Қайырымдылық реестрі жасалады
Мемлекет басшысы қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен өткізген онлайн кездесуінде қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар мемлекетпен және бизнеспен бірлесе жұмыс істеуі үшін заң жүзіндегі шынайы мәртебеге ие болуы тиіс екенін тілге тиек етті. «Үкіметке бұл мәселені пысықтау тапсырылды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің, инфрақұрылымды пайдаланудың, ақпараттық қолдау кезінде жеңілдіктер берудің нақты тетіктерін әзірлеудің мәні зор. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер мәселесі де маңызды», – деді Президент.Бүгінде қайырымдылық жобаларына бағытталған ірі бизнестің табысын 3% және шағын және орта бизнес табысын 4% көлемде салықтан босату қарастырылған. Бірақ ШОБ бұл жеңілдіктерді пайдаланбай отыр. Себебі бизнестің қайырымдылыққа қаржы аударуы ыңғайлы әрі тиімді болмай отыр. Сонымен бірге қайырымдылық қорларындағы қаржының ашықтығы да өзекті. Бұл ретте қайырымдылық жасайтын азаматтар мен көмек алушылардың реестрін құру қолға алынбақ. Бұл қайырымдылық жобалар арқылы өтетін қаржының жұмсалуына ақпараттық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді. Әйтпесе, ел арасында ірі компаниялар қайырымдылықпен салықтан жалтару үшін ғана айналысады деген дөрекілеу пікір бар. «Аяла» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова бұл жаңсақ пікір деп санайды.
«Коммерциялық емес қайырымдылық қоры ретінде біз корпоративтік табыс салығын төлемейміз, өйткені қайырымдылықпен айналысатындар салықтан босатылған. Айтпақшы, қайырымдылық салықтан құтылу үшін жасалады деген түсінік басы бүтін қате. Біздің елдегі салық салу ірі бизнесті қайырымдылық жобаларына қатысуға ынталандырмайды да – салық жеңілдіктері мардымсыз дер едім», – дейді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қайырымдылық туралы заңға түзетулер дайындалып жатыр. А.Сүлейменова басқа ірі қорлар басшыларымен бірге аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының құрамында жұмыс істеп жатыр екен. «Қайырымдылқ жасауға кедергі болатын мәселелерге шенеуніктер көзін жеткізіп, өз ұсыныстарымызды айтуға мүмкіндік алдық. Ұсынысымыз қабылданады деп ойлаймын», – дейді.
Қайырымды компанияны білесіз бе?
Қайырымдылықпен айналысатын компаниялар корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылады. Яғни, олар қайырымдылыққа салық төлемейді. Тек әлеуметтік төлемдерді төлейді – бұл жалақы, зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық. Бірақ олар жеткіліксіз дейді. Шет мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып, тағы да салыққа жеңілдік алғысы келеді. Ол туралы сәл кейінірек. Ал қазір қайырымдылықпен айналысатын ірі компаниялардың арасындағы «атымтай жомарттарды» атап көрсек. Бұл рейтингте әзірге Еуразиялық Топ (ERG) топ бастап тұр. Бұл компания 2016-2017 жылдары демеушілік пен қайырымдылыққа 52 миллиардтан астам теңге жұмсапты. Одан кейінгі орындағы Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры 29,8 млрд теңге бөлген. «Қазцинк» те қара жаяу емес, аталған мерзімде 22 млрд теңге шығарған. «Теңізшевройл» компаниясының жомарттығы 16,5 млрд теңгемен бағаланыпты. Алғашқы бестікті KAZ Minerals Тобы тәмамдайды – қайырымдылық мақсатына 6 млрд теңге бөлген. Бұл біз үшін қомақты қаржы болып көрінгенімен, олар үшін аса үлкен сома емес. Себебі олар жер қойнауын пайдалану арқылы телегей табысқа кенеліп отыр. Ең қызығы, еліміздегі ірі компаниялар қайырымды істерін жарнамалауға құмар болғанымен, оған жұмсалған қаржы көлемін жариялауға аса құлықты емес. Әйтпесе, біздің елде қайырымдылықпен айналысатын компания өте көп. Әдетте ірі компаниялар қайырымдылықпен тікелей өзі айналыспайды. Компания жанынан қор құрып, қаржыны соған аударады. Басқа да қорларға демеушілік ететіні бар. Біздің елде ауқатты қорлардың басында белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың есімімен аталатын құрылым тұр. 2014 жылдан бері жұмыс істейтін бұл қор жыл сайын бюджетке ондаған миллион теңге аударып отырады. Сонымен бірге Әсел Тасмағамбетованың «Сәби» қоры да бюджетке қомақты қаржы құятындар қатарында. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнәр Досаеваның «Дара» қайырымдылық қоры 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл қор 153 миллион теңгеге қарапайым салық төлемдерімен көмек көрсеткен. Айдан Сүлейменова жетекшілік ететін «Аяла» қайырымдылық қорының айналымы да назар аударарлық. Былтыр бұл ұйым 110 миллион теңгенің көмегін көрсеткен.Қор жұмысына кедергі қайдан?
Шотында миллиондар айналатын қайырымдылық қорлары жұмыс істеуімізге кедергі көп десе, таңғалатындар көбейетіні заңды. Бірақ шыны сол, мұндай қорлардың да мұңы жетіп артылады екен. «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетованың айтуынша, өркениетті елдерде қайырымдылықпен айналысатындарға бірнеше салық жеңілдігі қарастырылған. Мысалы, АҚШ-та донор компаниялар федералды кіріс салығынан, бірқатар жергілікті салықтан босатылса, қайырымдылыққа қаражат салатын жеке тұлғалар, салған инвестициясына табыс салығынан босатылады. Нәтижесінде, коммерциялық емес ұйымның АҚШ ЖІӨ-ге қосқан үлесі 10% -ды құрап отыр. Ал Еуропада қайырымдылық қорларына салық шегерімдері қабылданған. Шегерім шегі елге байланысты өзгереді, бірақ әдетте салық кірістің 10-20%-ын құрайды.«Бізге осындай тәжірибені де қолдануға болар еді. Біздің қор Қызылордадағы 60 орынға арналған балалар үйі, Ақтөбедегі балалар үйінің түлектеріне арналған 80 пәтерлі коттедж қалашығы, Алматыдағы 1 200 орынға арналған орта мектеп және нысандарды салу кезінде барлық салықты, оның ішінде ҚҚС-ты мемлекетке толығымен аударуға мәжбүр болды. ҚҚС бойынша төлемдердің жалпы сомасы 365 миллион теңгені құрады. Ал Еуроодақ елдерінде, мысалы ҮЕҰ-ға қатысты салық заңнамасы бұл ұйымдарды «қоғамдық мүддеде жұмыс істейді» деп жіктейді де, ҚҚС төлеуден босатады. Сонымен қатар КЕҰ сатып алатын тауарлар мен қызметтерге ҚҚС мөлшерлемесін төмендету қарастырылған. Тіпті, Ресейде де құрылыс жұмыстары ҚҚС-нан босатылады», – дейді ол.Тағы бір мәселе, біздің елде қорлар жұмыс істейтін өңірде инфрақұрылымды қалыптастыруға да, байланыс құралдарынан да ешқандай көмек болмайды екен. Ал әлеуметтік нысандарға арналған жер телімдері қала орталығынан, өркениеттен алыс жерден беріледі. Сондай-ақ әкімдіктерде ҮЕҰ-мен серіктестік жасаудың құқықтық механизмі мүлдем жоқ көрінеді.
«Бізде (Қорда – ред.) бар жалғыз ресми құжат – әкімдік пен қор арасындағы меморандум, іс жүзінде заңды күші жоқ келіссөз. Бұған жергілікті жердегі шексіз ротацияны қосыңыз, әр кездесуден кейін бәрін қайта бастауға тура келеді. Бұл аз десеңіз, құрылыс аяқталғаннан кейін нысанды қала балансына беруде мәселе туындайды. Жергілікті жердегі бюрократиялық кідірістер, жұмыстардың кәсіби дәрежеде болмауына байланысты бұл процедура кейде бірнеше жылға созылады. Біздің елде ешкімге жаңа мектептер, ауруханалар, мұражайлар қажет емес сияқты көрінеді...» – дейді қор жетекшісі.Жалпы, қайырымдылық қорлары басшыларын халықтың ҮЕҰ-ға деген көзқарасын түбегейлі өзгерту үшін мемлекет пен қоғам тарапынан нақты қолдау қажет деп санайды. Ол үшін ҮЕҰ мен әкімдіктердің ынтымақтастығының құқықтық базасын әзірлеуді, қайырымдылық саласындағы, соның ішінде ірі әлеуметтік нысандар салу кезіндегі салық заңнамасын жақсартуды ұсынады. Бұл ұсыныстар Қайырымдылық туралы заңда қалай көрініс табарын уақыт көрсетеді.