«Қайрат» чемпион атана ма?
«Қайрат» чемпион атана ма?
223
оқылды
Турнирлік кестеде екінші орын­да тұрған елордалық ұжымның шабы­сы­ның шау тартқаны маусым­дағы сүреңсіз ойындарынан-ақ бай­қал­ды.  Чемпиондық тұрмақ еуро­ку­боктағы  іріктеу матчтарында да өзі­нен тәжірибесі аз, деңгейі мен бюд­жеті төмен командалардан же­ңіліп, жағдайының жақсы емес еке­нін көрсетті. Сөйтіп, жыл сайын Чем­пион­дар лигасы мен Еуропа ли­гасының топтық кезеңінде ойнап жүр­ген азулы командамыз осы жыл­ғы жолдамадан тыс қалды.Михал Би­лек тізгіндеген  команда мар­дымды ойын көрсетпек түгілі, ма­ңызды кездесулерде бір емес бір­неше рет білгенінен жаңылды. «Ас­тана аренаның» да жыры ұзаққа созы­лып, стадионсыз қалған команда сырт алаңда сенімді ойнай да алма­ды. Ақырында чех маманы қызметінен кетті. Бір сөзбен, бұл маусым «Ас­тананың» сәтсіз маусымдарының бірі болды деуге де болады. Бес дүр­кін чемпиондар қайта ес жиямыз де­генше чемпиондықтың да ауылы алыстап кететін болды. Турнирдегі басты қарсыласын 5 ұпайға ұзатып алған «Астана» футболшылары 21 ұпаймен әзірге 2-орында тұр. Олар 11-турда турнирдегі аутсайдер командалардың бірі маңғыстаулық «Каспийге» 1-2 есебімен есе жіберді. Абырой болғанда, «Қайрат» командасы да «Шахтермен» ойында қолда тұрған үш ұпайдан айырылып, тең есепті қанағат тұтты. "Каспиймен" ойын алдында чем­пионаттағы тар­тыс, коман­далардың деңгейі мен мүм­кіндіктері туралы «Ас­тана» футбол клубының баспасөз хатшысы Дмитрий Нес­теренко пікір білдірді. – Дәл қазір «Астананың» алдында күрделі міндет тұр. Ол – іш­кі бірін­шілікте топ жару. Әри­не, жеңіс оңайлықпен келмейді. Ол үшін әр ойында үздік болуың ке­рек. Өзге ко­мандаларға мықты­лығыңды дәлелдеу қажет. Осы жылы чемпиондыққа үм­іт­­кер ко­ман­далар, олар: алматылық «Қайрат», қостанайлық «Тобыл» және шымкенттік «Ордабасы» ко­мандалары. Кейінгі уақытта қы­зылордалық «Қай­сар» мен қара­ғандылық «Шахтер» де жүлделі орын­дарға таласатынын керемет ойын­дары арқылы көрсетті. Сон­дықтан жарыс соңына дейін алдағы орындарға талас қыза түсетін се­кілді – дейді ол. Көпшілігі осы маусымда «Қай­рат­тың» чемпион болатынын ай­тып алдын ала болжам жасауда. Өйт­кені құрамы жаңарған, қарқыны кү­­шейген алматылық команда мау­сымға дайындығын жақсы өткізді. Шпилевский де «Қайраттан» кет­кен Исаэль Барбоза, Жерар Гоу, Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат секілді үз­дік ойыншылардың ор­нын басатын футболшыларды ал­дырып, өзінің ко­мандасын жа­сақ­тады. Олардың ара­сында бра­зилия­лық сұрмерген Вагнер Лав­тың есімі ерекше аталады. Әрі ко­ман­да сапында чемпионаттағы ең қымбат футболшы польшалық Яцек Гуральский  бар. Сондықтан да шығар «Қайрат» маусым басталар ал­дында чемпиондыққа басты үміткер командалардың бірі атанып шыға келді. Алматылық ұжымның чемпион­атты жеңбегеніне тұп-тура 16 жыл бо­лыпты. Соңғы рет «Қайрат» 2004 жылы чемпион болған. Осы жылы Шпилевскийдің шәкірттеріне сол жетістіктерін қайталауға керемет мүм­кіндік туып тұр. Оның үстіне, осы жылы пандемияға байланысты елі­мізде карантин жарияланып, чем­пионат қатарынан екі рет тоқ­татылды. Қазіргі уақытта чем­пионаттағы барлық ойындар Алматы қаласында өтуде. Сондықтан әр ойынын өз алаңында өткізіп жатқан «Қайрат» үшін бұл да жеңіске жетуге үлкен мотивация. Айтпақшы, чемпиондыққа «Ас­тана» мен «Қайраттан» бө­лек, «Тобыл» мен «Ордабасы» та­ласатынын айта кеткен жөн. Қос ұжымның оған толықтай қарым-қабілеті жетеді. Құрамына үздік футболшыларды топ­тастырған Цхададзе мен Бабаянның командасы маусым соңында жақсы көрсеткішке қол жеткізуді мақсат тұтып отыр. Әсіресе, «Тобылдың» топ жаруға қауқары жетеді. Құрамында Карлос Фонсека мен Джереми Ман­зорросы бар команда алдағы «Же­тісумен» ойында жеңіске жетсе, «Қай­ратпен» арадағы ұпайы 5-ке дейін қысқарады. Шымкенттік «Ордабасы» коман­дасының да чемпиондыққа аз да бол­са мүмкіндігі бар. Бірақ топ жа­рады дегеніне сенудің өзі қиын. Өйткені маусымның басында Цхададзенің шәкірттері көп ұпай жоғалтып алды. «Жақсы құраммен жақсы көрсеткіш көрсете ме?» деп сенген мамандар бұл ұжымды үздік үштікке таласады деп болжап отыр. Жалпы, Ордабасының жыл сайын дәстүрлі түрде 3-орын алатынын еліміздегі футбол жанкүйер­лері де жақсы біледі. Ал «Жетісу», «Қайсар», «Шахтер», «Тараз», «Қызыл­жар», «Каспий», «Оқжетпес» клуб­тары турнирлік кестенің орта­сынан ойып тұрып орын алуды мақ­сат тұтатыны белгілі. Расын айтар бол­сақ, олар үшін тө­менгі лигаға түсіп қал­маудың өзі үлкен жетістік саналады. «Каспий» командасымен ойы­н­нан соң «Астана» командасының бас бапкері Пол Эшуорт командасының чем­пионаттың соңына дейін күрес­етінін, чемпиондықтан үміт үзбей­тінін айтыпты. – Бүгін маусымдағы ең сүреңсіз ойындарымыздың бірін өткіздік. Бір есептен «Каспийдің» де жақсы ойнағанын айта кет­кен жөн. Олар бұл кездесуде же­ңіс­ке лайық болды. Ал біз өз мүм­кіндігімізді пайдалана алмадық. Әрине, жанкүйерлер ко­мандаға ренжулі. Енді еңсемізді тіктеп, алға ұмтылуымыз керек. «Қай­ратқа» қарсы матчта жеңіске жетуге бар күші­мізді саламыз. Өйткені бұл кез­десу чемпиондық үшін күресте ше­шуші рөл атқарады. Кейін ше­гінуге жол жоқ, сондықтан соңына дейін күресеміз, – деді «Астана» командасының бас бапкері. Кө­рей­ік, егер алдағы ойында «Ас­та­на» жеңіске жете алмаса, клуб бас­шылығы команданы чемпиондыққа жетелейтін жаңа бапкер іздеуі мүм­кін. Футболдан Қазақстан біріншілігі бел ортасына таяды. Чемпионат нақ қызған шағында десе де болады. Командалардың ойыны да ақырындап қалыпқа түсті. Енді 3-4 турдан кейін үздіктер де іріктеледі. Алда маңызды кездесу келе жатыр. 4 қазанда «Қайрат» пен «Астана» арасындағы кездесу өтеді. Қазақ футболының жанкүйерлері «Ел классикосы» деп айдар таққан матчта «Қайрат» қайрат танытып 3 ұпайды еншілесе, чемпиондыққа сенімді қадам жасайды. Ал «Астана­ның» асығы алшысынан түсер бол­са,  қос команда арасындағы ара­қашықтық 2 ұпайға дейін қыс­қарып, чемпиондыққа талас та қыза түседі. Қорыта айтқанда, бабын жоғалтқан «Астана» мен бағын іздеген «Қайраттың» ойыны чемпион­дық­қа таластың қашанға дейін жал­ғасатынын айғақтап береді.  

Абылайхан ЖҰМАШ