«Жастар жылы» аясында республика деңгейінде алғаш рет «Кітапхана әлемі – жастар әлеуеті мен жүзеге асырылатын мүмкіндіктер мекені» атты жас кітапханашылардың I слеті өтті.
Іс-шараны Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана ұйымдастырды.
Негізгі мақсат – жас мамандардың шығармашылық қабілетін айқындау, осы салада тың әдістерді енгізу, ұжымда позитивті жұмыс тәртібін қалыптастыру, кітапханашылардың өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру.
Екі күндік жас кітапханашылар слетінде облыстық, қалалық арнайы кітапханалар мен арнайы бөлімдердің басшылары бірқатар мәселені талқылады.
«Қоғам трансформациясы – кітапханалар трансформациясы», «Қазіргі қоғамдағы кітапханалардың инновациялық қызметі» атты шеберлік сағаттары өтті.
«Global Inclusive innovation мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Ғалымжан Габдрешов зағип жандардың кеңістіктегі бағдарын анықтайтын Sezual тифлоқұрылғысын ойлап тапқан. Оның Sezual тифлоқұрылғысының көмегімен зағип жандар алдындағы кедергіні, оның қашықтығы мен биіктігін, қандай зат екенін 0.12 сек ішінде анықтай алатынын, қозғалатын заттарды (автомобильдер, жаяу жүргіншілер және т.б.) бақылауға мүмкіндік беретінін тәжірибе жүзінде көрсетті. Бұл технология алғашқы тәжірибелік сатыда Халықаралық ғалымдар кеңесінде сынақтан өткен.
Арнайы кітапханалардың интеграциясы, заманауи форматта дамытудағы өзекті мәселе – қазақ латын әліпбиін Брайль қарпіне көшіру. Жиында латын әліпбиінің Брайль қарпіне лайықталған жобасы таныстырылды.
«Арнайы кітапханаларда тифлотехникалық құралдарды қолдану» тақырыбында «САТР орталығы» менеджері Сергей Дядюля мен тифлотехникалық құралдарды қолдану бойынша нұсқаушы Анатолий Мигай құралдар мен оқулықтар жайында мәліметтер берді.
Зағип жандарға арнайы нүктелі-бедерлі қаріптегі аудио кітаптардың тапшылығы жайында мәселені көтерді.
Кітапханада зағиптарға арналған 248 410 кітап қоры бар «Кітапхана – руханият мекені» атты көрме жасақталды. Нүктелі-бедерлі және үлкейтілген қаріптегі, жайпақ баспадағы әдебиеттер, тактильді, аудио кітаптар, фонографтар, фильмдер жинақталған. Қазіргі уақытта түрлі классикалық туындылар, орфографиялық, ғылыми фантастика, көркем әдебиеттер, сондай-ақ шет тілінде жазылған әдебиеттер қордан орын алған. Кітапхана жыл сайын 3 000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді.
Кітапханашының жұмысы — жауапты мамандық. Жалақының аздығынан кітапханашылар басқа салаға жұмысқа ауысып кетіп жатыр. Қазақстан бойынша зағиптарға 1 республикалық, 9 облыстық, 5 қалалық кітапхана мен 2 кітапханалық бөлім қызмет көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі зағип жандармен жұмыс істеу үшін ерекше шыдамдылық қажет.
Слетке қатысқандар зағип жандардың сұранысына қарай пайдалы деректерді жинақтап, біліктілігін арттыруға мейлінше қолдау білдірді.
Майра БАҚЫТ