Өйткені бәсекеге қабілетті болу дегеніміздің өзі дана Абай көксеген толық адамды қалыптастыру, оның санасын Елбасы міндеттеген рухани жаңғыру арқылы жетілдіріп отыру және Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында айқындағандай, еңбек нарығында сұранысқа ие, білікті мамандарды даярлауды бастау болса керек. Соның ішінде, ұлттық өнерімізді сапалы мамандармен қамтамасыз ету, олардың білім алу жүйесін қайта қарап, әлемдік стандарттарға сәйкес дамыту деп білеміз. Егер Еуропаның өнер саласындағы үздік педагогикасы мен практикасы толығынан тұғыр етіп алынса, онда осы жүйеде білім-ғылым-технологиялық жаңғыру жүзеге асар еді. Мәселен, өнер, білім ордаларын тәмамдау кезінде болашақ композиторлар, аспаптарда ойнайтындар және орындаушылар үшін теориядан жазылатын диплом жұмыстарының орнына өздігінен, өз жанынан шығарма жазуына (шығаруына) немесе бірнеше аспаптарда әйгілі шығармаларды орындау шеберліктерін көрсетуіне мүмкіндік туады. Сонымен бірге Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында елдің дамуының басты тетігі болып табылатын – ғылым саласын дамыту туралы да айтылды. Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты, яғни тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отырғаны сынға алынды. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондықтан ұлттық өнер саласындағы ғылымды жалпыұлттық ғылыми басымдықтар қатарына енгізуді қажет деп санаймыз. Өйткені нақ осы саладағы кәсіби өнер адамдарының, ғалымдардың әлеуметтік жағдайы, алатын еңбекақысы ұлттық өнеріміздің дамуына тежеу болып отырғаны жасырын емес. Оның үстіне, жоғары оқу орындарын, консерваторияны бітірген мамандардың (педагог немесе артист) статусы әлі күнге анық айқындалмаған. Ал мұндай шығармашыл, талантты тұлғаларды көтермелеп, қолдаудың жолын табуда көрші мемлекеттердің тәжірибесі де назар аударады. Еліміздегі жоғары оқу орындарында сапалы кадрлар даярлау ісінде мынадай нақты ұсыныстарды қарауды сұраймыз: 1. Өнер саласындағы ғылымды теориялық, практикалық деп екі бағытта дамыту керек. Мысалы, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев театр теоретигі емес, бірақ олардың тәжірибесі ғылым деңгейін көтере алады, яғни олардың дәрістерін студенттер аудиториясына пайдалану керек. Осындай жағдай композиторлар мен жеке орындаушыларға да қатысты болса дуальдық жүйе жанданады. 2. Өнертану саласындағы ғалымдардың, классикалық және дәстүрлі мектептерді сақтаушы орындаушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Бұл, әсіресе жоғары оқу орындарындағы ғалымдар мен ұстаздарға қатысты. Театр, филармониялардың концерттік саясатында кәсібилік сапаны өсіру керек. Яғни, әуесқойлық творчество мен оның насихаты классикалық және дәстүрлі ұлттық өнерден басым болмауы тиіс. 3. Ғылыми дәреже беру мен қауымдастырылған лауазым саясатын әлемдік талаптарға сай түбегейлі өзгерту керек. Яғни, өнерпаздың ресми дипломы емес, шығармашылығы, сіңірген еңбегі, қайраткерлігі бірінші орында тұрғаны жөн. Дәрежелерді беру қағидаларын бекіту туралы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №127,128 бұйрықтарына тиісті өзгерістер енгізу – уақыт талабы. 4. Қазіргі кездегі ғылыми жобалар мен ізденістер кеңестік кезеңдегі әдістеме-талаптардан арыла алмай отыр. Еліміздегі зерттеу институттарында методологияны ұлттық құндылықтарға мейлінше жақындату керек. Ғылыми жаңалықтың тәжірибеге тиімділігі ескерілуі қажет деп ойлаймыз. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңының 27-бабына сәйкес, заңда белгіленген мерзімде жауапты жазбаша беруіңізді сұраймыз».
Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты