендерге – 136 млн, Конституциялық Кеңес – 113 бірлікке 120,6 млн теңге, Жоғарғы сот кеңесінің аппараты – 130 лотқа 60,8 млн теңге, ал Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық 61 лотқа 24,4 млн теңге шығындады. Қалған 5 триллион 353 миллиард 545,6 млн теңгені мемсатып алуларда әкімдіктер мен олардың басқармалары жұмсап жіберді. Бірінші орында еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы тұр: қала әкімдігі 630 бағынышты ұйымы арқылы 133 мың 825 тендер өткізіп, 582 миллиард 766 миллион теңгені таратты. Одан елорда қалар емес: Нұр-Сұлтан әкімдігі 378 ұйымы көмегімен 122 мың 950 лотты және 558 миллиард 889,9 млн теңгені игерді. Үштікті 1 мың 324 ұйымы бар Алматы облысының әкімдігі тұйықтады: ол 147 мың 812 тендер өткізіп, оған 476 миллиард теңгеден астам соманы бағыттады. Түркістан облысының шығыны да соған жетеғабыл: ұйымының саны – 1 мың 287, мемсатып алу саны – 155 мың 864, шығыны – 471,7 млрд теңге. Ал «сыпайы» өңірлер қатарына ұйымының саны – 820, лоты – 91 мың 260, шығыны – 171,8 млрд болатын Атырау облысы, СҚО 793 ұйымы, 128 005 лоты және 166,5 млрд шығыны бар СҚО, 648 ұйымға 81 082 лот 164,1 млрд теңге берген Маңғыстау облыстары кіреді.Сұр схемалар сандалтады
6,5 триллион сома қаншама шағын және орта кәсіпкер-компанияны бақытты етіп, дамуына қуатты серпін беруге тиіс еді. Алайда дәрменсіз жағдайға жетіп, банкрот болған кәсіпорындар жыл сайын артуда. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, тендерлердің барлығы бірдей отандық өндірушіге тие бермейді. Қытайдан не өзге елдерден әлдеқайда арзан тауарды таситын алыпсатар компаниялар арзан бағасымен қарсыластарын шаң қаптырып жататыны құпия емес. Біразы тіпті тек қазақстандық өнімге ғана берілетін СТ-KZ сертификатын иеленген. Екіншіден, кәсіпкерлер ірі лоттардың жеңімпазы әу бастан белгіленіп қойылады дейді. Егер сатып алу кезінде ғайыптан тайып сыбайлас компания жеңіліп қалса, тендерді адал ұтқан қарсыласына олжаны бермеудің, оны жолдан тайдырудың әртүрлі тәсілі іске қосылады: тендер өтпеді деп танылады не қорытындысы жоққа шығарылады, ал өнім «бір көзден», яғни ымыраластан сатып алынады. Үшіншіден, егер заң жолымен жеңісті қанжығалаған кәсіпорын қиянатқа мойынсынбай, құзырлы органдарға қуынып, сотқа сүйреп, ақыры әділдікті қалпына келтірсе, онда мемсатып алуды өткізуші ұйым өнім жеткізгені үшін бекітілген сомадан аз ақша ұсынуы мүмкін. Сөйтіп, келесі жолы тендерге қатысуға құлшынбайтын күйге жеткізіп, бар құлқын, ынтасын жояды. Кәсіпкер Нұрлан Нұркин тендерлерден көңілі қалғанын айтады. «Бірнеше жылдан бері Gosreestr порталындағы мемлекеттік активтердің саудасына қатысып келемін. Бағасы төмендетілетін саудалар түйткілге толы. Өйткені таласуға тұрарлық, құнды лоттарды адал күресте сатып алу мүмкін емес. Мәнісі неде? Бағасы азайтылатын лоттардың саудасын өткізу кезінде төмендетілген қолайлы баға жазылып тұрады. Электронды аукцион залында ол сатылған деп шыға келеді. Яғни, ондай лотты сатып ала алмайсың, сенен бірер секунд бұрын ғана біреу сатып алып қойған. Соған қарағанда сервердегі уақытқа, сағатқа қатысты әлдебір манипуляция жасалатын секілді. Барлығы өте қымбат және майшелпек лоттар осылай сатылып кетті. Тендер құнының 10 пайызы көлемінде ұсынсаң, әлдебір IT мамандары кез келген лотты төмендетілген бағасымен қоржыныңа салып береді деген әңгіме бар», – дейді Н.Нұркин. Кәсіпкердің айтуынша, алдау келесідей схемамен іске асырылады: порталдың және аукциондар өткізудің ережесі бойынша бастапқыда мемактив дұрыс нарықтық баға бойынша саудаға шығарылады. Оның қатысушылары кепіл жарна енгізуі керек. Алаяқ компания ең жоғарғы бағаны ұсынып, бүкіл қарсыласын жолда қалдырады. Әйткенмен жеңімпаз ретінде артынша активті сатып алмайды. Кепіл жарнасын құрбан етеді: ол бюджетке аударылады. Екінші рет дәл сол актив бағасы төмендетілетін аукционға шығарылады және әлгі компания ымыраластарымен бірге портал сағатының тілін әрлі-берлі жылжыту арқылы жеңіске жетеді: аукционның соңғы секундтарында кім жақсырақ ұсыныс енгізсе сол жеңетіні белгілі. Нұрлан Нұркин Gosreestr порталын тексеруді және істің мән-жайын анықтауды сұрап, антикоррупциялық ведомствоға жүгініпті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл өтінішті қарағанын жеткізді. Заң бұзушылық таппаған. Дегенмен мәселені жан-жақты әрі объективті зерделеу үшін оның өтінішін Қаржы министрлігіне жіберді.Келісімде сан қулыққа орын бар
Жақында бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов «СҚ-Фармацияны» «жеткізушімен арадағы келісімнің талаптарын бұзды» деп айыптады. Оның тендерін жеңіп алған отандық компания 1,5 миллиард теңгеге ПТР-анализдерге арналған 507 мың 975 реагент кешенін жеткізуі тиіс болған. Алайда бірыңғай дистрибьютор соның жартысын ала сала жоспарын өзгерте қойыпты. «СҚ-Фармация» коронавируспен күресті жарға жыққалы отыр ма? Маған Wirius ЖШС шағымданды. Компания келісімде белгіленген мерзімде реагенттердің 315 552 кешенінен тұратын бірінші партиясын жеткізген. Ол енді 192 480 кешеннен құралған екінші партиясын сатып алған. Осы кезде «СҚ-Фармациядан» хат келеді, онда ол реагенттерді қабылдаудан және жеткізілген өнімнің шығынын өтеуден бас тартатынын хабарлапты. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі реагенттерге деген қажеттілік жоғын жеткізген. Яғни, бірыңғай дистрибьютор екінші партияны қабылдамау сыртында бірінші партияның қабылдап алған өнімінің бір бөлігі үшін ақы төлемеуге ұйғарған. Оны тіпті актіге қол қойылып тасталғаны да тоқтата алмаған», – деді бизнес-омбудсмен. Жеткізуші бүкіл өнімді сатып алу үшін кредит рәсімдепті, егер оны мемлекетке сата алмаса, қарызға белшеден батады. Рустам Жүрсунов пандемияның екінші толқыны келе жатқанын, демек реагенттерге бәрібір сұраныс болатынын алға тартады. «СҚ-Фармация» баспасөз қызметі 1,56 миллиард теңгеге 507 975 реагент жеткізу туралы жеңімпаз компаниямен келісімге қол қойылғанын растады. Медициналық ұйымдар сонша реагентке өтініш беріпті. «Өтініштер 19-25 маусым аралығында жиналды. Әйткенмен, 11 тамызда тапсырыс берген 59 медұйымның тек 27-сі ғана 125 376 кешен көлемінде келісімге қол қойды. Қалған ұйымдар тауарды қабылдаудан бас тартуда және келісімді бұзуды талап етіп отыр», – деді «СҚ-Фармация». Әрине, ол бизнесменді құтқару үшін заң бұза алмайды. Ведомствоаралық комиссия (ВАК) 3 қыркүйекте осы жағдайды қарай келе Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының және БҚО, Қарағанды, Павлодар облыстарының әкімдіктеріне бұрын тапсырыс берілген көлемде ПТР-тест жеткізу жөнінде «СҚ-Фармациямен» келісімге қол қоюды жеделдетуді жүктеді. 22 қыркүйекте ВАК мәселені тағы қарады. «СҚ-Фармация» жеткізушіден реагенттерді толық көлемде сатып алуға күш салатынын мәлімдеді. Қалай болғанда, тендер келісімі орындаудың кез келген сатысында сатып алу көлемін өзгерте беруге жол ашады екен. Nurtai Business Group басшысы Қайсар Нұртаев болса, жеткізушілерге өнім ақысын ұзақ күтуге тура келетінін айтады. «Біз биылғы 11 маусымда Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты №5 қалалық перзентханасы өткізген мемлекеттік сатып алуларды жеңіп алдық. 2 шілдеде келісімге қол қойдық. Нәтижесінде, техспецификаға сай жалпы сомасы 877 мың 500 теңгеге 1 мың 500 метр төсеніш-клеенка жеткіздік. Тауар 10 шілдеде толық көлемде жеткізілді. Содан бері 80 күннен асты. Телефон арқылы хабарлассақ, мекеме бухгалтериясының қызметкері ақша жоқ дейді», – деп қынжылыс білдіреді кәсіпкер. Тәжірибе былайғы кәсіпкерлерге мемлекеттен адал түрде мүлік пен ақша алу күрделі екенін көрсетіп отыр. Әрине, билікте сыбайласы, қамқоршысы бар бизнесмендер бұл қиындықтың не екенін білмейтін болар. Шынында, ондай қиындық пен кедергіні барлық қатысушы білмегені абзал. Сонда жемқорлық та жойылады. Мемлекеттің сатып алу және жекешелендіру порталдары отандық кәсіпкерліктің дамуына қуатты ықпал етуі шарт. Әйтпесе, игілігін көргендерге қарағанда көңілі қалғандар қатары қарқынды артып барады.Елдос СЕНБАЙ