Жәрдемақы мен өтемақы төлеу мәселесі талқыланды
Жәрдемақы мен өтемақы төлеу мәселесі талқыланды
306
оқылды
Жиынға мемлекеттік орган­дардың басшыларымен қатар коронавирус індетіне шалдыққан медицина қызметкерлері, үкі­меттік емес және қоғамдық ұйым­дардың өкілдері шақы­рылды. Жиында аталған мәселенің маңыздылығын атап өткен Мә­жіліс Спикері, «Nur Otan» партия­сы парламенттік фрак­циясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин биыл 22 қыркүйек­тегі жағдай бо­йынша аталған індетке шалдық­қан дәрігер­лердің жалпы санының 14%-дан астамына ғана, сонымен бірге қайтыс болған медицина қыз­меткерлері отбасыларының 13%-ға жетер-жетпесіне ғана төлем жүргізілгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Нұрлан Нығматулиннің індетке шал­дыққан медицина қызметкерлері мен қайтыс болғандардың от­басыларының төлемақысының төленбеу жағдайы құзырлы министрліктің әлеуметтік бөлім­дері арасында өзара іс-қимылдың жоқтығы мен ойластырылмаған қадамдарының нәтижесі екенін жеткізді. Сондай-ақ қазіргі кезде медицина қызметкерлерін қол­дау туралы Президенттің тап­сыр­маларын орындау үшін бар­лық жіберілген олқылықтардың ор­нын толтыру маңызды екені ай­тылды. Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жоғарыда аталған 4 064 өтініштің өзі фракция оты­рысы болатыны белгілі болған­нан кейін ғана жасалғанын айтты.
– Егер өткен 6 ай ішінде 2 475 өтінім берілсе, соңғы санаулы күндер ішінде 1 589 өтінім бе­рілген. Яғни, берілген өтінімдер саны 1,6 есе артып, ал өтемақы төленген адамдар саны 2 есеге дейін өскен. 6 ай ішінде барлығы 1 830 дертке шалдыққан дәрігер өтемақыға ие болса, соңғы біраз күнде 1 665 дәрігерге төлемақы беріліп үлгерген. Қайтыс болған ме­ди­цина қызметкерлерінің отба­сыларына өтемақы төлеу бойын­ша да жағдай осындай, – деді Нұрлан Нығматулин.
Жағдайдың себебіне тағы бір себеп, коронавирус инфекция­сынан зардап шеккен және қай­тыс болған медицина қызмет­керлерінің көпшілігі аймақтық комиссиялардан растау ала ал­маған. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, жәрдемақылар мен өтемақыларды беру рәсімінің шамадан тыс бюрократтан­дырылуы да мәселенің оң ше­шімін табуына кедергі келтіріп отырған көрінеді. Атап айтсақ, оны алу үшін ауырғандар мен қайтыс болғандардың жақын­дарының өтініміне 5 жыл бұрын бекітілген инфекциялық аурулар ошағын эпидемиологиялық зерттеу картасы қоса берілуі тиіс. Ондағы талаптар коронавирус инфекциясының нақты бел­гілерін көрсетпейді, ал оны егжей-тегжейлі анықтау және сипаттау төлем мерзімдерін одан әрі кешіктіреді. Бұл Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің бір­жолғы төлем тәртібін анықтау бойынша 9 сәуірдегі бірлескен бұйрығына негіз болып отыр. Төлем жағдайына қатысты жіберілген қателіктердің тағы бір себебі, төтенше жағдай кезеңі аяқ­­талғаннан кейін қажетті бұй­рық­тың болмауы. Бұйрықтың тиісті жаңартылуы тек 22 шілдеде болған.
– Тек осы жерде, Мәжіліс қа­бырғасында, соңғы 2 күнде ты­ным­сыз жұмыстың нәти­же­сінде ғана сіздер дұрыс тетік­терді ой­ластыра бастадыңыздар, – деді палата Спикері.
Талқылау барысында, Нұрлан Нығматулин аймақтық комиссия жұмысын ұйым­дастыруға назар аудара келіп, оған Ведомствоара­лық комиссия тарапынан қажетті бақылаудың болмағанын баса айтты. Сондай-ақ комиссияларды құру кезінде де немқұрайдылық байқалғаны айтылды. Мысалы, еліміздің 17 аймағы бойынша барлығы 5 тиісті комиссиялар құ­рылған. Ал талап бойынша, негізі сәуір, мамыр айларында тағы – 4, маусым айында  5 ко­миссия құрылу керек бо­латын. Бұл тек коронавирус ин­фекциясы мен вирустық пнев­мония өршіп тұрған Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тамыз айында ғана қолға алын­ғаны белгілі болды. Аталған кемшіліктерді түзету үшін Мәжіліс депутаттары – «Nur Otan» партиясы фракция­сының мүшелеріне 30 күн уақыт берді. Талқылауды қорытын­дылаған Мәжіліс Төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин депутаттық корпус әрдайым бірлескен жұмысқа дайын екенін жеткізді.