АҚШ Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтардың құқығын белден басты деп Қытай шенділеріне виза беруді тоқтатты
АҚШ Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтардың құқығын белден басты деп Қытай шенділеріне виза беруді тоқтатты
240
оқылды

АҚШ ҚХР Үкіметі мүшелері мен Компартия өкілдеріне елдегі ұйғырлар және өзге де азшыл топтардың құқығын белден басты деп визалық шектеу қоюда. Штаттардың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.

«Шектеу шаралары Қытайдағы Шыңжанда тұратын ұйғырлар, қазақтар және өзге де мұсылмандарға қатыгез қарым-қатынас жасау немесе оларды ұстауға жауапты Қытай үкіметінің мүшелері мен Коммунистік партия мүшелеріне қолданылады. Бұл шектеулер отбасы мүшелеріне де қатысты болуы мүмкін», - деді Помпео өз мәлімдемесінде.

Құжатта АҚШ Сауда министрлігі аталған іске қатысы бар 28 ұйымға, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздік Бюросы мен Шыңжаңдағы коммерциялық компанияларға америкалық тауарлар экспортына шектеу салынғаны жазылған.

«Америка Құрама Штаттары Қытай Халық Республикасын Шыңжаңдағы репрессияны тез арада тоқтатуға, негізсіз ұсталған адамдарды босатуға және шетелде тұратын қытай мұсылман азшылықтарының мүшелерін белгісіз тағдыр күтіп тұрған Қытайға оралуға мәжбүрлеуді тоқтатуға шақырады», - дейді Помпео өз мәлімдемесінде.

Қытай ішкі іске араласпауға шақырды

Вашингтондағы Қытай елшілігі АҚШ-тың қытайлық компанияларға визалық шектеулер мен тыйым салуы «халықаралық қатынастарды реттейтін негізгі ережелерді елеулі түрде бұзады, Қытайдың ішкі істеріне араласуды білдіреді және оның мүдделеріне нұқсан келтіреді» деп хабарлады. Қытай тарабының мәлімдемесінде «Шыңжаңда АҚШ талап еткен адам құқығына қатысты мәселе жоқ» деп жазылған. Қытай Вашингтонның айыптауларын «ішкі іске араласуға ойлап табылған алғышарт» деп отыр. Бұған дейін Бейжің «аймақта аса ауыр қылмыс жасамағандарды түзету ұйымдары» ғана бар екенін айтады. Бейжің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы діни экстремистер мен лаңкестердің ықпалында деп мәлімдеді.

Мәлімдемеде «Шыңжаң Қытайдың ішкі мәселесі екені және оған шетел тарабының араласуына жол берілмейтіндігі» айтылады.